Талас аудандық тарихи — өлкетану музейіне 35 жыл

0 40

Өңір тарихы мен руханиятының айнасы

Қай елде болмасын музей сол елдің өткен тарихы, бүгінгі жетістіктері, келешекке ұмтылған бағыт — бағдарын айқындайтын мәдени мұрасы. Салт — дәстүр, ғұрып — әдет, мәдениет, патриоттық сана — сезім, туған жерге деген сүйіспеншілік сияқты баға жетпес байлықтарымызды сақтап, өлкеміздің өткені мен бүгінін жалғап жатқан бірден — бір тарихи мекені. Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Өңірдің мол мұрасын жаңғыртып, тарихын таразылар Талас аудандық тарихи – өлкетану музейінінің құрылғанына 20-шы тамызда 35 жыл толды. Тарих үшін қас- қағым сәт болғанымен, осы жылдар ішінде музей аудан руханиятының киелі ордасы болып қалыптасты деп нық сеніммен айта аламын.
Талас аудандық тарихи және өлкетану музейі алғаш 1989 жылы 20 тамызда сол кездегі Талас ауданының орталығы Ақкөл ауылында ашылды. Ауданда музей ашу туралы Қазақстан Компартиясы Талас аудaндық комитетінің бюросы мен Халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің «Ақкөл селосында қоғамдық негіздегі ауданның тарихи және өлкетану музейін ашу туралы» 22 сәуір 1989 жылы №146 қаулысы қабылданды. Бұл сол уақыттағы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Омаров пен Халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болған Т.Сейдуановтардың азаматтық бастамасы болатын.
Музейді ашудағы мақсат- аса бай тарихы бар, тарихи-мәдени мұралары есте жоқ ескі заманнан жеткен ежелгі адамдардың Тәңірқазған, Бөріқазған, Ақкөл және тағы басқа тұрақтары, тасқа қашап салынған суреттер, таңбалар, Кенджак, Берукет, Пергант, Тектұрмас, Ақтөбе ерте ортағасырлық қалалары, ХІІІ-ХҮІІІ ғасырлар аралығындағы Ақкесене, Атбайлар, Жаңақорған, Қызылқорған бекініс мұнаралары және ХІХ-ХХ ғасырлар тұсында осы өңірді мекендеген халықтардың тарихи жадын тірілту арқылы аудан тарихын музей экспозицияларымен көрсету болатын.
Бұл бастаманы аудан халқы аса зор құрметпен құптады. Жер-жерге, ауыл-аймаққа, шаруашылықтар мен мекемелерге өкілдер жіберіліп, бас-аяғы 4-5 айдың көлемінде жалпы саны мыңға тарта мұрағат, жәдігерлер, құжаттар, жадыхаттар жинастырылып алынды. 90-шы жылдардың тұсында Кеңестер Одағы ыдырап, Тәуелсіз Қазақстан Республикасы егемендік алған алғашқы жылдар кезеңіндегі қиындықтар кезінде аудандық музей Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып жұмыс істеді. Осы тұста облыстық басқару органының қаржылай қолдауымен музейдің 4 штаттық қызметкері тіркелді. Ал музей меңгерушісі болып таластық айтыскер ақын Шорабек Айдаров жұмыс жасады.
1997 жылы Талас ауданының орталығы Қаратау қаласына ауыстырылуына байланысты аудандық музей Қаратау қаласына көшіріліп алынды. 1995-1997 жылдары Қаратау қалалық тарихи-өлкетану мұражайының, ал 1997 жылы аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры қызметін Сабыр Қылышбек атқарды. Музейдің экспозициялық көрме қойылымдары мен мұрағаты аудандық мәдениет үйінің екінші қабатынан бөлінген мекен — жайға жайғасты. Оның алаңы екі жүз шаршы метр болды. Мақсат — мұражайды сақтап қалу болатын. Бұл жерде мұражай 1997 жылдың маусым айына дейін қызмет жасады. Мұнан соң, музейдің мекен — жайына қаланың бұрынғы орталық алаңында орналасқан «Горняк» кинотеатрының үйі берілді.
