Индира Еркінқызы, «Talas tynysy».
Өткен апта соңында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков ауданымызға жұмыс сапарымен келді.
Бекболат Серікбекұлы балалар өнер мектебінде ауданымыздағы мекеме қызметкерлері мен кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ринат Бекбосын ашып, Мемлекет басшысының Жолдауында нақтыланған тапсырмаларға байланысты алда атқарылатын міндеттер мен жұмыстарды тілге тиек етті.
Кездесуде сөз алған Бекболат Орынбеков Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауындағы басым бағыттарға егжей-тегжейлі тоқталды.
— Мемлекет басшысы биылғы Жолдауының беташарында елімізде өткен жылдарда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Онда Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданғанын, оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Сондай-ақ, ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енгендігіне де тоқталды. Әсіресе, әлеуметтік салаға, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінгендігін атап өтті. Президент азаматтардың мойнындағы бірнеше несиесіне де алаңдаушылық білдірді. «Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады»,- дегенді айтып, осы бағытта арнайы заңдар қабылданғандығын тілге тиек етті. Жолдауда айтылған алдағы міндеттердің 9 нақты бағыты елімізді одан да биік белестерді бағындыруға жетелейді. Айтылған мақсатқа жету үшін ел болып жұдырықтай жұмылып, еңбек ету қажет. Ол үшін бізде барлық жағдай жасалған.
Былтырдан бері халық арасында атом электр станциясын салу туралы стратегиялық жоспар кеңінен талқылануда. Еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін АЭС-ның қажеттілігіне көз жеткізіп отырмыз. Халық арасында қолдау тауып салынатын болса, соңғы технологиялармен, ғалымдардың жан-жақты елегінен өтетіндігін ескерген жөн. Әрбіріміз саналы азамат ретінде референдумда өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын, — деді Бекболат Серікбекұлы.
Кездесу жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Әсемов пен аудандық билер кеңесінің төрағасы С.Әбсадықұлы Жолдау жолдарына қатысты ойларын ортаға салып, қолдайтындықтарын жеткізді.
Сенат депутаты Бекболат Орынбеков жұмыс сапарының соңында қаламыздың жылыту маусымына дайындығын пысықтау үшін «Игілік» мекемесіндегі қазандықтарды көріп шықты. Атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты сын-ескертпелер жасады.
Келесі жазба