Батырлар алаңындағы «Батырлар мекені» атты бокс кеші

0 20

Ернар ӘБДІРАЗАҚ, «Talas tynysy».
Қаратау қаласындағы Батырлар алаңында аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен Қазақстан және Өзбекстан құрама командалары ара­сында «Батырлар мекені» атты бокс кеші өтті. Айта кетейік, ашық аспан астында ұйымдастырылған мұндай ауқымды кәсіпқой бокс кеші ауданымызда алғаш рет өт­кізіліп отыр. Шараға ресми серіктес болған «Дубай Мангал» мейрамханасы. Айту­лы кешке ат терлетіп арнайы келген қонақтар да аз болмады. Олардың ішінде үш дүркін «Қазақстан барысы» атанған жерлесіміз Бейбіт Ыстыбаев, бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов, бірнеше халы­қа­ралық дәрежедегі төреші­лер мен бапкерлер бар. Отан­дық спортшыларды қолдап, бокс кешінің қызығын тамашалауға жергілікті жанкүйерлер де көптеп жиналды.
Кештің салтанатты ашылу рәсімде аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков пен облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов сөз сөйлеп, аудан тұрғындары мен кеш қонақтарына ыстық ықыластарын білдірді.
Былғары қолғап шеберлерінің байрақты бәсекесінде бес кездесу өткізілді, яғни, қазақстандық бес боксшы бес өзбекстандық қарсыластарымен шаршы алаңда жұдырық түйістірді. Рингке алғаш болып 69 келі салмақ дәрежесінде Әлішер Абдулалим мен өзбекстандық Жохонгир Файзуллаев көтерілді. Тартысты өткен кездесуде төрешілер шешімімен жерлесіміз жеңіске жетті. Екінші жекпе-жек 80 келіде өнер көрсеткен Аман Казанкапов пен өзбекстандық Сардор Рахмонбердиев арасында өрбіді. Нәтижесінде, жерлесіміз 3-ші раундта техникалық накаутпен кездесуді өз пайдасына шешті. 67 келі салмақ дәрежесінде өткен кештің үшінші кездесуінде ел намысын қорғаған Елнұр Сүйінбай қарсыласы Мамуржон Хамидуллаевты айқын басымдықпен тізе бүктірді. Жерлестеріміздің жеңісті жолын жалғаған Диас Молжигитов та 75 келіде қарсыласы Утеген Халимбектен басым түсті.
Жанкүйерлер асыға күткен кештің басты кездесуінде Бейбарыс Жексен мен өзбекстандық қандасымыз Саят Ильясов бақ сынасты. Тартысты кездесуде қос боксшы да бір-бірінен айла-тәсілдерін асырып, мықтылық­тарын таныта білді. Жекпе-жек төрешілер шешімі бойынша аз ғана ұпай басымдығымен жерлесіміз Бейбарыс Жексеннің пайдасына шешілді.
Бокс кешінде шаршы алаңға шыққан барлық спортшылар қаржылай сыйақымен марапатталды. Сонымен қатар бес кездесу қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен Әлішер Абдулалим мен Саят Ильясовқа демеушілер тарапынан қосымша арнайы қаржылай сыйлық табысталды.
Кездесулер арасындағы үзі­лісте аудан өнерпаздары пат­риоттық нақыштағы әндерін шыр­қап, отандық спортшы­лар­ды жеңіске жігерлендіре түсті.
Осылай­ша жоғары деңгейде ұйымдас­тырылған кәсіпқой бокс кеші өз мәресіне жетті. Кештен ерекше әсер алған қаратаулықтар мен қала қонақтары алаңнан жағымды көңіл күйде тарасты.