сенат депутаты ауданға іссапармен келді
«Tt» — ақпарат».
Өткен аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаев ауданға жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Сәкен Қаланұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысып, аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар өндірістік және инвестициялық жобалардың жай-күйіне назар аударды.
Сапар барысында халық қалаулысы алдымен «ARTAZA» ауыл шаруашылығы кооперативі өндірістік цехының құрылыс алаңында болып, кәсіпорынның алдағы жоспарларымен танысты.
Жұмыс сапары барысында Сәкен Арубаев сонымен қатар, «Жамбыл Недр», «Alina Group», «Talas Investment Company» және «Karatau Chemicals» кәсіпорындарының өндірістік қызметімен танысты.
«Talas Investment Company ЖШС-нің 2-кезеңі бойынша салынып жатқан натрий цианиді өндірісі зауытының құрылыс алаңында болған Сәкен Қаланұлы кәсіпорынның алдағы жоспарларымен танысты. Жоба толық қуатында іске қосылғанда зауыт жылына 30 мың тонна өнім өндіретін болады. Бұл – аудан экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық климатты жақсартуға сеп болмақ.
Кездесу барысында аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков аталған өндіріс орындарының даму жоспарларын, алдағы уақытта өндірістік әлеуетті арттыру, инвестиция тарту және инфрақұрылымды дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселелер барысын әңгімеледі.
Сапар соңында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаев аудан басшылығына және жауапты сала өкілдеріне өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, өңірдің даму қарқынын қолдайтынын жеткізді.