ГЕНЕРАЛДЫ ТҰТҚЫНДАҒАН ҚАЗАҚ БАРЛАУШЫСЫ

0 5

Қаратау қаласының тұңғыш мэрі Сағи Жабасов

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы. Ақкөлдеміз. Кеңес өкіметі құлап, ел өз тізгі­нін иеленіп, қайтып күн көреміз, қалай өмір сүреміз деп қайықтай қалталақтаған кез. Аудандық «Ленин жолы»(1993 жылдан бастап «Талас тынысы») газетін облыстық баспаханада басып шығарамыз. Аптасына кемі екі рет қалаға барамын. Ол кезде компьютер жоқ. Газеттің материалдарын темір әріптермен қолмен теріп, беттейді. Жан қиналады. Баспахананың бастығы Васильев деген орыс. Васильев зейнетке шығып, орнына Ким деген кәріс келді. Терімшілердің дені өзге ұлт өкілдері. Мақаланы сол күйі қате тереді. Қаладан Аякөз деген келіншекті корректор(сөз түзеуші) етіп алғанмын.
Сол күнді еске алсам, азапқа түскен екенбіз. Айлығымыз да жарытымсыз. Бірде баспаханада шашын тықырлатып алған, орта бойлы, қой көзді, дембелше келген, сәл еңкіш тартып жүретін кісімен жолықтым. Айқайлап орысша, қазақша сауатты сөйлейді.
— Мен Жабасов Сағи ағаңмын, — деді күректей алақанын созып.
Жөнімді айттым.
— «Коммунист» деген газет шығарамын, — деп маған газеттің бір нөмірін табыстады.
Ештеңеден ығатын пенде емес. Билікті де, «шын­дық­ты жазбайсыңдар» деп мені де сынап, сыбап таста­­ды. Жасы үлкен кісі. Үндемедім.
— Мен соғыс көрген адаммын, — деп Сағи аға аптығын баса сөйледі, — генерал Панфиловты, батыр Бауыржанды білесің.
— Е-е, неге білмеймін? – дедім мен оның сөзіне қитығып.
— Так. Білсең, атақты 8-ші гвардиялық дивизияның 15-полкіндегі арнайы барлаушылар ротасының, әуелгіде взводтың командирлігінен әскери қызметімді Мәскеу түбіндегі шайқастан бастап, соғысты Калининград түбінде аяқтадым. – Ол тегін адам еместігін осылай қысқаша шегендеді.
— Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына жарты ғасыр толады. 9-Мамыр қарсаңында, әуелі Алматыда, содан кейін Мәскеуде панфиловшылар бас қоспақпыз.
— Дұрыс екен.
— Сен әуелі мені тыңда. Немістер Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағанда Ангелина Степановна Литвиноваға үйленгеніме екі апта-ақ уақыт өткен. Ақтөбе қаласындағы педучилищеде оқып жүргенмін. Одан бұрын Қызылордадағы Арал ауданындағы Қамысты бас деген ауылда туып, әкем Тойбазар бес жасымда қайтыс болған соң, анам Ұрхия әмеңгерлік салтымен Исадиламен бас құрапты. Менің ата-тегімнің өзгеріп кетуі содан. Өгей баланы кім туғанындай еркелетсін, әрі ол кісі балықшы, күнін әрең көретіндей сыңайы болған соң, ауыртпалыққа төзбей, он бір жастағы кезімде Ақтөбедегі мектеп-интернатқа өткізіпті.
Сағи аға өткен өмір жолынан неге хабардар еттім дегендей маған тесіле қарап:
— Сен тілшісің ғой. Білсін. Керегіне жаратар деп айтып отырмын, — деп әңгімесінің тігісін жатқызып қойды.
— Хош. Ауылда өстім. Орысшаға жоқпын. Интернатта жүріп, ол тілді де қиналып жүріп үйрендім. Әсіресе, Ангелинаның көмегі көп тиді, ақыры «махаббат тілінде» сөйлейтін күйге жетіп он сегіз жасымда үйленіп тындым.
— Ал керек болса… — деппін таңданысымды жасыра алмай.
