Ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі: агроөнеркәсіп кешеніндегі өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті
Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту және агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру бағытында жаңа міндеттер белгіленді. Мемлекет басшысы Жолдауда аграрлық сектордың ел экономикасындағы маңызын атап өтіп, шаруаларды ұзақ мерзімді қаржыландыру мен өндірісті технологиялық жаңғырту қажеттігін айтты.
Жолдауда келтірілген мәліметке сәйкес, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласы шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жеткен. Ал жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайған.
Сонымен қатар шаруаларға тек күнделікті қажеттіліктерін өтеуге емес, өндірісін ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін қаржыландыру жүйесін қалыптастыру міндеті қойылды. Осыған байланысты Үкіметке фермерлерді ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін енгізу тапсырылды.
Аграрлық саланы технологиялық тұрғыдан жаңғырту да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, отандық өндірістегі сапалы тракторлар мен комбайндардың санын арттыру қажеттігі айтылды. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға басымдық беру көзделіп отыр. «Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуетті жобалар тізімін дайындаған.
Жолдауда су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де көтерілді. Атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су шығынын азайту және Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін құру жұмыстарын жедел аяқтау қажеттігі айтылды.
Бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенінің өндірістік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен тиімді пайдалануға бағытталған.