Өткен ұлу жылына өкпеміз жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында ағынан жарылып айтқандай еліміз басы аман, бауыры бүтін халық ретінде экономикамыз дамып, әлеуметтік салаларда оңды өзгерістер байқалды. Елдің бірлігі арқасында бұрын-соңды болып көрмеген жеті апаттың бірі су тасқынынан бүлінген зардаптар жойылып, талай жандар баспаналы болды. Ол жұмыс айтқанға оңай. Бірақ Мемлекет басшысының тікелей қадағалауымен Үкімет өзіне тапсырылған міндетті абыроймен орындады. Атырауда өткен құрылтайда Мемлекет басшысының ұлттың сапасын жақсартудағы бастамалары жүзеге асты. Елімізде көшпенділердің ұлттық спорттық бәсекесі өтті.
Міне соның барлығына сізбен біз куә болдық. Хал – қадірімізше еліміздің абыройын арттыру үшін үлес қостық. Әсіресе ардагерлер елдің бірлігін сақтау жолында, халықтық тәрбиені жаңғырту жолында аянған жоқ. Алқа билер кеңестері ел ішінде кездесетін дау-дамайлардың алдын алып, оны сотқа жеткізбей шешуде аянбады. Соның арқасында Талас аудандық билер кеңесі өткен жылы 180 ге тарта дау-шарды шешті. Соңғы жылдары қоғамымызға дендеп енген бес түрлі кесапатқа қарсы күрес туралы Парламентіміз заңдарға толықтырулар енгізгеннен кейін құқық қорғау органдарымен бірігіп жұртшылық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Зорлық – зомбылыққа, вандализмге, булингке, лудоманияға қарсы іс-шараларға қатысып, білгенімізді айттық. Бұқаралық ақпарат құралдарында мәселені көтердік. Тіпті оқу орындарында оқушылармен, студенттермен кездесулер өткіздік.
Әрине қандай мәселе болмасын бірді-екілі кездесулермен шешіле салмайтынын түсінеміз. Қордаланған мәселелерді шешу үшін ел болып күресу керек екендігін де түсінеміз. Сондықтан, атқарушы биліктің де қоғамдасып жұмыс жасауды қолға алып жатқанына қуанып отырмыз. Өйткені әр адамның жүрегіне жетпей, заң мен тәртіп үстемдік етпей, ойлаған жұмысымыздың оңға баспайтыны анық.
Біз Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тікелей басшылығымен ұлтымыздың ұпайын түгендейтін ірі бастамаларын қолдаймыз. Өткен жылдың соңына қарай облыстық ардагерлер кеңесі, асабалармен бірігіп тойды қайта жаңғыртудың жолын іздеп, ондағы ұлтымызға жат орынсыз қылжақтарды, бәтуәсіз, тәрбиелік мәні жоқ ойын-сауықтардан арылта отырып, даңғазалыққа, ысырапшылдыққа жол бермей, тойды халықтық тәрбиенің орталығына айналдыру жөніндегі ұсынысын құп көріп отырмыз. Ол туралы арнайы ереже қабылданып, ол басшылыққа алынбақшы. Бірақ барлық мәселені ережемен шешу мүмкін емес. Халық болып, әсіресе зиялы қауым өкілдері, сөзі өтімді ел ақсақалдары, құқық қорғау органдары, қолында қорамжалы бар кәсіпкерлер бірікпесе, бетімен кеткен тойдың, ақшаға құныққан асабалардың беттері оңайлықпен бұрылмайды. Тіпті ережені қатайтып, өркениетті елдердегідей бұл мәселені Парламент қабырғасында шешу керек сияқты. Әйтпесе, тойшыл қазақ қынадай қырылған короновирус кезінде де үкіметке бағынбай, халықтың қалтасын теспей соратын мейрамхана иелерімен бірігіп, мейрамханаға артқы есіктен кіріп, білгенін істегендері есімізде. Сол сұмдықты көріп тұрып, құзырлы органдардан құрылған комиссиямыздың кейбір мүшелері тойшылдардан пәре алып, көрсе де көрмеген болып жүрді. Олай болса, ұлт болып бұл кеселді жоямыз десек ұлы Абай айтпақшы өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтан іргемізді аулақ салып, есімізді жинайық ағайын. 4-5 сағаттық қызыққа бола қарызданып – қауғаланып той жасап ресторан егелері мен асабалардың асыраушысына айналмайық.
