Цифрландыру саласының қарқынды дамып келе жатқандығын күнделікті өмірде көріп, біліп жүрміз. Цифрлық жүйе маңызды салалардың барлығына енгізіліп, бүгінде оң нәтижесін беруде. Қазіргі таңда, елімізде әлеуметтік қолдау шараларын цифрлық форматқа көшіру бойынша кешенді жоба қолға алынды. Енді өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларды анықтау мақсатында жаңа платформа іске қосылды. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен осы жылдың 19 мамыры мен 10 шілдесі аралығында еліміздің барлық облыстарында әлеуметтік қолдау шараларын цифрлық форматқа көшіру бойынша кешенді жоба жүзеге асырылатын болады. Жобалық кеңсенің үйлестіруімен іске асып жатқан бұл бастама – әлеуметтік саясатты тиімді басқарудың жаңа кезеңі болмақ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің бастамасын жүзеге асыру тетіктерін жауапты сала мамандарына түсіндіру мақсатында жиын өтіп, оған Астана қаласынан арнайы келген жобалық кеңсенің басшысы Фарида Сағындық, Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырзағали, аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова, білім беру, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Қазіргі таңда өңірде цифрландыру аясында Socium платформасы мен FSM Social мобильді қосымшасы енгізіліп, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді біріздендіруге және жеделдетуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Жиында жоба жетекшісі Фарида Сағындық әлеуметтік қолдау түрлерін біріктіретін бірыңғай цифрлық жүйе – Socium платформасын іске қосу, жеке жұмыс жоспарларын (ИПР) автоматты түрде әзірлеп, оларды уәкілетті органдармен нақты уақыт режимінде үйлестіру, мобильді топтардың құрамын жаңартып, көпсалалы мамандармен толықтыру, облыстық және аудандық деңгейдегі мамандарды жаңа цифрлық құралдарды қолдануға оқыту сияқты басым бағыттарға негізделген жобаны іске асыру бойынша жұмыстарды кеңінен түсіндірді. Оның айтуынша, бұл бастама Жамбыл өңірінде әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жаңа деңгейге көтеріп, халықпен кері байланысты жедел әрі тиімді жолға қоюға мүмкіндік береді. Мобильді топтардың құрамына әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, ішкі істер, мәдениет, спорт салаларының мамандары тартылып отыр. Олар FSM жүйесі арқылы нақты жағдайдағы отбасылармен жеке жұмыс жүргізетін болады. Бұл платформа арқылы әлеуметтік қызметтерге жүгіну жеңілдеп, уақыт үнемделеді, мемлекеттік органдар арасында мәлімет алмасу автоматты түрде жүреді, қиын жағдайдағы отбасылармен нақты, жедел жұмыс жүргізіледі және әлеуметтік қолдаудың сапасы мен қолжетімділігі артады.
Жамбыл облысы әкімдігі мен аудандық деңгейдегі құрылымдар аталған жобаны өңірде сәтті жүзеге асыру үшін қазіргі таңда барлық қажетті шараларды қабылдап отыр. Бұл – халыққа қызмет көрсету сапасын түбегейлі арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Аяна Жапсарбек,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3- курс студенті.