— Албырт сезімнің әсері шығар. Ерте бас құрғанмын. Біздің «бал айымыз» ұзаққа созыла қоймады. Сол жылдың тамыз айында Бішкектегі жаяу әскерлер командирлерін даярлайтын училищеге топ ете түстім. Орта бойлы, дөңгелек жүзді, түрі орыстан гөрі азиялыққа келіңкірейтін Иван Васильевич Панфиловты ең алғаш сонда көрдім. Бізді үш айлық дайындық курсынан өткізіп, мені кіші лейтенант шенінде взвод командирлігіне тағайындап, лейтенант шеніне қарамай батальон командирлігіне тағайындалған Бауыржан Момышұлының қарамағына тап болдым.
Сағи ағаның әңгімесіне құлақ тосып, ыждақатпен тыңдап, Баукеңнің жазған кітаптарын есіме түсірдім. Ақыры батылым жетіп:
— Баукеңнің сіз туралы жазғанын оқымаппын, — деп едім.
— Бері қара, — деді ол ренжіп, — қай кітабын оқысаң да, біздің барлаушылар жау тылына еніп, барлық ақпараттарды дер кезінде жеткізеді, деп жазбай ма? Ал взводта отыз-қырық, ротада жүзге тарта барлаушы бар десеңіз, қай-қайсысын тізбектей береді, а…
Соғыс, ол әдемі әңгіме емес. Онда тылға не жауды өлтіру үшін, не тұтқындап әкелу үшін шыбын жаныңды шүберекке түйіп барасың. Қызыл әскер бір мәрте өлсе, барлаушы екі оттың арасында сан мәрте өлімді бастан кешіреді.
— Солайы солай, — дедім мен де ыңғайсызданып.
— Тыңда, — деді аға қызбаланып, — 1941 жылы біз Мәскеу түбінде жаудың бетін қайырғанда полкте санаулы ғана қазақ офицері бар деп саналатын. 1945 жылы соғысты Курландия жерінде аяқтадық. Сол жылы Мәскеу қаласында өтетін Жеңіс парадына қатысушылардың ішінде менің де болуым керек еді. Бірақ, тағдыр ол бақытты маған бұйыртпады.
— Неге?
— 9-Мамыр күні фашистік Германия тізе бүкті. Бірақ, соғыс аяқталмады. Фашистердің Курландия деп аталатын тобы жанталасып берілмей жатты. Біздің барлаушылар ротасына жау тылына өтіп, Сальзиедегі майдан командашысы генерал-фельдмаршал Гальпкертті тұтқындау тапсырылды. Картаға қарап жүріп, жаудың штабының орналасқан жерін дәл тауып, түн ішінде тұтқиылдан бас салдық. Фашистер де ақымақ емес. Жеңілгендеріне мойынұсынып, баяғы өркөкірек күйі ізім-қайым жоғалып, жүндері жығылып-ақ қалған. Көп қарсыласпай берілді. Сыртқы күзетін қырып салғанбыз. Штабындағы кіл генерал, полковниктерін армия қолбашысы Чистяковтің штабына әкеліп, табыстадық. Осы ерлігіміз үшін мен екінші мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталып, шенім бір саты жоғарылап, майор дәрежесін иелендім. Қуанышым көпке созылмады. Курландияның қалың орманында топ-топ болып жасырынып жүрген фашистерді «аулап» жүргенімде, атыс кезінде оқ оң иығымды қан-жоса етіп, госпитальден бір-ақ шықтым.
Сөйтіп, Жеңіс Парады(шеруі) маған бұйырмады. Госпитальден шыққан соң 9-шы(бұрын 8-ші) гвардиялық дивизияның 19-шы полкіндегі қазақ офицерлері Хапсалу қаласындағы мейрамханада бас қосып, Жеңісті тойладық. Қуанышымызға дивизия командирі, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы қатысты. Ішпейді екен. Бірақ шешен сөйлейді ғой, батырым.
— Төрт жыл қан кешіп, осы күнге амандықпен жеткендерің, олжа, — деп еді Баукең.
