Қазақстан – бейбітшілік пен дипломатияны қолдайтын ел

0 4

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық дауларды тек дипломатиялық жолмен шешуді қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президенттің сөзінше, Қазақстан өткенге құрметпен қарап, болашаққа сеніммен қадам басатын бейбіт мемлекет ретінде халықаралық құқық қағидаттарын берік ұстанады.

– Біз кез келген қақтығыс дипломатиялық жолмен, келіссөздер арқылы шешілуге тиіс деп есептейміз. Қазақстан әлемнің барлық елімен достық қарым-қатынасын нығайта береді. Бұл ұстанымдар жаңа Конституциямызда нақты көрсетілген, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси жағдай ел қауіпсіздігін нығайтуға ерекше назар аударуды талап ететінін айтты. Оның пікірінше, мемлекет кез келген сын-қатерге дайын болуы керек.

– Бұл қамсыз отыру қажет деген сөз емес. Еліміз түрлі қауіптің алдын алуға және кез келген сын-қатерге төтеп беруге дайын болуы тиіс. Сондықтан қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерімізді технологиялық тұрғыдан жаңғырта беруіміз қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі тұрақсыз әрі құбылмалы кезеңде Қарулы күштер мен әскери мекемелерді түбегейлі реформалау маңызды міндет екенін атап өтті.

– Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет. Оны созбай, екі жыл ішінде орындау қажет, – деді Мемлекет басшысы.