КӨРІСУ КҮНІ – АМАЛ МЕРЕКЕСІ

0 16

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәй­кес, Наурыз мерекесі жаңа форматта той­ланады. Осыған орай, ауданда 10 күндік Наурызнама тұжырымдамасының аясында іс-шара жоспары бекітіліп, 14 – наурыз Көрісу күнінен бастап, мерекелік іс-шаралар легі жалғасын табатын болады. Онда хал­қымыздың ұмыт болған дәстүрлерін, сол дәстүрлерден туындаған әртүрлі ұлттық тағамдарды даярлау әдістері және ұлттық қолөнер бұйымдары дәріптеледі.
14 наурыз – Көрісу күніне орай ау­дандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі, аудандық «Жастар ресурстық орталығы», аудандық орталық кітапхана мен аудандық мәдениет үйінің басшылары бірлесіп, «Көрісу күні – Амал мерекесі» тақырыбында тәрбиелік маңызы зор іс-шара өткізді. Оған зейнеткерлер, аталмыш мекемелердің қызметкерлері қатысып, бір-бірімен амандасып, жақсылық тілеп қана қоймай, жасы үлкендерге құрмет көрсетіп, ілтипат білдірген дәстүрлер көрініс тапты. Сондай-ақ төс қағыстырып, мал-жанының амандығын сұрасты.
Мерекелік іс-шарада аудан өнерпазы Жанғазы Пәрмешов домбырамен ән шыр­қап, кештің көркін қыздырды.
Ал ардагер ұстаз Шахаркүл Оспанова: «Бұл күн – «Адам аузы аққа, мал аузы көкке тиді» деп адамның адаммен, жылдың жылмен көрісетін күні.
Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық ті­лейді. Көрісе отырып, «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!» деп айту керек. Үй ішін жуып, тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды. Көрісу күніне ешкім арнайы ша­қырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды. Адамдар бір-біріне түске дейін көрісіп шығуға тырысады. Көрісе шыққан адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, дастарханға шақырады-деді.