Көп ұзамай мен полк штабының барлау жөніндегі орынбасарының көмекшілігіне тағайындалдым. Соғыста мен бүйттім, сөйттім деп айтуға жоқпын, қарағым. Бірақ, маған немістердің «көкесін танытқаным» үшін екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» және І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен 10 медальді орыстар тектен — текке бере салмағанын білемін. Ара-тұра оқ жалап кеткенді қоспағанда, бес мәрте ауыр жараландым. Оқтың аты оқ. Әлсіретеді. Жаныңды жегідей жейді. Өйтпесе, әскерде қала беруіме де болатын. Себебі, жеңгеңді тұңғышымызбен әскери гарнизонға алдырып, өмір сүріп жатқанбыз. Әскери – медициналық комиссияның 1946 жылдың күзінде «денсау­лығы жарамайды» деген қо­рытындысымен, мені елге қайтарды. Ангелина мен ұлымды алып Қызылордаға оралдық.
Сағи ағаның әңгімесін естіп отырып ұққаным, ол мақтанған жоқ.
— Содан кейін Баукеңмен жолыңыз түйіспеген шығар? – дедім.
— Қызылорадаға келісімен обкомдағылар мені тіке жұмысқа әкетті. Соғыс мүгедегісің демеді. Көп азамат соғыстан оралмады. Елге қайтқандарының дені мен сияқты жаралылар. Сауы некен-саяқ. Тіке аудандық партия комитетінің нұсқаушысы жасады. Өлермендікпен оқуға түсуім керек деп шештім де Гоголь (қазіргі Қорқыт ата) атындағы педагогикалық институтына оқуға түсіп, тарих пәнінің мұғалімі деген диплом алдым.
Сөйтіп жүргенде облыстық партия комитетіндегілер мені жоғары жаққа мақтаңқырап жіберген бе, жоқ, дәм-тұз тартты ма, Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы етіп өсірді.
Міне, ержүрек, батыр Баукеңмен Жамбыл облысына келгенде жолықтым.
1957 жылы мені Жуалы аудандық партия комитетінің хатшысы етіп сайлады. Менен бұрынғы хатшыны идеологиялық жұмысын бетімен жібердің деп бюрода орнынан босатыпты. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Алексей Миронович Зинин деген орыс. Ол да соғысқа қатысқан. Сол айтты:
— Обком тапсырма беріп жатыр, Саги Исадилдаевич. Батыр Бауыржан Момышұлы туған жеріне, еліне келе жатыр. Ол кісіге барынша құрмет көрсетіңдер, дейді. Ұйымдастыру жұмысын сізге тапсырамын.
Байқаймын, Зинин Бауыржанның атынан үркіп отыр. Сондайда «шіркін, ұлтыңның ұстынына айналған он Бауыржан тумаған екен-ау»,- деп ойлаймын. Төрт жыл қанды шайқаста жүргенде, мен де ол кісімен қайбір араласты дейсің.
Оның үстіне барлау сарбаздарының аты-жөні, шені жария етіле бермейді.
Сұрастырып білгенім, Баукеңнің әкесі Момыштың інісі Момынқұл деген кісі, партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған, ұстамды, сабырлы, бір тоға кісі екен. Сол үйде күтетін болып ке­лістік. Реті келсе Теріс-Ащы бұлаққа, мына беті Тәңіртауға апарамыз деп шештік.
Тамылжыған тамыз айының іші. Жер көк-жасыл желекке бөленіп, хас сұлудай жұтынып тұр. айтылған күні арысымыз ауданға келіп, қалың жұрт болып күтіп алдық. Тіпті Батырды көрем деген, сәлем берем деген адамда есеп жоқ. Бірақ, жалпылдап сәлемдесуге көбінің жүрегі дауаламайды. Баукең де ұзын бойлы, тіп-тік, түсі сұсты адам.
Сонымен Батырды арнайы тігілген киіз үйде күтіп едік.
— Әй, слушай, Саги Исадилдаевич! Мені хан көтеріп, жеке баға бермеңдер! – деді Баукең де жағдайды түсініп.
Мені ұмытпаған екен. Өзі де отставкаға шыққан. Біраз жыл Калинин қаласында тұрып, Алматыға оралған.
— Қолым бос, жұмыссызбын, — деді.
Қолымыз қалт етіп босағанда Мәскеу түбіндегі қанды жорықтарды еске алыстық.
— Иманды болғыр Иван Васильевич Панфилов иманды, таза адам болатын, — деді күрсініп Баукең.
