Архив — тарих, архив — шежіре, архив — құндылық
Талас ауданының мемлекеттік архивінің аудан тарихын кезең-кезеңімен өңдеп, тізімдемелеп, арнайы қораптарда, жылуы мен ылғалдылығы сәйкес температурада бақылауда көздің қарашығындай сақтап және сол құжаттар негізінде халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп отырғанына жарты ғасыр өтіпті.
Ең көне құжаттарымызға 100 жыл, бір ғасыр бойы құнын жоғалтпай сақталып отырған жәдігерлер-Талас ауданының болыстық комитетінің құжаттары 1925 жылдан басталады. Талас аудандық еңбекші депутаттар кеңесі атқару комитетінің, Талас аудандық сотының құжаттарына-98 жыл, ал Талас аудандық статистика бөлімінің, Талас қ/совхозының, Талас аудандық мемлекеттік банктың, Талас аудандық прокуратураның құжаттарына-95 жыл. Осылай зерделеуді жалғастырар болсақ архивте мысалға келтірер құжат жеткілікті, алайда бір ғасыр бойы құнын жоғалтпай, сиясы өшпей, тозып кетпей, бүгінгі таңға дейін құжаттардың ойдағыдай сақталып отырғаны әрине архившілердің көзге көрінбейтін, сырт адамға түсініксіз, инемен құдық қазғандай, тамшыдан теңіз құралғанындай үлкен еңбектің жемісі дер едім.
Қазақ ССР-і Министрлер кеңесінің 1975 жылғы 6 қаңтардағы 2-ө қаулысымен Жамбыл облыстық архивінің Қаратау филиалы ашылды, 2008 жылы «Талас ауданының мемлекеттік мұрағаты» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды, 2013 жылы «Талас ауданының мемлекеттік мұрағаты» КММ, 2016 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Талас ауданының мемлекеттік архиві» КММ, ал 2024 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасының «Талас ауданының мемлекеттік архиві» КММ болып атауы өзгерді.
1975 жылы Қаратау филиалына Жамбыл облыстық архивінен Талас және Сарысу аудандарының, Қаратау және Жаңатас қалаларының құжаттары берілді. Ал 1989 жылы Сарысу ауданында шаруашылық есеп негізінде архив ашылып, оған Қаратау филиалындағы сол ауданға тиісті жеке құрам құжаттары берілді, өмірлік сақталатын құжаттар Қаратау филиалында қалдырылды. Ал 1997-1998 ж.ж. Ақкөл ауылындағы ол архивте 1989 жылы ашылған еді Талас аудандық, Қаратау тау-кен химия комбинатының, «Қаратауфосфорстрой» трестінің жеке құрам архивтері жабылып, құжаттар қоры Қаратау филиалына қабылданды. Осы құжаттарды толық зерттеу, зерделеу, категорияларға бөліп қайта тізімдеу, СТК-ның ұйғарымымен мемлекеттік есепке алу архившілер үшін өте ауқымды және аса маңызды іс болды. Бұл жылдары көптеген мекемелер мен ұйымдар тоқырауға ұшырады, таратылды, кейбір мекемелердің ғимараттары мен дүние-мүлкіне дейін сатылды, құжаттары уақытында архивке өткізілмеді. Филиалда 1975-2000 ж.ж. 1 директор, 1 архивариус, 1 қор сақтаушы, 1 хатшы, барлығы 4 адам жұмыс жүргізіп келді.
Бүгінгі таңда архивте 12 адам, оның ішінде 7 негізгі маман, 2 кіші техникалық қызметкер еңбек етеді. 7 қоймада 271 қор, 65752 сақтау бірлік құжат, яғни тұрақты сақтауда-41966, жеке құрам-23294, жеке тектік-492 құжат сақталуда. Жыл бойы сақтаудағы құжаттардың жай-күйін тексеру, құндылығын сараптау, қайта жаңғырту, қалпына келтіру, қораптау, тізімдемелерді қайта өңдеу, жетілдіру, дезинфекция жасау, каталогтандыру т.б. жұмыстары тұрақты жүргізіліп отыр. 2024 жылы 2 қоймаға заманауи үлгідегі жылжымалы сөрелер орнатылды. Мысалы: 2024 жылы 6210 с.б, 477802 парақ құжат электронды-сандық нұсқаға көшірілді, 42 мекеменің істер номенклатурасы бекітілді, 11 мекемеге әдістемелік көмек көрсетілді, 48 мекеменің төлқұжаты дайындалды, мониторинг бойынша 11 мекеменің іс-құжаттарына түгелдеу жұмыстары жүргізілді. Архивке мемлекеттік сақтауға 7 ұйымнан 921 с.б. құжат қабылданды.