Естіп жүрміз, «ойбай тойға 50 адамнан артық қатыспайды деген не сұмдық?» деушілер көп. Мәдениеті дамыған елдер тойларын азғантай ғана топпен, даңғазасыз, дау-дамайсыз өткізіп, қуаныштарын бөліседі. Ертеректе тойдың саны аз еді. Тұсау – кесер, бесік тойға аз ғана адам жиналатын. Сүндет тойда солай өтетін. Жасы бірге толған баланың шындап келгенде ақыл есі де толық емес қой. Құр атақ, даңққа бола жұртты жинап, нені ұттың? Қандай тәрбие бердің? Оны айтасыз жақында ғана елге белгілі екі әртіс кезінде бет ашар тойымыз ойдағыдай өтпеді, қайтадан үйлену тойын жасаймыз деп ұлтымызда жоқ үрдісті шығарды. Атам қазақ келіннің бетін киелі санап бірақ мәрте ашпайтын ба еді? Бір оспадарлар елуге келген жігітті сүндеттейміз деп әлек. Бұл біздің рухани жағымыздан азғындағанымыздың белгісі емес пе? Еш елде жоқ, көрші елдер көріп тұрып күлетін, ессіз салт-дәстүрсымақты көріп, біліп отырып, зиялысымақтарымыз, ақсақалдарымыз неге қойыңдар деп айтпайды. Абай айтпақшы: «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат», — дегені қайда? Ілгеріде атамыз қазақ «той тондыныке» деуші еді. Әркімнің қуанышына шек қоя алмаспыз. Бірақ шет елде, мысалы: Германияда отырыс жасасаңыз, не кішігірім той өткізсеңіз жергілікті биліктен рұқсат алуың керек. Белгіленген уақыттан артық сіз той – думан құра алмайсыз. Осы тәртіп арқылы ол ел өзінің мәдениетті екендігін көрсетіп отыр. Біздің тойлар Африка құрлығындағы жұрт аяғы баспаған ну ормандағы тайпалардың тойына ұқсап бара жатыр. Артық айтсам кешірім сұраймын. Бірақ «дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады». Олай болса естілердің ақылына құлақ асып, көрінген нәрсені той жасап, ақырында қарызға батып, қарабет болмайық, ондайларды да көріп жүрміз, естіп жүрміз. Түйіндеп айтқанда заңмен той жасаудың жөн-жобасын, ретін белгілейтін кез келді деп түсінемін.
Облыс басшысының тағы бір бастамасы, биылғы жылды «Әулие ата-кітап оқитын өңір» деп жариялауы. Бұл да ақылдының ісі. Жасыратын не бар, орта жастағы буындар, жасөспірімдер ұялы телефонға жармасып, кітап оқуды мүлдем қойды десе де болады. Шет ел классиктерінің шығармаларын айтпағанда, әжелеріміз, аналарымыз ертегі айтуды қойып, бесік жырларын ұмытты. Осыдан 90 жыл бұрын қазақтың ұлы перзенттерінің бірі Б.Момышұлы бесік жырын айтпаған аналардан қорқамын деп жазып, көрегендігін көрсетті. Бесік жыры – тәрбиенің тамыры, ұлттың уызы. Ертегілеріміз елін сүюдің жол ашары. Бірақ оны түсінбейтін ұрпақ пайда болды. Шет елдің мән-мағынасы жоқ, орыстың Маша мен Медведі балғындарымыздың миын улауда. Айта берсе өкінішке ұрындыратын әңгіме көп. Аңыз-әңгіме айтатын ақсақалдарымыз, көксақалдарымыз тіпті бата да бере алмайды. Кешегі Кеңес дәуірінде «уралап», стақан соғыстырып жүріп, ұлттық сана-сезімнен ажырап қалғандай. Оны айтасыз ата сақалы аузына біткен ақсақалдар, ақ жаулықты аналарымыз тик-токка телміріп, ауыздарына келгенін көкіп отыр. Арзан әңгіме, қу сөзден қуырдақ қуыру сәнге айналғандай. Бірең – сараны Абайды, Мұхтарды, Мағжанды, Ілиясты, Шәкәрімді, Бейімбетті еміс-еміс білгенімен қазіргі заманның кеудесін ұрып, «классикпын» деп жүрген ақын-жазушларын біле бермейді. Өйткені, оларды насихаттайтын орта жоқ. Әлгі жазушы, ақындарымыз Шортанбайша жырлап, оқырмандарын шошытып алған. Бәрінің айтатыны ақыр заман. Кейбір ақындарымыз билікті мақтап, атақ, даңқ дәметіп жүреді.