Бір күн біздің үйге бас сұққан. Ангелина бар, құрақ ұшқанымызға қарамастан кетерінде:
— Әй, Сағи, қатының орыс, тілдерің сол тілде шыға бастапты- деп балаларымның орыс тілінде шүлдірлегенін жақтырмай, — қаласаң қазақ қызын әперемін!
Жақтырмағанын түсініп тұрмын. Амал не, ішімнен тындым.
Содан кейін де кездесудің сәті түсіп, тіпті Билікөлдің жағасында демалдық та…
Жуалыда төрт жылдай еңбек етіп, 1961 жылы Талас ауданындағы Шолақтау поселкесіне Қаратау тау-кен химия комбинатының партия комитетінің хатшылығына ауыстым.
***
Бұдан арғы әңгімені аттай жиырма екі жыл өткен соң Мақсұтбек Сатымбеков ақсақалдан естідім.
— 1961 жылы тамызда Ақсай руднигінен Шолақтауға руда тиеп келе жатқан поезд рельстен тайып, үлкен көлік жол апаты оқиғасы болды. Талай адам мерт болып кетті. Комбинаттың директоры мен бірнеше бас мамандар, олармен бірге партком хатшысы Күзенбаевтар қызметінен айырылды. Мен жаңадан ғана Қазақ ауылшаруашылығы институын бітіріп, Қаратауда химия құрылыс тресінде бас механик қызметін атқа­рып жүргенмін. Сағи Исадилдаевичті Күзенбаевтың орнына партком хатшысы етіп сайлады. Ә-ә дегеннен адамды тани бастайсың. Сағи келісімен «тәртіпті тірілтуге» кірісті. Партияның қаһарын комбинаттың «генералдары» да сезіне бастады. Өйтпесе, біздің «құдайымыз Мәскеуде» деп мұрындарын шүйіретін еді шетінен. Ең қызығы — Сағи өте сезімтал адам екен, қазақ кадрларын қызметке қоюға белсеніп тұратын. Сын сәтте, комбинат директорының орынбасары Іңкәр Кәрібайұлы Әбішов екеуі біріге кететін де, «еврейлерді» тәубесіне түсіретін. Мені де кәсіподақ комитетінің төрағасы етіп сайлаттырды. Отыздағы жігіт үшін бұл жоғары қызмет.
1963 жылы тамызда Шолақтау кенті Қаратау қаласы болып өзгерді. Әуелі Шолақтау аталды. Халқы 14-15 мыңға жетіп қалған. Неге екенін қайдам Оңтүстік Қазақстан Өлкелік атқару комитеті қала статусын бергенімен, қалалық атқару комитетін ұйымдастыруға келгенде Мәскеуге қарап кібіртіктеп қалды.
Ең әуелі қалалық партия комитеті құрылатын болды. Мені қалалық партиялық бақылау комитетінің төрағалығына ұсынып, өлкелік әкімшілік орталығы Шымкентке жол тарттым. Тәжірбиесіздігім бе, өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысына көйлекшең кіріппін. Түріме қараған хатшы: «өй, мынау шикі, бала ғой», — деп қайтарып жіберді.
Жеті адамнан Ұйымдастыру бюросы құрылып, қыркүйек айының басында қалалық партия комитетінің алғашқы Пленумы өтті. (Бюроның ішінде мен де бармын). Қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына Петр Иванович Качесов, екінші хатшылығына Сағи Исаділдаұлы Жабасов сайланды. Әлгі мені ұсынған қызмет орны вакансия ретінде сақталынып қалды, дәулер бір-екі талапкерді Шымкентке жіберген екен, олар: «әй, әнеу күнгі жігітті жіберіңдер» деп талап қойған соң, амал жоқ мені тағы аттандырып салды. Қазір ойлап отырсам, қызметтік өсуіме сол, әсіресе Сағидың ықпалы болды-ау.
Сөздің қысқасы, қалалық партия комитетінде бірге қызмет етіп жүргенімде, келер жылы қалалық атқару комитетінің төрағалығына Сағи Исаділдаұлы Жабасовты депутаттар бірауыздан сайлап, оның орнына қалалық партия комитетінің екінші хатшылығына Жапар Шәріпов сайланды.
