Жолданған сауалдар жауапсыз қалмайды

0 13

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Көктал ауылдық округі тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков көп­шілік тарапынан туындаған сауал­дарға жауап беріп, алда тұрған міндеттерді таныстырды.
Мұнан соң аудан әкімі балалар өнер мектебінде қала тұрғындарымен кездесті. Мекеме басшылары, ау­дандық мәслихаттың депутаттары және жергілікті тұрғындар бас қосқан жиында сөз алған қала әкімі Дархан Баймбетов биылғы жылдың 5 айында атқарылған жұмыстарды баяндап берді.
-Бүгінге дейін қала көлемінде 13 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әлі де шағын шаһарымызда 31 көше жөндеуді қажет етеді. «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында аталған көшелерді 2027 жылға дейін аяқтап біту жоспарда бар.
Жыл басынан бері 3 мөлтек ауданындағы №75, Ә.Ақшораев көшесі 1 үйдің ауласына ойын алаңшасы және стрит воркаут алаңын, ал Б.Момышұлы №9 үйдің ауласына ойын алаңшасы және резіңке жабындысы төселді. Қазір­гі таңда қаланың «городок» аталып кеткен аймағы мен темір жол иінінің арғы бетінде жеке сектор аумағында көшелерге жарықтар орнатылып, ойын алаңшасының құрылысы жүріп жатыр,-деген Дархан Тобашұлы алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстарға тоқталды.
Қала әкімінің сөзінше, тұрғын­дардың талап-тілегі бойынша жөн­деу жұмыстары жасалып жатқан «Ақжелкен» бассейні шілде айының басында пайдалануға берілмек. Жазғы демалыс орнына кіру бағасы қолжетімді болмақ. Отбасыларының әлеуметтік жағдайы да ескерілген.
Мұнан соң жарыссөзге шыққан Ш.Уәлиханов атындағы орта мек­тебі директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Болат Ахметов, ең­бек ардагері Молдияр Мырзахметов, ауданның Құрметті азаматы Базылхан Тоқтыбаев тұр­ғындар тілегінің ескеріліп жатқанын алға тартып, жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Жиын соңында тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген Нұрбол Жүнісбеков: -Алда атқаратын жұмыс көп. Барлығы елдің игілігі мен қаланы көркейтуге арналады. Мәселен, қалаға кіре беріс «Рухани жаңғыру» аллеясына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Алайда жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаражат та аз болмай тұр. Сонымен қатар, биылғы жылы Б.Момышұлы көшесінен бір көппәтерлі үйді қал­пына келтірмекпіз. Жаңғыртудан өткен тұрғын үй пәтер кезегінде тұр­ған азаматтарға беріледі. Қазір «Игілік» көпсалалы кәсіпорнының қазандығын жөндеп жатырмыз. Нысан 2013 жылғы қатты дауылдан кейін жөндеу көрген жоқ. Тағы бір жағымды жаңалық аудандық орталық аурухана жанынан қосымша ғимарат соғылады. Яғни ауданаралық көпбейінді аурухана құрылысы басталмақ. Жобалық-сметалық құжаттары әзір. Мұнда Сарысу мен Талас ауданының тұрғындары ем қабылдайтын болады,-деді.
Жиынды қорытындылаған Нұрбол Әбдімәжитұлы республика көлемінде қолға алынған эколо­гиялық акция аясында қаланы абаттаныдру, көріктендіру және көгеріштендіруге белсене атса­лысқан азаматтарға Алғыс хат пен арнайы сыйлықтарды табыс етті.