Бүгінгі жастарды, орта буын өкілдерін кінәлаудан аулақпын, көзім көріп жүр, олардың дені қоғамның тамырын дөп басатын шет ел классиктерін оқиды. Ал енді біздің кейбір киногерлеріміз күлдіреміз деп, адамдарды бүлдіретін фильмдер түсіріп ала шапқын болып жүр. Арыға бармай-ақ соңғы жылдары экрандалған «Жездуха», «Әкем», «Тракторшының махаббаты», «Зың-зың Күлпәш» және сонымен қатар әйелдің паригін киіп алып масқара болып жүрген Адамбаевтың, шетелде бизнес жасаймын деп мазаққа ұшыраған Нұрлан Қоянбаевтың фильмдері менің ұғымымша көрерменге де, ұлтқа да абырой әперетін фильмдер емес. Оның есесіне қазақ алашшылдары туралы түсірілген фильмдер жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Мен Астанада «Оян, Қазақ!» деп аталатын фильмді көріп ұлттың намысы оянғанын, көздеріне жас алған қазақ жастарын көріп қуандым, тебірендім. Демек халықтың жүрегіне жақын, ұлттық сана-сезімді оятатын фильмдер халқыма ауадай қажет екен ғой деп ойладым. Бүгінгі жұртшылық, бүгінгі оқырманды өмірдің шынайы жүзін көрсететін шығармаларға сусап отыр. Ал қоғамымыздың бет-бейнесін шынайы көрсететін шығармалар, кітаптар жоқ емес баршылық. Соларды насихаттап, қалың жұртшылықты кітап оқуға тәрбиелей алсақ, бүтіндей ұрпағымызды дұрыс жолға салар едік деймін.
Түнеу күні Тараз қаласында Шерхан Мұртаза атындағы Рухани орталықта «Әулиата- кітап оқитын өңір» деп аталатын жиын өтті. Басқосуда өңір басшысы Ербол Шырақбайұлы кітап оқудың тәрбиелік рөлі жайлы өте ойлы баяндама жасады. Жиынға қатысып сөз сөйлеген шешендер де кітаптың рухани азық екендігін жеткізе айтып жатты. Ойларын ортаға салды. Барлық пікірлерге, ұсыныстарға менің де алып қосарым жоқ. Бірақ кітапты қалың жұртшылыққа қалай оқытамыз деген сауал мені де мазалайды. Жасыратын не бар, ана жылы кітапханалар жабылып, көбіміз қамығып қалдық. Қайтадан ашылып еді, бірақ оқырмандар санының көңіл көншітпейтіндігін көріп жүрміз. Оның себебінің бірі, жаңадан шығып жатқан кітаптарды насихаттау өте төменгі дәрежеде. Әйтпесе, шет ел тілінен аударылып жатқан жаухар дүниелер, қазақтың қазынасына айналған классикалық кітаптар жетерлік. Бірақ оған қызығушылық жоқ. Содан барып ойлаймын, бұған да бір тәртіп, ереже, заң керек ау деп. Жапон елінде әр адам жылына кемі 200-300 кітап оқысын деген талап бар екен. АҚШ та, Англияда, Францияда кітапханаларында адам кезегі үзілмейтін көрінеді. Олай болса, біздің зиялыларымыз, атқа мінерлеріміз, кәсіпкерлеріміз қу дүниені қуа бермей, кітап оқуға ұмтылса қайтеді деп ойлаймын. Ел басқарған ағаларымыз қарамағындағыларына кітап оқыңдар деп, өзі бастап үлгі көрсетсе қане. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде аудан басшылары апта сайын өткізілетін лездемелерде қарамағындағыларға қандай кітап оқыдың, қандай кино көрдің деп сұрап отыратын. Талап болған соң жаппай оқып, олар отбасыларынан да соны талап ететін. Оның несі қиын? Егер біз білімді болғымыз келсе, егер біз өркениет көшіне лескіміз келсе, онда әңгімені кітап оқудан бастау керек. Және оны қадағалап отыру басшы мен қосшыға сын. Айталық, құр ақылға құралған емес кәсіптің нешеме түрін үйрететін ақылды кітаптарды оқиық. Жаман әдеттен жирендіретін кітаптарды оқып, санамызға сіңірейік. Арзан күлкіге алданбайық.
Міне мен, облыста өткен жиында көңіліме осыларды түйдім. Қай нәрсені қолға алсақта орта жолда қалдырмай, соңына дейін жетейік. Ол үшін қаламгерлеріміз осы заманға лайықты шығармалар жазсын, елдің жүрегіне жол тапсын. Ақылшысына айналсын. Ондай жағдайда кітаптың оқылмай қалуы мүмкін емес. Әлемнің тәжірибесі солай деп отыр.
Сіз қалай ойлайсыз оқырман? Тек кітап қана емес газет, журнал оқиық. Кітап оқырмандар конференцияларын өткізуді, солар арқылы кітапты насихаттауды бүгін қолға алайық. Біз уақыт жоғалтып алдық. Рухани азығымыздан айырылсақ, ұлтымыздың қадір-қасиетінің айырылатынымызды есімізден шығармайық, ағайын.
Сәулембай Әбсадықұлы,
Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі.
Алдыңғы жазба
Келесі жазба