Мақаңның әңгімесін бөлейік. 1963 жылы кент қала мәртебесін иеленіп, Шолақтау аталған тұста оның атауын өзгерту жөнінде үлкен айтыс туған.
Качесов басқарған Орталықтан келгендер «Фосфоргород», не болмаса «Хрущевград» деп бәтуаласқанда Жабасов бастаған жергілікті басшылар таудың атауы Қаратау, ендеше бұл «Қаратау» аталсын деген. Осы хикаятты жазу барысында мен Сағи ағаның ұлы Маданмен жолығып, ол туралы естігенмін. Тараз қаласында тұратын қызы Венерадан ағаның өзі жазған кітапшасын ақтарыстап отырып, атауының өзгеруіне оның қосқан үлесіне көзім әбден жетті: «Тұрғылықты халықпен сөйлесіп, Шолақтау атауының қолы шолақ баланың есімімен аталатынын естіп-білдім. Олар мына қолайсыз атаудан гөрі, Қаратау деп аталғаны дұрыс дегендей өтініш айтты.
Қалалық партия комитетіндегілердің пиғылы теріс. Ақыры депутаттармен жеке-жеке сөйлесіп, көбін көндіріп, өлкелік атқару комитетіне екі түрлі атауды да жолдадық. Ол жақтағы «дәулер» мұны Алматы не Мәскеу шешсін деп түлкі-бұлаңға салыпты. Ақырғы сөзді Мәскеудегі «мықтылар» айтып, қаламыз Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының Жарлығымен желтоқсан айында «Қаратау қаласы» деп аталды дейді Сағи өз естелігінде.
Ұлы Мадан болса «әкем мен Качесов екеуі атау үшін араздасып, көпке дейін сәлемдеспей жүрді» деп күледі.
Мақсұтбек ақсақал: «Качесов, Шейн, Жабасовтар соғысқа қатысқан. Жастары қарайлас. Сыйлас. Оның үстіне Ангелина К.Маркс мектебінде сабақ берді. Качесов пен Жабасов екеуінің дастарханы ортақ. Соны көре алмаған қазақтың іштарлары араларына жыл өтпей шоқ тастап үлгерді. Бір күні Качесов: — Жабасовтың үстінен арыз жазылған. Соған комиссия құрып отырмыз. Партиялық-бақылау комитетінің төрағасысың. Өзің жақсылап тексер! – деді. Қанша дегенмен тікелей бастығым. Тексердім. Пәлендей заң бұзушылықты таба алмадық».
Арыздың ұзын ырғасы: «Жабасов кезекпен алатын жеңіл мәшинелерді сатады» деп келеді. Белгіленген күні бюроға арыздың қорытындысы бойынша баяндадым. Анықтағанымыз, келген жеңіл көліктерді Жабасов кезегімен бөліп отырған алған пәресі анықталған жоқ. Бірақ, тексеру кезінде екі мәшинені қалалық атқару комитетінің бірінші хатшысы Качесов, екі мәшинені Шейн саттырған. Үшіншісі де белгілі. Оны да атадым.
Менің бұл баяндауым басшыларға қатты тиді. Әйтсе де «қорқақ астында жатып бет тырнайтының» керін келтіріп, Жабасовқа ескерту бергізді.
Бюро мүшелерінің бірі ағайыным еді: «Сен Жабасовқа жақтастың» деп көпке дейін кектеніп жүрді. Шынымды айтайын, арыздың артында Жабасовтың халық алдындағы беделін көре алмаушылық тұрғаны анық-тын. «Жақтым күйе» деп, қылмысы әшкереленсе, аңсап отырғандары Жабасовтың қызметі.
Көп ұзамай олар маған сенбейтіндігін көрсетіп Шабурова деген әйелді комиссияның төрағасы етіп «бағынбайтын Жабасовты тағы бір жуасытып» алмақшы болған екен. Ол жолы да Шабурова ештеңе таппапты. Сағи аға бірде маған: «Көресіні өзімнің қандастарымнан көрдім» деген-ді ашынып.
