Инвестиция — игергенге игілік

0 1

Өңдеу өнеркәсібінде серпін бар

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Уақыт талабына бейімделу, өнім түрлерін арттыру, озық технологияларды пайдалану-өндіріс орындарының жұмысына қарқын қосты. Елдегі өнеркәсіп саласының дамуы шикізатқа тәуелділіктен арылтып, керісінше өнім түрлерін сыртқа тасымалдап, халықты жұмыспен қамтуға сеп болмақ. Бұл мәселеге ерекше назар аударылуы да сондықтан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инновациялар мен жоғары технологияларды тарта отырып, ішкі нарыққа бағдарланған өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмасы бұл саладағы жұмысқа жаңаша серпін берді.
Өңдеу өнеркәсібінің дамытуға Талас ауданы да мүдделі. Үстіміздегі жылдың 6 айында өңдеу өнкеркәсібінің өндіріс көлемі 11997,8 млн. теңгені құраған. Яғни, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнім көлемі 110,0 млн. теңгеге артық орындалған, нақты көлем индексі 103,0 пайызға жетті.
Бұл салада натрий цианиді және амоний сульфатын өңдеу­мен айналысатын «Talas investment company», «Жам­был Недр», «Алина групп», «Амангелді газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеу­лі серкітестіктері, «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің сонымен қатар, электр энергиясымен, газбен, бумен ыстық сумен, ауаны кондиция­лаумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жоқ қызметтерінің үлестері басым.
Жалпы Қаратау-өнеркәсіп орындарымен танылған қала. Бұдан жарты ғасыр бұрын шағын шаһар тұрғындарын фосфорит кенін өндіретін және өңдейтін жалғыз тау-кен комбинаты жұмыс жасаса, қазір химия саласымен байланысты кәсіпорындар қатары бірнеше есеге артты. Бүгінде қала іргесінен өнеркәсіптің басым салаларын дамыту және жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында индустриалды аймақ салынды. Өңдеу өнеркәсібінің дені осы аумаққа шоғырланған. Жаңа нысандар қажетті инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етіліп, көлік қатынасы үшін қолайлы жерден орын бөлінді. Кәсіпорындар үшін бастапқы кезеңдегі кедергілерді азайтып, олардың тиімді жұмыс жасау жолы қарастырылған. Бұл өз кезегінде өңдеу өнеркәсібінің 2023-2029 жылдарға арналған ұлттық стратегиясы шеңберінде жүзеге асырылып отырған бастама.
Ауданға тартылып жатқан инвестиция аймақтағы өнеркәсіп орындарының жұмыс қуаттылығын арттырып қана қоймай, жаңа өндіріс ошақтарының бой көтеруіне сеп болып отыр. Бұған қатысты аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров: -Қазір «Talas investment company» ЖШС-нің екінші желісін іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зауыт құрылысы аяқталғанда натрий цианиді өндірісі екі есеге артып, жылына 30 мың тоннаға жетпек. Қосымша 300 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, бұл қатарға «Азияхим» ЖШС алуға болады. Жылына 150 мың тонна минералды тыңайтқыш өндіретін зауыт іске қосылса, 230 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жоба құны 2,8 млрд теңгені құрайтын «Karatau Chemicals» ЖШС өнім өндіруге дайын,-дейді.
Алдағы уақытта аудан көлемінде бой көтеруге тиіс өндіріс ошақтары мұнымен шектелмейді. «Қаратау лайм» ЖШС-нің құрылысы басталмақ. Кәсіпорын бірінші кезең бойынша жылына 400 тоннадан 75,0 мың тоннаға дейін әк тасын өндіруді жоспарлап отыр. Мұның сыртында жеке күтім өндіру, ұнтақты өндіру, тазартылған тұз өндіру, амоний биокарбонатын өндіру сынды жобаларды іске асыру көзделген. Егер бұл жоспарлар сәтімен жүзеге асса 1000-ға жуық адам жұмыспен қамтылмақ.
Аудан бойынша өңдеу өнеркә­сібіндегі оң көрсеткіштер, бұл саладағы атқарылып жатқан жұ­мыстың қарқынынан хабар береді. Демек, аймақ экономи­касында ілгерілеу, даму бар
деген сөз.