Индира Еркінқызы, «Talas tynysy».
Бүгінгі қоғам бір орында тұрақтауды құп көрмейді. Мұны жақсы түсінген жандар заман талабына сай білім алып, жаңа кәсіп бастап, игілікті іспен айналысып келеді. Сондай жанның бірі қаламыздың тұрғыны, көпбалалы ана Индира Тулеуова.
Индира Тулеуова қаламыздағы Шахтер көшесінен массаж жасау кабинетін ашып, оны қажетті барлық құрал-жабдықпен толықтырып, емделушілеріне сапалы қызмет көрсетіп отыр. Кабинеті кірсе шыққысыз, әрбір ісі тиянақты, барлық гигиеналық талаптар сақталған, жаныңа жылулық пен жайлылық сыйлайды. Мұны осы кабинетке бас сұққан әрбір жанға аңғару қиын емес. Мұның өз ісіне деген адалдық пен жауапкершіліктен болатын сөзсіз.
Индира іске бейім, жан-жақты. Жан-жақтылығы сол әйелге тән отбасындағы шаруасынан бөлек, сүйікті ісі, әрі кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол бұл кәсіпке атүсті келе салмаған. Бірнеше жылдан бері массаж курсын оқып, арнайы тәжірибеден өтіп, қыр-сырын әбден зерттеп-зерделеп келгендігін айтады. Себебі әрбір емделуші жанына жайлылық пен денсаулығының жасқаруын іздеп келетіндігін, сол жанның жанына батқан жерді дөп тауып, емшара жүргізу басты міндеті екендігін де тілге тиек етті.
Массаж кабинетінде Индира өз емделушілеріне төмендегі қызметтерді көрсетеді. Жалпы массаж, мойын қисығы, кіндік грижасы, дисплазия, рахит, гипертонус, вальгус, варус, майтабан сынды диагноз қойылған балаларға емдеу — денешынықтыру кешенімен бірге парафин, электрофорез, дренажды массаж арқылы қызмет көрсетсе, суық тиіп, шаншу қадалған, өзін жайсыз сезінетін ересектерге жалпы массаж, арқа массажы, аяқ-қол массажы, нервоз кезіндегі бет массажы, мойын аймағы массажы, банка қою, тұз алу және «от қою» сияқты емшараларды жүргізеді.
Кез-келген адам қан айналымын жақсартып, бойындағы суықты шығарып тұруы үшін мүмкіндігінше айына кемі 1-2 рет жалпы массаж алып тұрғаны абзал. Сондықтан да, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеп, денсаулығымызды күте білейік.