Қала мэрі болу оңай емес. Қаратау өндірісі енді қанат жайып келе жатқан жас қала. Шыны керек Жабасов өз жұмысын өте жақсы білетін, ұйымдастырушылық қабілеті мол жан-тын. Қала аткомының мәжілісін сауатты жүргізетін. Қаратаудың жасыл желекке бөленіп, әдемі қалаға айналуы үшін өзі қызмет еткен 13 жылда аз тер төкпеді. Үйлер соғылды, көшелер асфальтталды. Әлеуметтік нысандар бірінен соң бірі пайдалануға берілді.
Қай заманда да баспана басты мәселе. Баспанасы бар отбасы бақытты. Сағи аға әрбір тұрғын үй алушының жағдайын өзі бақылап, бұра тартуға жол бермейтін. Анда-санда комиссияның отырысына қатысып жүріп, оған анық көзім жеткен. Бірде жасы егделеу орыс кемпірі «өзіңнің қазағыңа бұрасың» деп аузына келген боқтықпен сыбады. Әлгінің сөзіне айдаладан менің зығырданым қайнап отыр. Сәкең болса: «Құдай үшін, Сізге беретін үй жоқ, әзірге» дейді салқынқандылығынан таймай. Әйел қанша бажылдасын. Ашуы әрең басылған соң: «мен жоғары жаққа шағымданамын» деп дөң айбатын көрсете кетті. Оңаша қалған соң: «бетін қайырып тастамайсыз ба?» дедім шыдай алмастан: «Е-е, Мақсұтбек, ол байғұсты да түсінбесем, бұл орында не үшін отырмын?» деді ол жайбарақат.
Халыққа жайлы еді Сәкең. Кейін оның орнына келген дөкейлердің «Шық, кабинетімнен!» деп айқай­лағанына да куә болдым.
Бір мүшел жастай қалааткомның төрағасы болып қызмет атқарған Сағи Жабасов ақыры «денсаулығыма байланысты» деп қызметті тастап, Алматыдағы Жоғарғы Партия мектебіне оқытушылыққа ауысып кете барды. Қызметіне қызғанышпен қарап жүргендердің «құдайлары» жарылқап, мәз-мейрам күйге түсті.
***
Енді Сағи ақсақалға оралайық. Мәскеуден оралы­сымен тағы екеуміздің шүйір­келесуіміздің сәті түсті. Бұл жолы Алматыдағы Жоғарғы партия мектебіндегі оқытушылық қызметін әңгімеледі.
— Алдында Қаратау фосфоры жөнінде зерттеу жүргізіп, кітап шығарғанымыз бар, қарағым, — деді Сағи аға, — көп адаммен пікірлессем тарихынан бейхабар. Алғашқы кен орнын іздеуші, КСРО-ға ғана емес, әлемге әйгілі ғалымдар Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері И.И.Машкара, П.Л.Безруковтармен жолығып, көп фактілер алып, ғылым кандидаттығын қорғап шыққанмын.
Адам баласы өмір бойы оқып, көңіліне тоқып жүрсе, алынбайтын асу бар ма. Аз жылдың ішінде-ақ доцент дәрежесін алып, кафедра меңгерушілігіне дейін өстім.
— Сіз бізге 1987 жылы дәріс оқығансыз, — дедім.
— Есімде жоқ, — деді Сағи аға, — 14 жылдық ұстаздық еткен кезімде біздің алдымыздан жалғыз сен емес, ауданның, облыстың, тіпті Үкіметтің басшылары білім алатын. Солардың бірі осы күнгі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол Қарағандыдағы обкомның хатшылығынан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшылығына өсті. Аз уақыт Үкіметті басқарды. Көзінің оты, тілінің тегеуріні бар, өткір жігіт. Намысқой. Тегін адам емес екендігін байқап жүрдім.
Енді Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа келейін. Ол Нұрсұлтанды тәрбиелеген адам. Өз аузынан естідім.
Димекеңді Қаратаудан білемін. Қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүргенімде бірнеше мәрте жолығып, біраз мәселемізді шешіп алатынбыз. Қала статусын алғанымызда қалалық білім бөлімі деген мекеме жоқ. Өлкеге айтсаң, сылтауы таусылмайды. «Инспекторың бар, сол атқарсын», — дейді. Ақыры, Димаш Ахметұлы қалаға келгенде айтуыма тура келді. Тыңдап болысымен, облысқа, Министрлікке шығып мәселемізді шешіп беріп кетті.
