Жерлестеріміз үздіктер сапында

0 1

«Tt» — ақпарат».

Апта ішінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен жүзеге асқан «Әулиеата – кітап оқитын өңір» кітап оқу жобасының қорытынды іс-шарасы өтті. Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған жоба жыл бойына жалғасты.

Тараз қаласында өткен жиынға өңірдің зиялы қауым өкілдері, аудандық, ауылдық және мектеп кітапханаларының қызметкерлері, үздік оқырмандар мен кітап жанашырлары қатысты.
Шара аясында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты кітап экспозициясы ұйымдастырылып, жергілікті 24 ақын-жазушының еңбектері, сондай-ақ «Ең үздік ауылдық кітапхана», «Үздік оқырман», «Ел үшін туған ерлер» облыстық байқауларына қатысушылардың материалдары көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар LED экран арқылы жоба аясындағы негізгі бағыттар мен байқаулар таныстырылды. Салтанатты жиын журналист, ұстаз, Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, «Ғұмыр Дария» облыстық газетінің директоры, «Құрмет» орденінің иегері Жаңабай Миллионовтың құттықтау сөзімен ашылды. Мұнан соң Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай құттықтау сөз сөйлеп, «Үздік автор», «Үздік ауылдық кітапхана», «Ел үшін туған ерлер», «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан», «Үздік оқырман» номинациялары бойынша үздіктерді марапаттады.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ел үшін туған ерлер» облыстық байқауында жүлделі II орынды Талас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі иеленді. Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігіне арналған 14–21 жас және 22–35 жас аралығындағы «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан» облыстық шығармашылық байқауының жеңімпаздары да шара барысында марапатталды. Жоба аясындағы аталмыш байқаудың қорытындысы бойынша жүлделі II орынды жерлесіміз Алдияр Сәттұрсын жеңіп алды.
Кітапқа деген сүйіспеншілігімен, үздіксіз ізденісімен және белсенділігімен ерекшеленіп, өз ортасына кітап оқуды үлгі еткен, ең көп кітап оқыған оқырмандар да шара барысында марапатқа ие болды. Бұл аталым бойынша жерлесіміз Ерік Бегімқұлов дараланып, «Үздік оқырман» марапатын иеленді.
Өңір жастарының кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Әулиеата кітап оқитын өңір» жобасы оқырмандардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін нығайтуға үлкен үлес қосқан шара болды. Жоба аясында ұйымдастырылған байқауларда үздік нәтижеге қол жеткізген аудандық кітапхана қызметкерлері мен жерлестеріміз оқырмандық мәдениеттің жарқын үлгісін көрсетті. Білім мен рухани байлықты басты орынға қойған жерлестеріміздің бұл жетістігі – аудан абыройын асқақтатып, мерейін үстем етті.