Анықтама үстелінің жұмысы жүйелі, жылына 3000-ға жуық архивтік анықтама дайындалуда. Мемлекеттік қызметті автоматтандыруға байланысты «Электрондық үкімет» веб-порталы, келушілер үшін «Өзіне –өзі қызмет көрсету бұрышы» бар.Архив ғимаратының бірінші қабатында мүмкіндігі шектеулі жандардан өтініш қабылдау үшін арнайы орын дайындалған. Күнделікті анықтама үстеліне әртүрлі сұрақтармен келіп, мамандардан кеңес алып кететін тұтынушылар да жеткілікті. Архивтің негізгі бағыттарының бірі құжаттарды пайдалану, яғни құжаттарды көрмелер арқылы халыққа насихаттау, таныстыру, баспаға жариялау, әлеуметтік сұраныстарды орындау және архивтік анықтамаларды портал арқылы немесе пошта қызметі арқылы сұраныс иесіне жөнелту заң аясында орындалуда. Архив «аудандық» болғанымен, қызмет көрсету аясы аудан халқымен шектелмейді, өйткені сұраныстар әлемнің әр түкпірінен келіп түсіп жатады. Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Татарстан, Германия, Греция, Ауғанстан т.б. елдердің азаматтарына да Қазақстан азаматтарымен бірдей мемлекеттік қызмет көрсетіліп отыр. Сұраныс иелері де бізге бөтен дей алмаймыз, соғыс жылдары Қазақстанға жер аударылғандар, 1954-1957 ж.ж. тың көтеруге келгендер, көпшілігі Кеңестік дәуірде ауданымызға оқуға, жұмысқа, әскер қатарына келіп, кейін қазақтармен ағайын-бауырдай болып кеткен, тұрақтап жұмыс істеген және 1990 жылдары еліне, жеріне жаппай қоныс аударған түрлі ұлт өкілдері. Сондай-ақ кезінде Қаратау қаласында түрме, әскери бөлім, Мәскеуге, Ленинградқа қарасты геологиялық барлау экспедициялары, Қырғыстанға қарасты кәсіпорындар, ауған балаларының интернаты болған. Демек жоғарыдағы сұраныс иелері түрлі себептермен, тағдыр талайымен қазақтың топырағында еңбек еткендер немесе осында туып, өскендер.
1975-2019 жылдар аралығында архив ісін дамытуға өз үлестерін қосқан, өзіндік қолтаңбаларын қалдырған алдыңғы толқын — басшылар: Рысқұлов Шымкент Рысқұлұлы 1975–1976, Әбдіманап Едігеұлы Қырықбаев 1976–1977, Исаева Зейнеп Қахаровна 1977–1978, Старонь Лариса Залееская 1979– 1980, Лайсова Ұлбала 1980–1985, Шумейко Лариса Алексеевна 1985–1991,Сүгіралиева Қалия Мәдібайқызы 1991–2005,Садықова Ғазиза Елубайқызы 2005–2006, Тырмышев Алмас Кенжебайұлы 2006–2007, Досымбеков Сатыбалды Досымбекұлы 2007-2013, Әбсадықов Мұхтар Сәулембайұлы 2013-2014, Тәттібаев Әнуар Базарұлы 2014-2018, Серікбаев Нұрхат Тірібосынұлы 2018-202 ж.ж., ал Мұхтаров Алмас Маратбекұлы 2019 жылдан бері басшылықта.
Ақкөл селосында 1989 жылы ашылып, 1997 жылға дейін халыққа қызмет көрсеткен аудандық архив басшысы Тұрабаева Болған, архивист Нұраханова Жәмила апайлардың да еңбектері де әрине халықтың есінде.