1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін, Димекең үй қамақта отырғандай күй кешті. Онда Алматыдамын. Маған не істейді. Үйіне бардым. Өте мәдениетті адам. Қарапайымдылығын айтып жеткізе алмаспын. Әңгімеден әңгіме шығып: «Сіз 16 желтоқсан күні алаңға шығып неге сөйлемедіңіз?» деп сұрақ қойдым. «Сөйлегім-ақ келді. Алаңға шығып мәселені шеше алмайсыңдар, қарақтарым дегім келді. Колбиннің тарапынан екі мәрте «алаңға шығып, басу айтасыз ба?» деген сөз де болды. Мен келісімімді бердім. Бірақ, олар мені алаңға шығаруға қорықты-ау, жастар одан сайын көтеріліп кетеді деді ме, содан хабарды үзді. Мәселені күшпен шешуге келіскен сыңайлы. Әттең. Алаңға барғанда ғой, көп қан төгілмес еді» деді…
Заманынан озық туған Димаш Ахметұлымен 1992 жылы Талас жұрты сексен жылдығын атап өтеміз деп ниеттеніп шақырғанда Тараз қаласында ең соңғы рет жолықтым.
— Димекең сол жолы өзін сыйлап, құрмет тұтқан халқын көріп, толқып кетіп еді ауданнан, — дедім.
— Тарих өз бағасын береді, інім, — деді Сағи, -біз қазір төреші бола алмаспыз.
***
1997 жылы Талас ауданының әкімшілік орталығы Ақкөлден Қаратау қаласына көшірілді. Сағи көкемнен көз жазып қалғанбыз. Облыстық еңбек және соғыс ардагерлер Кеңесінің төрағасы қызметін әбүйірмен атқарып жүр деп естіп қалдым.
2010 жылы 87 жасында өмірден озғанын да кеш естідім. Оның алдында «Талас ауданының тарихы» жөнінен жинақ құрастырмақ болып жүргенімде, ұлы Игорьге жолыққанымда (ол адам дәрігері) мен ешқандай мәлімет бере алмаймын деп қашқақтаған.
Мақсұтбек ақсақалға жолыққанымда: «Бір жазып, жарыққа шығаратын адамың сол», — деді.
— Сәкең (Сағиды айтады) Қаратау қаласының құрметті азаматы. Қаланың тұңғыш мэрі. Ұлы Отан соғысының ардагері, гвар­дия полковнигі. 2005 жыл­­дан бері «Ауданның құр­метті азаматы атағын берейік» десек, еш әкім, не ақсақалдар төрағасының іштері еш тіл алмайды. Өркені өссін, Оңласын Жиенқұлов өтінішімді «құп» алып, атақты бергізді.
Ойлап қарасам, түкке тұрмайтын нәрсе.
Бір күні О.Жиенқұлов «Мына атақты ұсынған өзіңіз, енді апарып табыстайық, жүріңіз» деді. Бардым. Жасы тоқсанды алқымдаған адам. Қанша дегенмен Жаратушы дегенін алады. Шаршаңқырап қалыпты. Сөйткенмен де қуанышын жасыра алмай: «Соның бәрін болашақ үшін жасадық қой» деп қамығып қалды.
Шіркін, кейде кең дүниені тарылтатынымыз бар. Атаққа Сағи зәру емес. Бірақ, адам баласының еңбегін елеп, ескеру – кісіліктің ең шынайы харекеті екен-ау деген ойға келдім.
— Сағи Жабасовқа бір көшенің есімі берілетін түрі бар, — дедім Мақаңа.
— Баяғыда беру керек еді. Қаратауды өңі түгілі түсінде көрмегендердің есімімен қаншама көше аталып жатыр! Олардың қолында Сағи Исаділдаұлы Жабасов ерекше тұлға, аңыз адам емес пе? – Мақсұтбек көкем толғанып кетті.
Мен болсам «жақсылар жақсымын айт деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» деген Сүйінбайдың сөзіне шек келтіре алмай іштей одан әрмен толқып тұрдым.
Сәулембай Әбсадықұлы,
Талас ауданының құрметті азаматы.