Тамды аумағынан тас дәуіріне тиесілі тұрақ табылды

0 12

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».

Тамды ауылдық округіне қарасты Бүйрекбастау-Бұлақ палеолиттік тұрағында қазақ-жапон бірлескен археологиялық экспедициясы өз жұмысын қайта жалғастырды. Экспедицияны Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Тамағамбетов, «Нара» ғылымы-зерттеу институтының профессоры, PҺD докторы Садакатсу Кунитаке басқарады. Ал оның құрамында PҺD докторы Ейки Суга, Васэда университетінің студенті Милена Сугияма және Нью-Йорк университетінің аспиранты Мирас Есмұратұлы бар.
Жалпы Қаратау етегін бойлай Тамды ауылынан Билікөлге дейін созылып жатқан «Қотырбұлақ», «Бүйрекбастау», «Кебек қашқан», «Тайбастау», «Жетім шоқы» бізге беймәлім талай тарихты бұғып жатқан киелі аумақ. Жер-су атаулары жайында да ел арасында түрлі аңыздар көп. Араға жылдар салып, қиелі орындар тарихшылардың қызығушылығын туғызып, назарын аударды.

Бүйрекбастау-Бұлаққа Жәкен Таймағамбетов бастаған Жапон ғалымдары ең алғаш 2017 жылы қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Алайда бұл жылы ауа райының құбылуынан зерттеулер келер жылға қалдырылды. 2018 жылы археологтар жұмысты қайта жалғастырды. Ғалымдардың назарын аударып отырғаны, ерекше маңызға ие ежелгі адамдар пайдаланған тас құралдарының табылуы. Әдетте төменгі не орта полеолит дәуіріне тиесілі мұндай заттар ең кемі 5 метр тереңдіктен аршып алынады. Бүйрекбастау-бұлақ аумағында мұндай құралдар жер бетінен табылып жатыр. Жапон ғалымдарының таңданысын да, қызығушылығын да тудырып отырған осы жайт.
-Жалпы алғашқы адамдар Азия арқылы қоныс аударған. Олар негізінен Қаратаудың оңтүстігі арқылы Тянь-Шань тауын басып өтуі мүмкін. Біз мұндай тұжырымға өңірдегі тарихи орындарды зерттеу арқылы келіп отырмыз. Қазақстанның оңтүстігі-құнды мұраларға бай, табиғаты әсем, тарихы терең өлке,-дейді экспедиция жетекшісі Садакатсу Кунитаке.
Қазба жұмыстары нәтижесінде экспедиция басшылығы бұл тұрақты б.д.д. 30 мың жыл деген қорытындыға келіп отыр.
Қазба жұмыстары нәтижесінде бүгінге дейін 10 шаршы метр аумақ 2 метр 10 сантиметр тереңдікке дейін қазылып, ошақ орны анықталды. Бұл жерден 16 мың жыл бұрынғы тас дәуірі адамы қолданған құралдар табылды. Құралдардың күл-қалдықтарын арнайы зерттеу үшін Жапонияға жөнелтіледі.
Талас өңіріндегі тарихи ескерткіштер ең алғаш 1946 жылы академик Әлкей Марғұланның жетекшілігімен табылды. Өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары архео­лог Хасан Алпысбаевтың жетекшілігімен жүргі­зілген қазба жұмыстары да өз нәтижесін берді. Алғаш­қы адамдардың тұрағы болған «Тәңірқазған», «Бөріқаз­ған» тарихи орындары да сол тұста жария болды.
— Тамды ауылына қарасты Бүйрекбастау-бұлақ аумағынан тас дәуіріне тиесілі тұрақтың табылуы тарихымыз үшін үлкен жаңалық. Қорғауға алып, тарихи орын ретінде тізімге енгізу жағын ойластыруымыз қажет. Мұндай орындар тарихымызды терең тануға мүмкіндік береді,-дейді экспедиция мүшелері.