Нарбол Қашаған, «TALAS tynysy».
Тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға баспаналы болу бақыты бұйырды. Апта ортасында қалада көппәтерлі екі бірдей тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның бірі-Б.Момышұлы №10 үй болса, екіншісі қала орталығында орналасқан, қайта жаңғыртудан өткен 3 мөлтек ауданындағы №16 үй. Қаланың сәнін, көшенің көркін келтірген әр үйде 96 пәтерден бар. Осылайша, 192 отбасының тілегі орындалып, баспаналы болды.
Тұрғындардың қоныс той қуанышымен бөлісуге аудан әкімінің міндетін атқарушы Медет Үрістенов арнайы келіп, пәтер иелеріне ізгі тілегін білдірді.
— Елімізде тұрғын үйге мұқтаж отбасыларын баспанамен қамту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі жобалар қабылданып, іске асырылуда. Қаламызда да бос қалған көппәтерлі тұрғын үйлер мемлекеттік бағдарлама аясында қайта жаңғыртудан өткізілді. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келген үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларына берілуде,-деген Медет Әбдімашұлы пәтерлі болған отбасыларды жаңа қонысымен құттықтады.
Сондай-ақ, салтанатты рәсімде аудандық мәслихаттың төрағасы Кәдірбек Садубаев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Базылхан Тоқтыбаев қуанышқа кенеліп жатқан отбасыларына тілеулестік танытып, жылы лебізін білдірді.
Мұнан соң М.Үрістенов, С.Әбсадықұлы, К.Садубаев отбасы мүшелеріне жаңа пәтердің кілтін салтанатты жағдайда табыс етіп, көппәтерлі үйдің лентасын қиды.
Жалпы, қала бойынша қазіргі таңда 1434 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Биылғы жылға 372 пәтер беру жоспарланған. Бүгінге дейін 272 азамат пәтерлі болды. Қалған 100 пәтердің кілті тұрғын үй кезегіндегі отбасыларға алдағы уақытта табыс етілетін болады.
Алдыңғы жазба
Келесі жазба