Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік және оның алдын алу

0 37

Отбасы қатынастары қоғамның ерекше құндылығы болғандықтан, отбасындағы моральдық және этикалық құндылықтардың сақталуы жастардың болашағына зор әсерін тигізетіні мәлім.
Қазіргі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына және оның өмір бойы басқа адамдармен қарым-қатынасына ықпал етеді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Отбасы – бұл қоғамның бір бөлшегі. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады.
Мемлекет тарапынан да тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне көптен көңіл бөлінуде. Оның бірден бір дәлелі, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату туралы көтерген мәселесі.
Соңғы жылдары осы саладағы заңнама талаптарын бұзғандардың жауапкершілігін арттыру бойынша бірқатар шаралар қолданылуда.
Мәселен, 2023 жылдың 1 шілдесінен қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2023 жылдың 20 сәуіріндегі Қазақстан Республикасының Заңы. Сонымен қатар, баршаға мәлім, ағымдағы жылдың 15 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Аталған заң жобасы қоғаммен қызу талқыланғандығы да белгілі жайт.
Жаңа заңмен әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Кей тұстарда заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жаза қылмыстық жазаға ауысты. Демек, отбасының ойранын шығарып, жұбайы мен бала-шағасына қол көтергендер енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес әрекеттер үшін қылмыс­тық жауапкершілік енгізілді. Бұл жаза түрі мен мөлшері бойынша да біршама өзгерістер тудырады.
Енді, жаза түрі мен мөлшері 80-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қо­ғам­дық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бос­тандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Педофилдік әрекет жасап, жәбірленушіні өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, кәмелетке толмаған 16 жасқа толмаған балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу қолданылады.
Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айыр­ғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмаған баланы ұрлау – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қарастырылған.

Қ.Ізбасаров,
Талас аудандық сотының судьясы.