Талай талантты түлеткен Талас өңірінде ақын Серік Томановтың 70 жылдығына арналған «Құс қанат менің ғұмырым» атты тағылымды шығармашылық кеш өтті. Сәду Шәкіров ауылында ұйымдастырылған бұл рухани шара ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға, оның әдеби мұрасын кейінгі буынға танытуға арналды.
Кешке ақжал ақынның көзін көрген үзеңгілес достары, бірге қызмет атқарған замандастары, ізінен ерген шәкірттері мен әдебиет сүйер қалың оқырман жиналды. Шара барысында ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы естеліктер айтылып, оның жүрекке жылы тиетін жырлары оқылды.
Кеш қонақтары Серік Томановтың адамгершілік болмысы, ақындық болмысы жайында әсерлі әңгімелер айтып, оның әдебиет әлеміндегі орнына ерекше тоқталды. Сонымен қатар жас ақындар мен оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, рухани кештің көркін аша түсті.
Тағылымды кеш барысында ақынның шығармаларынан үзінділер оқылып, әндер шырқалды. Бұл шара жиналған қауымға ерекше әсер сыйлап, Серік Томановтың өнегелі өмірі мен шығармашылық мұрасы кейінгі ұрпақ үшін қашанда құнды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осындай мазмұнды кеш арқылы ақын рухына тағзым жасалып, оның есімі мен еңбегі ел жадында мәңгі сақталатыны айқын көрінді.