Өнер – өмір өрнегі

0 35

Ернар ӘБДІРАЗАҚ, «Talas tynysy».
Мәдениет пен өнер мерекесі мәдени мұраны сақтаудың, патриотизмді қалыптастырудың және қоғамның жалпы мәдени дамуының маңызын айрықша көрсетеді. Соңғы уақытта ауданымызда өткізілетін түрлі мәдени іс-шаралардың, халықты ән-жырмен сусындататын концерттік бағдарламалардың ұйымдастырылу сапасы артып, форматы да өзгеріп келеді.
Сөзімізге дәлел, 21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні мерекесіне орай «Open Air» форматында өткізілген ашық аспан астындағы кеш. Салтанатты шара Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы ұжымының ұйымдастыруымен қаламыздағы «Батырлар аллеясы» алдында өтті. Мерекелік шараға былдырлаған баладан еңкейген қартқа дейінгі қала тұрғындары, ауданның зиялы қауым өкілдері көптеп жиналды. Кеш жүргізушілері шараны еркін форматта өрбітіп, қазақы қалжыңмен көрермен қауымның көңілін көтере білді. Әншілер әсем әндерін орындап, «Шашу», «Hustle dance» би топтары мың бұрала би биледі.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасарлары мен бірқатар бөлім басшылары мәдениет саласында табысты еңбек етіп жүрген өнерпаздарды «Жылдың үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың үздік музыканты», «Жылдың үздік хареографы», «Жылдың үздік үйірме жетекшісі», «Жылдың үздік ұйымдастырушысы», «Жылдың үздік клуб меңгерушісі», «Жылдың үздік әдіскері», «Жылдың үздік ақыны», «Жылдың үздік өңдеушісі» номинацияларымен марапаттады. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Ш.Смаханұлының 100 жылдығына арналған облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, аудан мәртебесін арттырған «Талас» халық театры әртістеріне Қаратау қаласының әкімі Дархан Байымбетов «Жыл жетістігі» номинациясын табыс етті.
Осылайша, төл мерекелерін тойлаған мәдениет қызметкерлерінің мерекелік кеші жоғары деңгейде өтті. Аспан астында әуелеген әнге құлақ құрышын қандырған қала тұрғындары концерттік бағдарлама аяқталған соң көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.