1998 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бірқатар мәдениет мекемелері кәсіпорындар болып құрыла бастады. Соның нәтижесінде аудандық мұражай «Талас ауданының тарихи-өлкетану мұражайы» Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылып, заңды тұлға ретінде жарғысы және өз алдына жеке есепшоты бар, статистикалық карточкасы ашылған ұжым болып қалыптасты. Бұл жағдай 1999 жылдың басынан жүзеге аса бастады, ол кезде ауданда қаржы тапшылығы сезіліп тұратын. Соған қарамастан, қысқа жіпті жалғай отырып, музей жұмысы жалғасын тапты. Музейдің бұрынғы 5 саласына қосымша Қаратау фосфорит бассейінінің тарихы, Қала тарихы және табиғат сияқты тағы 3 сала қосылып, ұлғайтылды. Музей директоры Сабыр Қылышбектің басқа жұмысқа ауысуына байланысты, 2007 жылдың 22 тамызынан бастап «Талас аудандық тарихи-өлкетану музейінің» директоры болып Талас ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ақын Нарша Қашағанұлы бекітіліп, басшылық қызметті өмірінің соңы, 2013 жылдың 16 ақпанына дейін атқарды.
2009 – 2010 жылдары музей ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, іші осы заманға сай безендірілді, жаңа қабырғалық витриналар қойылып, жаңартылды. Тумбалық витринаға жәдігерлер, ауданның құрметті азаматтарының жеке заттары орналастырылып, экспозиция залы тарихи құндылықтармен, қолөнер бұйымдарымен, зергерлік әшекейлермен толықтырылды.Бай тарихы бар, ерлік және еңбек дәстүрімен даңқы шыққан, ата салтын сақтаған, өзгеше өңірдің өнегелі жолы музейде осылай көрініс тапты.
2014-2016 жылдары музейдің директоры қызметін Қуаныш Дәурембеков атқарса, 2016 -2020 жылдар аралығында Есенхан Рымкұлов басшылық етті. 2015 жылы Талас аудандық тарихи – өлкетану музейі жаңадан жасақталып, ғимарат ағымдағы жөндеуден өтті. Қандай музей болмасын, ондағы жәдігерлер жұртты қызықтырып, тарихтан тағылым беретіндей болу керек. Осыған орай бөлімдерді жабдықтау барысында қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып Қазақстанның тарихы, экономикасы, мәдениеті мен өнері кеңінен әрі жан-жақты қамтылды. Келушілердің қызығушылығын туғызу үшін тақырыпқа сай макеттермен, суреттермен жабдықталды. Аудандық музей қазіргі таңда археология, этнография, палентология, Талас ауданының тарихы, тәуелсіз Қазақстан деп аталатын 5 бөлімнен тұрады. Мұнда 6010 мыңнан астам жәдігер жинақталған, 3800 жәдігер экспозиция залында, яғни негізгі қорда. Музейдің ғалымдар жинаған археологиялық топтамасы келушілерді Қазақстан аумағын ежелгі дәуірден орта ғасырларға дейінгі кезеңде мекендеген тайпалардың тарихымен, экономикасымен, діни көзқарасымен, қолөнерімен, архитектурасымен таныстырады. Бүгінде музейде келушілерге арнап этно — ауыл, театрландырылған көріністер, әдеби-монтаж ұйымдастырылады. Ауданымыздың мәдениетінің бет пердесі, бұқара халықтың рухани ошағы музей заман талабына сай жетілдіріп, көркейтілді. Талас аудандық тарихи — өлкетану музейінің қызметкерлері музей көрермендерімен бірге мәдени іс–шаралар өткізіп, мекемелерге жылжымалы көрмелер, арнаулы экспозициялық бұрыштар, тақырыптық көрмелер, білімгерлермен оқушыларға музейлік дәрістер ұйымдастырады. Келушілер бейнетаспалар арқылы жәдігерлермен, құнды экспонаттармен танысып тұрады. Осы саланың дамуымен өлке тарихын жаңғырту жолында еңбек етіп жүрген музей қызметкерлері, өз ісінің білгірлері. Өзінің 35 жылдық тарихында Талас аудандық тарихи- өлкетану музейінің жұмысы заман ағымына сай жаңартылып, қоры әр жылдары құнды жәдігерлермен толықтырылды.
Өңір тарихы – өңірдің айнасы, оның ертеңі мен болашағы да өткен тарихты бағамдауға тікелей байланысты. Сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмасы анық, сондықтан жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін үрдіс. Ауданның тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылатын музей де бұл үрдістен ажырамақ емес.

Ербол Наршаұлы,
Талас аудандық тарихи – өлкетану музейінің директоры.