Сайлауалды науқанның соңғы аптасында партиялар өз бағдарламаларындағы негізгі басымдықтарды таныстырумен қатар, өңірлердегі еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер және тұрғындармен кездесулерін жалғастырды

0 5

Сайлауалды науқанның соңғы аптасында партиялар өз бағдарламаларындағы негізгі басымдықтарды таныстырумен қатар, өңірлердегі еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер және тұрғындармен кездесулерін жалғастырды. 17 тамыздағы іс-шараларда әлеуметтік мәселелермен бірге өндіріс, экология, кәсіпкерлік және инфрақұрылым тақырыптары да кеңінен қозғалды.

Күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі – жұмыспен қамту және еңбек жағдайы болды. Қазақстанның Халық партиясы Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында еңбек ұжымдарымен кездесіп, жұмыс орындарының тұрақтылығы, еңбек құқықтары мен жағдайлары, сондай-ақ жұмыспен қамту мәселелерін талқылады.

«Әділет» партиясы да еңбек нарығына қатысты мәселелерге тоқталды. Партияның сайлауалды бағдарламасында білім беру жүйесін жетілдіру және оқу орындарын тәмамдаған жастарды жұмысқа орналастыру мәселелеріне ерекше мән берілген. Сонымен бірге креативті индустрияларды дамыту арқылы жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыру ұсынылды.

Әлеуметтік күн тәртібінің тағы бір өзекті мәселесі – тұрғын үй. Қазақстанның Халық партиясы тұрғын үй саясаты мен баспананың қолжетімділігіне назар аударса, «Ақ жол» партиясы банк және бизнес өкілдерімен кездесуде ипотекалық несиелеу мәселесін көтерді. Партия өкілдері Атыраудағы кездесуде азаматтар үшін қаржылық ресурстардың қолжетімділігі мен отандық өндірісті дамыту мәселелерін қатар қарастырды.

Экологиялық мәселелер де сайлауалды кездесулердің маңызды бөлігіне айналды. «Байтақ» партиясы «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде биоалуантүрлілікті сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау және экотуризмді дамыту мәселелерін талқылады.

Партия өкілдерінің Жамбыл, Ақтөбе, Алматы, Маңғыстау және Павлодар облыстарындағы кездесулерінде қалдықтарды қайта өңдеу, қоршаған ортаның жағдайы, ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау, кәріз сулары және санитарлық қауіпсіздік мәселелері көтерілді. Бұл бағыттағы жұмыстардың бірі ретінде Атырау облысында «Ауыл» партиясының белсенділері Жайық өзенінің жағалауында «Таза Қазақстан» акциясын өткізді.

Экономикалық мәселелерге келгенде партиялардың назарында отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау болды. «Respublica» партиясы Қостанай және Ақмола облыстарында өндіріс орындарымен кездесіп, азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы машина жасау, жеңілдетілген лизинг және отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелерін талқылады.

«Ауыл» партиясы Шымкенттегі кәсіпорын жұмысшыларымен кездесіп, өндіріс пен логистика саласының мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, теміржол тасымалының тиімділігін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, кадр даярлау және еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері талқыланды.

«Ақ жол» партиясының күн тәртібінде де отандық өндіріс пен бизнесті қаржыландыру мәселелері болды. Маңғыстау облысында кәсіпкерлермен кездесуде қазақстандық өнімді қолдау және бизнеске қаржы тарту мәселелері қарастырылса, Астанада медициналық сақтандыру, салық салу және ипотекалық несиелеу тақырыптары қозғалды.

Ал «Әділет» партиясы отандық өндірушілердің мүмкіндігін кеңейтуге басымдық берді. Партия қазақстандық компаниялардың мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін арттыру, сондай-ақ креативті индустрияларды дамыту мәселелерін көтерді.

Осылайша, 17 тамыздағы сайлауалды кездесулердің негізгі тақырыптары азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталды. Жұмыспен қамту, баспана, еңбек құқықтары, экология, отандық өндіріс және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері партиялардың күн тәртібінен кең орын алды.

Сайлауға санаулы күн қалғанда партиялар өз бағдарламаларын таныстырумен қатар, өңірлердегі нақты мәселелерді талқылап, сайлаушылармен тікелей байланысты күшейтуге басымдық беріп отыр.