Тұлға рухына тағзым етті

0 14

1993 жылдың 22 тамызында халық аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты ақтық сапарға шыға­рып салды. Күллі қазақтың қабырғасын қайыс­тырған қаралы күнге биыл 31 жыл толып отыр.
Д.Қонаевтың ел басқару ісіндегі парасаттылығын, мемлекет дамуындағы үздік нәтижелерін республика халқы әлі күнге ерекше ілтипатпен еске алады.
Қалың ел бұл датаны Дінмұхамед Қонаевты еске алу күні ретінде белгілеп, өнегелі өмір жолын жас буынға дәріптеп келеді.
Таутұлға рухына тағзым етуге келген қауым бұл күні қаладағы Д.Қонаев мұражайы­ның жанына жиылып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан соң аудан әкімдігі бастаған мекеме басшылары мен қызметкерлері ұлт тұлғасына орнатылған мүсінге гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты рәсімнен соң ұйымдастырушылар тарапынан Дінмұхамед Қонаевтың әруағына дұға бағышталып, дәм берілді.

***

Дәл осындай еске алу жиыны Ақкөл ауылдық округінде де ұйымдастырылды. Округ орталығында орналасқан Д.Қо­наевтың еңселі ескерткішіне жиылған тұрғындар гүл шоқта­рын қойып, рухына тағзым етті.
Жалпы, көзі тірісінде Дінмұхамед Қонаев ата-бабалардың құтты қонысы болған Талас топырағына екі рет табаны тиген. Соңғысы аудан әкімі Ералы Дадабаевтың және таластықтардың шақыртуымен 1992 жылы жолы түскен еді.
Д.Қонаевтың 100 жасқа толған мерейтойы да халықтың қалауымен осы Ақкөл ауылдық округінде аталып өтті. Ары-бері қатынаған адам назарын аудара­тын еңселі ескерткіш Ақкөлде таутұлғаның 90 жыл­дығына орай бой көтерген бола­тын. Былайғы жерде бұл ескерткіш ауылдың көркін ғана ашып тұрған жоқ, жергілікті тұрғындардың да арнайы келіп, тағылым алатын қасиетті орнына айналған.

Ұлана Омарова,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика
факультетінің студенті.