Сайлауға санаулы күн қалғанда саяси партиялар сайлауалды науқан аясындағы жұмыстарын өңірлерде де, қоғамдық кеңістікте де жалғастырып жатыр

0 8

Сайлауға санаулы күн қалғанда саяси партиялар сайлауалды науқан аясындағы жұмыстарын өңірлерде де, қоғамдық кеңістікте де жалғастырып жатыр. 17 тамыздағы күн партиялардың бағдарламалық бастамаларын таныстыруымен, тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесуімен, сондай-ақ әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді талқылауымен ерекшеленді.

«Әділет» партиясы сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстыруды жалғастырды. Креативті индустрияларды дамыту, отандық өндірушілерді қолдау, қазақстандық компаниялардың мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейту, білім беру және жастарды жұмыспен қамту мәселелері партияның күн тәртібіне шығарылды.

Партияның «Әділет сөзі» жобасы аясында Астанада «Құрылтай — 2026: сараптамалық көзқарас» кездесуі өтті. Жиында азаматтардың өтініштері, әлеуметтік зерттеулер және сарапшылардың пікірлері негізінде әзірленген «111+ шешім» құжаты таныстырылды. Осылайша партия сайлауалды ұсыныстарын сараптамалық пікірлермен байланыстыруға басымдық берді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Бурабайда тұрғындармен кездесу өткізіп, үгіт-насихат флешмобын ұйымдастырды. Құрылтай депутаттығына кандидаттар мен партия белсенділері Абылай хан алаңында азаматтармен жүздесті.

«Байтақ» партиясы үшін 17 тамыз экологиялық күн тәртібімен ерекшеленді. «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде биоалуантүрлілікті сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау, экотуризмді дамыту және инспекторлардың жұмысын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар партия өкілдері Жамбыл, Ақтөбе, Алматы, Маңғыстау және Павлодар облыстарында еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесулер өткізді. Кездесулерде ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау, қалдықтарды қайта өңдеу, кәріз сулары, санитарлық қауіпсіздік және қоршаған ортаның жағдайы мәселелері көтерілді.

Қазақстанның Халық партиясы еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастырып, еңбек құқықтары, жұмыс жағдайы, жұмыспен қамту және цифрлық инфрақұрылым мәселелерін талқылады. Қостанай облысында партия өкілі Нұржан Бияқаев ЖСДП-ның еңбек қатынастары мен әлеуметтік саясатқа қатысты ұсыныстарына пікір білдірді.

«Ауыл» партиясы өндіріс пен логистика мәселелеріне назар аударды. Шымкентте партия өкілдері «Қазығұрт – оңтүстік» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесіп, теміржол тасымалының тиімділігі, инфрақұрылымды жаңғырту, кадр даярлау және еңбек жағдайларын талқылады.

Ал «Ақ жол» партиясы бизнес және банк секторы өкілдерімен кездесіп, отандық өндірісті дамыту, несиелеу, ипотека және баспананың қолжетімділігі мәселелерін көтерді. «Respublica» партиясы да өңірлердегі жұмысын жалғастырып, азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы машина жасау және отандық өндірушілерді қолдау бағыттарына басымдық берді.

Осылайша, сайлауалды науқанның кезекті күнінде партиялардың жұмысы бір ғана бағытпен шектелмеді. Бірі әлеуметтік мәселелерге, бірі экологияға, енді бірі өндіріс пен кәсіпкерлікке басымдық берді. Сайлауға аз уақыт қалған тұста саяси партиялар өз бағдарламаларын таныстырумен қатар, өңір тұрғындары мен түрлі сала өкілдерінің мәселелерін тыңдауға күш салып отыр.