ӘЖЕЛЕР МЕН АТАЛАР КЛУБЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ЖИЫНЫ ӨТТІ

0 31

Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінде 15 наурыз – Қайырымдылық күні «Ғибрат» әжелер клубы мен «Бәйтерек» аталар клубы жұмысының шебер сабақтары өтті.
«Ғибрат» әжелер клубы жұмысын клуб жетекшісі Саягүл Иетаева «Ырым-тыйым – әдептілік негізі» тақырыбында өткізді.
«Әдептілік дегеніміз не?», «Ырым-тыйым­дардың әдептілік сөзіне қатысы бар ма?» тәрізді сұрақтармен бастаған Саягүл Төреханқызы ырым -тыйым ұғымына кеңінен тоқталды.
Сабаққа қатысқан әжелеріміз Раиса Қожабекова, Раушан Арыстанбекова неме­релеріне үйреткен әдепті тәрбиесін айтты.
Осы бөлімді «Ертеде бір сұлулық пен ұсқынсыздық теңіз жағасында кездесіп қалыпты. Екеуі көлге түсіп шомылайық деп келіседі. Шомылып жүргенде ұсқынсыздық судан ерте шығып алып, сұлулықтың киімін киіп алып кетіп қалады. Суда қалған сұлулыққа амалсыздан ұсқынсыздың киімін киіп шығуға тура келеді. Содан бері жұрт сұлулық пен ұсқынсыздықты шатастыратын болыпты. Сондықтан да сұлулықты сыртына қарап емес ішіне қарап, тану керек. Әрине адамның сөзі мен ісі, сырты мен іші үйлесімді болғанға не жетсін» деп қорытты.
Ырым – халқымыздың бізге мирас болған ғұрпы. Ырымның жолдары мен түрлері халық арасында өте көп. Мысалы халқымыз шешен болсын деп, дуалы ауызды адамға баласының аузына түкірту, отаншыл болсын деп туған жерге аунату, ержүрек болсын деп батырдың сарқытын жегізу немесе оның атын қою сияқты ырымдар бар. Мысалы, