«Tt» — ақпарат».
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, Әбутәліп Мүтәлі және «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов Талас ауданына іссапармен келіп, өңірдегі бірқатар әлеуметтік және өндірістік маңызы бар нысандарды аралады.
Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын алдымен Ақкөл ауылындағы жаңадан пайдалануға берілген дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен таныстырды. Аталған медициналық нысанда 2 дәрігер мен 7 орта буын медицина қызметкері ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық — санитарлық көмек көрсетуде. Депутаттар өз кезегінде амбулатория жұмысына заманауи медициналық технологияларды енгізу арқылы көрсетілетін қызмет сапасын арттыру қажеттігін атап өтті.
Жұмыс сапары барысында депутаттар сонымен қатар, қайта жаңғыртудан өтіп жатқан аудандық көпбейінді орталық аурухананың ғимаратын аралады. Бұл нысанның бүгінгі таңда әкімшілік корпусы мен бір емдеу корпусын жөндеу жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Аудан басшысы Нұрбол Жүнісбеков алдағы уақытта аурухананың бас ғимаратына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізіп, жұмыс барысын баяндады.
Мұнан соң, Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мүтәлі «Talas Investment Company» ЖШС-нің 2-кезеңі бойынша салынып жатқан зауыттың құрылысымен танысты. Аталған өндіріс орны толық қуатына шыққан кезде жылына 30 мың тонна натрий цианидін өндіру мүмкіндігіне ие болады. Бұл көрсеткіш – тек аудан ғана емес, сонымен қатар облыс экономикасына да серпін берер ауқымды қадам. Қазіргі таңда кәсіпорын жылына 15 мың тонна өнім өндіріп отыр. Екінші кезең жүзеге асқанда өндіріс көлемі екі есеге артып, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауданның өндірістік әлеуеті айтарлықтай артады.
Депутаттар зауыттағы құрылыс жұмыстары мен технологиялық үдерістерге ерекше назар аударып, өндіріс қауіпсіздігі мен экологиялық талаптардың сақталу маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, жергілікті мамандарды оқыту, еңбек жағдайын жақсарту сынды мәселелер де қозғалды.
Келесі кезекте Қаратау қаласындағы «Игілік» көпсалалы кәсіпорнына ат басын бұрған жұмысшы топ мұндағы орталық жылыту қазандығы мен жаңадан іске қосылып жатқан мазут шаруашылығы ғимаратының жұмысымен танысты. Орталық жылыту қазандығы қазіргі таңда, 156 көппәтерлі тұрғын үй мен 222 мекемені жылумен қамтамасыз етуде.
Жұмыс сапары барысында депуттарға сондай-ақ, Майтөбе ауылындағы төтенше жағдайлар бөлімінің өрт сөндіру бекетінің қазіргі ахуалы мен қызметі таныстырылды.
Бұл бекет – тек өртке қарсы күреспен ғана емес, түрлі төтенше жағдайларда жедел әрекет ететін, көпқызметті құрылым ретінде жұмыс істеп келеді.
Бекет қызметкерлері ауа райының күрт құбылуы, көктемгі су тасқыны, жол-көлік оқиғалары сынды тосын жағдайлар кезінде де жедел әрекет етеді. Қыс мезгілінде Тараз–Қаратау–Жаңатас бағытындағы жол бөліктерінде, әсіресе Берікқара ауылдық округі маңында боран мен көктайғақ салдарынан көмекке зәру азаматтар жиі кездеседі. Мұндай жағдайда осы бекеттің кәсіби шеберлігі мен техникалық жарақтандырылуы аса маңызды рөл атқарады.
Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков бекет қызметінің материалдық-техникалық базасын күшейту, заманауи техникалармен жабдықтау, жеке құрамның кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы жоспарлар жайында айтты. Себебі, бұл салада уақытпен санаспай еңбек ететін мамандар үшін қауіпсіздік пен жоғары дайындық — басты талап. Мемлекеттік деңгейде төтенше жағдайлар саласына көңіл бөлініп, жергілікті бөлімшелердің әлеуетін арттыру – тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне жасалып жатқан нақты қадамдардың бірі.
Жұмыс сапары барысында Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мүтәлі AMANAT партиясы Талас аудандық филиалының мәжіліс залында жеке қоғамдық қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдауға аудан әкімі Н.Жүнісбеков, AMANAT партиясы Жамбыл облысы филиалының төрағасы Д.Бейсенқұлов партия аудандық филиалының төрағасы Д.Маселбеков, аудандық мәслихаттың депутаттары және аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары қатысты.
Қоғамдық қабылдауда тұрғындар ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету, тұрақты жұмысқа орналасу, медицина мамандарының жалақысын көтеру мәселелерін алға тартты. Аталған өтініштер бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жауапты мамандармен шешу жолдарын қарастырды.