Өмірі қысқа, өлеңі өміршең…

0 24

«Tt» — ақпарат».

Серік Томанов өмір мен өлеңнен шындық іздеген тағдырлы ақын. Өлеңді, өнерді пенделіктен биік қойған ақынның әрбір туындысы шындыққа құрылған. Сондықтан да оның әрбір өлеңі өміршең. Небәрі 47 жыл ғұмыр кешсе де өз жолымен жүріп, өз биігін жасап кеткен шайырдың есімін туған елі ұлықтап, еске алды. Ақынның кіндік қаны тамған Тамабек ауылында өткен шараға замандастары, қаламдас әріптестері, шәкірттері мен қалың оқырманы жиналды. «Өмірі қысқа, өлеңі өміршең, Таластың сері Серігі» атты еске алу кешінің шымылдығы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының өнерпаздары ақынның өмір жолынан қойған шағын театрландырылған қойылыммен түрілді.
Қысқа ғұмырында артына өшпес мол мұра қалдырған сыршыл ақынның «Пәруана», «Жұлдыздан терем өлеңді», «Тығырық», «Адасып жүрген ақбөкен едім» атты өлеңдер жинағы уақытында оқырманынан биік баға алған. Серік Томановтың «Аққулар», «Қызыл көйлек киген қыз», «Сатушы қыз», «Аузынан айдың түскен қыз» секілді бірнеше өлеңіне Орынбасар Әбжаппаров, Сәрсенбек Бәкір сынды жергілікті композиторлар ән жазған. Еске алу кешіне арнайы келген Сәрсенбек Бәкір «Аузынан айдың түскен қыз», «Соғады сен деп жүрегім» сияқты танымал әндердің жазылу тарихымен бөлісті, көпшіліктің сұрауымен өзі шырқады. Шарада сондай-ақ, Серік Томановпен тай құлындай тебісіп қатар өскен, балалықтың бал дәуренін бірге бөліскен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, танымал айтыскер ақын Шорабек Айдаров Таластың топырағында, аядай ауылда туып, талантымен талайды мойындатқан ақын жайлы терең толғанды.
Тегінде, әйел адам үшін ақынға жар болу оңай емес. Ақынның мінезі, болмысы өзгелерден ерек болатыны ақиқат. Кеш барысында тағдырлы ақынмен бірге жасасып, өмірдің ыстық-суығына бірге төзген өмірлік жары Бибігүл Оразбаева да сөз алды. Ол жарының көзін көргендердің еске алу кешіне келгеніне ілтипат білдіріп, кешті ұйымдастырушыларға алғыс айтты. С.Томановтың атақ-мансап қумағанын, Алматы қаласындағы қызметін тастап, елге оралуды, шығармашылықпен ел ішінде жүріп айналысуды жаны қалағанын сөз етті. Жарының балаларына үнемі «Кітап оқыңдар, кітап оқыған адамнан жамандық шықпайды», деп ұл-қызына әке ретінде дұрыс тәрбие бергенін, қасында кілең жақсы адамдар жүргенін, ақынның «Жұрт мені өмірден көшкеннен кейін іздейтінін ішім сезеді, сол кезде сен мен туралы естелік айтып отыратын боласың» деген сөздерін тебірене еске алды.
Серік Томановтың сынды сыршыл ақынның қасына бала кезінен еріп, өзін ақынның шәкірті деп білетін ақын, Жамбыл облыстық «Мерзім» газетінің бас редакторы Азамат Есалы да естен кетпес естеліктерімен бөлісіп, қарымды қаламгердің рухты өлеңдерін оқыды.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова Серік Томанов атындағы аудандық жазба ақындарының мүшәйрасына қатысқан, ақынға арнау жазып, үздік деп танылған жас ақындарды марапаттады. Кешке арнайы келген Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Салқан Жамалов ақынның өлеңін оқыған жас оқырмандарға сый- сияпатын тапсырды.
Шара барысында сөз алған ақынның ұлы Еркін Жапаров әкесі туралы тереңінен ой тербеп, аты алты алашқа танымал ақынның ұлы болу үлкен жауапкершілік жүктейтінін, кезінде әкесінен алған тәлім-тәрбиесі бүгінгі өміріне бағдар болғанын сөз етті.
Жыр аспанында жасындай жарқырап өткен Серік Томанов «Ақын деген атты алғаннан соң ақын болып қалу керек», деп, ақындықты тағдырына балаған шайыр «құс қанат» қысқа ғұмырында өлеңге адалдық танытқан ерен тұлға ретінде елінің есінде мәңгіге қалды.