Тоқаев: Қазақстан армиясы батыр бабалардың жолын жалғастырып келеді

0 4

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясы батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келе жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы мемлекеттік марапаттар мен әскери шендер табыстау рәсімінде айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президенттің сөзінше, бүгінде еліміздің Қарулы күштері Тәуелсіздіктің берік қалқанына айналды. Сарбаздар ел тыныштығы мен жер тұтастығын күзетіп, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында қызмет етіп келеді.

– Бүгінде Қазақстанның айбынды армиясы батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді. Сайыпқыран сарбаздарымыз – қасиетті Тәуелсіздігіміздің берік қалқаны. Олар еліміздің тыныштығын, жеріміздің тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр. Күштік құрылымдар заң үстемдігін, қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, – деді Президент.

Мемлекет басшысы құтқарушылардың да қауіпті жағдайларда азаматтардың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүргенін атап өтті. Сонымен қатар қазақстандық жауынгерлер халықаралық тұрақтылықты нығайтуға да үлес қосып жатқанын айтты.

Президент Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын дербес орындайтын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы жалғыз ел екенін ерекше атап өтті.

– Бұл әлем елдерінің қазақ армиясына деген сенімі жоғары екенін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақстандық сарбаздардың халықаралық жарыстардағы жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, биыл Дубайда өткен беделді халықаралық жарысқа қатысқан бес қазақстандық команда жүлделі орындармен оралған.

Президент әсіресе әйелдер арасындағы сайыста топ жарған «Томирис» командасының жетістігін ерекше атап өтті.

– Байрақты бәсекеде бірінші және екінші орынды Қазақстан құрамасы иеленді. Әсіресе, әйелдер арасында топ жарған «Томирис» командасының қарым-қабілетіне жаһан жұрты тәнті болды. Бұл – рухы мықты, Отан алдындағы антқа адал сарбаздарымыздың ерен еңбегінің жемісі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекет әскери қызметкерлер мен жауынгерлерді әрдайым қолдайтынын айтып, бұл ел болашағы үшін маңызды міндет екенін жеткізді.