Ардагерлер бата беруден бақ сынады

0 5

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».

Бата, бата беру-адал ниет, жақсы тілек білдірудің бір түрі, бабадан балаға жеткен ұлттық дәстүр. Бұл –өнегенің үлгісі, тәрбиенің бастауы, Себебі, ата-бабаларымыз қандай да бір істі бастамас бұрын үлкендердің ризашылығы мен батасын алған. Бүгінде көпке арналған ниет пен көрсетілген ықылас пейілдің көрінісі саналатын батагөй қариялар азайып келеді.
Жиында немесе қуаныш басында бата мен тілекті алмастырып жатқандарды ұшырататынымыз бар. Бұл жасы жер ортасынан асқан қариялар үшін үлкен сын. Ұлттық құндылықтар дәріптеу, үлгі көрсету арқылы ұрпақтан- ұрпаққа жұғысады. Аудандық билер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Батаменен ел көгерер» атты аудан ардагерлері арасындағы бата беру байқауы осы мәселені реттеуге, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге арналды. Берер тағылымы мол сайысқа зейнет жасына жеткен, ауылдардан іріктелген 9 қария қатысты. Үміткерлер қазақтың ұлттық салт-дәстүрі бойынша бата беру, қазақтың айтулы тұлғаларының баталарын айту және ұлттық салт-дәстүр бойынша сұрақтарға жауап беру сынды үш кезең бойынша бақ сынады.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов: -Бата барлық жақсылықтың бастауы болған. Халқымыз батасыз іс бастамаған. Қазақтың осы салтынан ажырап бара жатқанымыз өкінішті.Жамбыл облысының үздік биі, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы қазақтың салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға аз еңбек сіңіріп жүрген жоқ. Соның бірі-батагөйлер байқауы. Осы байқауға үлкен жауапкершілікпен қарап,аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдарын жіберген ауыл әкімдеріне ризашылығымызды білдіремін,-деп байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.
Бата беру сайысы аудан көлемінде бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. Соған сәйкес байқау да жыл санап түрленіп, бір жүйеге түсті. Қызығушылық танытқандардың қатары артып, тартысты сөз сайысына айналды. Биылғы байқау да өз ерекшелігімен есте қалды. Әсіресе, жердің шалғайлығына қарамастан арнайы келіп, шара көрігін қыздырған батагөйлерге көпшіліктің ықыласы жоғары болды. Қатысушылардың қатарындағы ең егдесі Есейхан ауылынан келген 90 жастағы Қойшыбек Омаров болды. Алайда батагөйлердің жастары әртүрлі болғанымен қойылатын талап бірдей болды. Қазылар алқасы әр қатысушының сахнада өзін ұстау әдебіне, дауыс мәнеріне, батаның мазмұнына баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша 1-орын Қаратау қаласының 80 жастағы қариясы Серік Әбдібеков иеленсе, 2-орын Ақкөл ауылынан келген Толымбек Әбілдаұлына бұйырды. Ал 3-орынға Қызыләуіт ауылының ардагері Нұрлан Шоқалақов лайық деп танылды.
Үздік өнер бата берген қариялармен қатар, барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.