Бүгінгі таңда архивте 12 адам еңбек етеді, оның ішінде құжатпен айналысатын негізгі мамандары-7, көпшілігі дерлік көп жылдардан бері осы салада шыңдалған, барлығы жоғары білімді, білікті, өз ісіне адал, еңбекқор жандар. Олар: осы жолдардың авторы-З.Шекербек, Н.Сапарова, М.Абдибекова, М.Әкебеков, А.Нұранова, М.Асилова және ең жас маман-ААбилова. Олардың әрқайсысының атқарып отырған қызметіне қарай халық игілігі үшін, архив ісін дамытуға қосқан еңбектері зор.
Архив — тарих, архив — шежіре, архив баға жетпес –байлық, қоғам үшін маңызды құндылық. Архив ата-бабамыздың тарихын ғана емес, олардың арман-тілегін, ақыл-ойын, даналығы мен даралығын, парасаты мен үлгі-өнеге өсиеттерін, мәдениетін, ғылымын және тарихын, көздің қарашығындай сақтап, мыңдаған адамдардың тағдырынан сыр шертетін құжаттарды бір талдап жинап, келер ұрпаққа аманаттаушы ұйым-киелі орын. Ұрпақтар ауысса да, архив құжаттары мәңгілік сақталады және сол қалпында ұрпақтан ұрпаққа жеткізу –архившілердің қасиетті борышы.
«Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы N 326-I Заңының талаптары бойынша қорға келіп түскен әр құжатты мәңгілік сақтауға қабылдау,зерделеу,сақтау мерзіміне қарай жіктеу, хронологиясына қарай тізімдеу, сараптау-тексеру комиссиясының ұйғарымымен мемлекеттік есепке алу, пайдалану қағидаларына сай қоймаға орналастыру, әрбір құжатқа жас баладай күтім жасау, қоймалардың жылу тәртібі, ылғалдылығы, тазалығы, құрт-құмырсқадан қорғау үшін дәрілеу жұмыстары арнайы бекітілген архившілердің қатаң бақылауында.
Архивте Таластың болыстық комитетінің 1925-1930 ж.ж., Талас ауданының 1927 жылдан бергі, Сарысу ауданының 1930 жылдан бергі аудан тарихының сан қырлы тұстары: саясат, экономика, мәдениет, білім, ауыл шаруашылығы, кәсіпорындары туралы т.б. көрініс тапқан 1925-1930 ж.ж. араб, 1931-1942 ж.ж. латын қарпінде, 1942 жылдан бастап кириллица және қазақ тілдерінде жазылған құжаттамалық мұралар сақталып отыр. Осы құжаттар арқылы өткенімізді танып, болашаққа бағдар жасаймыз. Олар аудан тарихының жаңа беттерінің ашылуына, архивтердің тарихи орталық ретінде қоғамдық маңызын жоғарылатуға әсер етіп, өткенімізді объективті зерделеуге мүмкіндік береді.
Елімізде атқарылатын нәрсенің бәрі халық үшін. Тыңға түрен салғандай бұл салада жаңашылдық, жаңғыру, даму, өзгеріс жеткілікті. Құжаттарды сканерлеу үшін Планетарды сканер, жаңа үлгідегі EPSON сканер құрылғысы қызмет атқарып тұр. Электронды құжат айналымын жетілдіру мен архив қызметінің негізгі бағыттарын ақпараттандыру бойынша 2013 жылдан бастап сақтаудағы барлық құжаттарға сандық көшірме жасалып, «электронды архив» жасақталуда. «Цифрлық Қазақстан», «Архив-2025» бағдарламалар архив саласына жаңа бір серпіліс берді, берері де мол болмақ.
«Өткен күн-кешегі тарих, келер күн-ертеңгі сыр, бүгінгі күн-үлкен сый» деп Қорқыт атамыз айтқандай, ұрпаққа рухани мұра қалдыру жолында, жарқын болашақ жолында архившілер еңбектене бермек. Архив ардагерлерінің, өткен тарихымызды өшірмей, өлтірмей, келер ұрпақтың қолына тапсыруда, оның сақталып, сұрыпталып бір ізге түсуі үшін, тарихи құжаттардың құндылықтарын түсіндіріп, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыру үшін бар күш-жігерін сала қызмет етіп жүрген әріптестерімнің еңбектеріне толағай табыс, шаңырақтарына шаттық тілеймін.
Зағиша Шекербек,
Талас ауданы мемлекеттік архивінің жоғары категориялы архивисті.