Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».

Жануарлар ауруларының алдын алуды, оларды емдеуді сондай-ақ, адамға жүғатын аурулардан қорғауды қамтамасыз ететін ветеринария саласы қызметкерлеріне артылатын міндет зор. Сала мамандары арасында «Медицина адамды емдейді, ветеринария адамзатты емдейді» деген тіркес қалыптасқан.
Айтса айтқандай ветеринарлар- қауіп-қатермен жиі бетпе-бет келетін маман иелері. Жылдың төрт мезгіліне қарамай, уақытпен санаспай қызмет жасайтын олар ауруға шалдыққан түлікті тексеріп, ем-дом шараларын атқарады.
— Біз сібір жарасы, туберкулез, бруцеллез, аусыл, қарасан, індетті лимфангоит, қатерлі ісік, құтыру сынды сан түрлі аурумен күресуге мәжбүрміз. Аталған аурудың адам денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті екендігі айтпаса да түсінікті,-дейді аудандық ветеринариялық бөлімінің басшысы Берік Қаратаев.
Расымен, ауыл шаруашылығы саласындағы халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсартуда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринарлардың алатын орны ерекше. Бұған қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған Жолдауында: -Аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу керек. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиіс,-деген болатын.
Ауданда да ветеринариялық жұмыстар тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. Берік Қаратаевтың айтуынша, ауыл шарушылық малдарын бірдейлендіру, егу және қан сынамаларын алу жұмыстары наурыз айынан басталған. Бүгінге дейін 30310 бас мүйізді ірі қараға, 301700 бас уақ малға аусыл ауруына қарсы екпе салынса, 10480 бас мүйізді ірі қара, 212950 бас уақ мал, 7150 бас жылқы және 900 бас түйе сібір жарасына қарсы егілген. Сонымен қатар жалпы көлемі 77 шаршы метрді құрайтын мал орындары залалсыздандырылған.
Ия, кез-келген қауіпті алдын алу арқылы жоюға болады. Түлікті тамаққа жаратып, тірлікке айналдырған халықпыз. Малдың жайына әсіресе, ауыл тұрғыдары қанық. Сондықтан, қорасы қатар орналасқан шаруаларға малдан келетін қауіптен сақтанбасқа болмайды. Мәселен, өткен жылы аудан көлемінде 6 адам сарып ауруына шалдықса, бұл көрсеткіш биылғы 6 айдың өзінде 2 адамды құрап отыр. Одан бөлек, микоз ауруымен 2025 жылы 40 адам ауырса, биыл 2 адам жұқтырған. Көрсеткіштердің айтарлықтай төмендеуін атқарылып жатқан жұмыстармен байланыстырған дұрыс.
Конго-Қырым қанды безгегі ауруына қарсы дәрілеу жұмыстары Үшарал, Кеңес, Бостандық ауылдық округтерінде үстіміздегі жылдың 20 сәуірінде басталған. Нәтижесінде аталған ауылдарда 11990 бас ірі қара, 61634 бас уақ мал және 173604 шаршы метрді құрайтын 556 қора-жай дәріленген. Бұл жұмыс жыл бойына жалғасады. Алдағы уақытта Бостандық ауылдық округінде тиісті жұмыстар жүргізілмек.
Тұрғындар арасында көшедегі қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбейіп кеткендігі туралы аз айтылып жатқан жоқ. Бұл мәселеге қатысты жұмыстар ретімен шешіліп келеді. Мәселен, жыл басынан бері 151 ит ауланып, 13 ит панажайға өткізілген. Алайда қаңғыбас иттер мен мысық аулау жұмыстарын атқару 15 ақпаннан бастап жергілікті атқарушы органдарға міндеттелді. Бұл туралы аудандық ветеринария бөлімінің басшысы айтып отыр.
Бүгінде аудандық ветеринариялық бөлімінде 80-нен астам маман жұмыс жасайды. Үлкен ұжым. Оның 12-ін нәзік жандылар құрап отыр. Алайда, артылатын жауапкершілігі жоғары, алатын айлығы аз болған соң ба, салада жұмыс жасауға ниет білдіретін мамандар аз көрінеді.
-Ия, бізде маман тапшылығы бар. Қазір Тамды, Көктал, Қасқабұлақ және Қаратау қаласына ветеринарлар қажет. Жұмыс бұрнағы жылдардағыдай емес, жылдан жылға түзеліп келеді. Мысалы, мекемеге 10 су жаңа НИВА автокөлігі бөлінді. Жыл соңына дейін тағы 4 автокөлік қарастырылмақ. Ауылдық округтерде құрылысы жүріп жатқан 6 ветеринариялық пунктің 5-нің жұмысы 95 пайызға орындалып отыр. Алдағы уақытта тағы 2 ауылға, яғни Қаратау ауылдық округі мен Көкталға жаңа ғимарат соғу жоспарланған. Жас мамандарды көбірек қабылдауға баса назар аударудамыз. Өткен жылы Тамды ауылына Бейбарыс Сарабек, Қаратау қаласына Есболат Әміреев, ветеринариялық станцияға Арлыжан Жапан, Кеңес ауылына Жасұлан Сәтекбай, Бостандық ауылына Әкімжан Балтабай және Асылжан Сәттер сынды жас мамандар қабылданды. Көргені мен көңілге тоқығаны көп, тәжірибелі ардагерлердің де еңбектерін жоғары бағалаймыз. Білгендерін жастармен бөлісіп, жөн мен жолды көрсетіп отырған Дүйсен Аманжолов, Әлім Бектай, Сейітқасым Әсетілдаев сынды аға буын өкілдерін ризашылымыз мол, — дейді Берік Қаратаев.
Ветерианрия-айтуға оңай, атқаруға қиын міндет. Оны істің басы-қасында жүргендер жақсы түсінеді. Елімізде осымен екінші жыл қатарынан ветеринария қызметкерлерінің күні аталып өтпек. Кәсіби мереке 10 шілдеге белгіленген. Өйткені Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңы 2002 жылы дәл осы күні қабылданған. Мерекені бекіту ел экономикасындағы ветеринарияның стратегиялық маңыздылығын мойындауға негіз болады деп сенеміз.