Апта басында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Әлихан Балқыбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Аппараттық кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекемелерінің өкілдері, ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аппараттық кеңестің күн тәртібіне «2024 жылдың көктемгі екі айлық сенбілік жұмыстарына дайындық барысы туралы», «Наурыз айында өтетін мерекелік іс-шаралар туралы», «Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселелері туралы» сұрақтар қойылды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсенбаев баяндады.
— Жалпы аудан бойынша көктемгі екі айлық көріктендіру, абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілетінін хабарлай отырып, құрметті мекеме басшылары, бөлім басшылары өздеріңізге қарасты мекеме аумақтарын және ауыл, ауылдық округ әкімдері өздеріңіздің елді мекенде тазалық айлығы барысында және алдағы уақытта тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп, үнемі назарда ұстауларыңызды сұраймын, деді ол.
Келесі мәселе бойынша аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаеваға сөз кезегі берілді.
–Наурыз айындағы іс-шаралардың мазмұны мейірімділік, достық, азаматтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі сияқты адами құндылықтарды қоғамда ілгерілету арқылы қазақстандық бірегейлік пен халық бірлігін дамытуға, мәдениет пен толеранттылықты ілгерілетуге бағытталған. Жалпы, наурыз айында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың ұйымдастыруымен аудан бойынша 30-ға жуық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Мерекелерге арнайы медиа-жоспарлар әзірленіп, әлеуметтік желілерде және газет беттерінде мереке күндеріне орай кең көлемді мақалалар жарияланатын болады,–деді Жанар Қызырәліқызы.
–Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша баяндама жасау үшін аудан әкімдігінің өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әбдіғали Әбдіразақовқа сөз кезегі берілді.
–Аудан әкімінің «Негізгі азық-түлік тауарлары, азық-түлік емес тауарлары және ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін аудандық штаб құру туралы» 2023 жылдың 31 наурызындағы №71 қаулысымен жұмысшы тобы құрылды. Сонымен қатар «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына зерделеу жүргізу жөніндегі мониторингтік топ құру туралы» 2023 жылдың 20 ақпандағы №93ө өкімімен мониторинг тобы құрылып азық-түлік дүкендеріндегі баға мен азық-түлік тауарларының қорына және бағаның тұрақтылығы бойынша мониторинг жүргізіліп отыр, — деді бөлім басшысы.
Жиынның қорытынды кезеңінде аудан басшысы алдағы мереке күндері қоғамдық тәртіптің сақталуы туралы нақты тапсырмалар берді.
Алдыңғы жазба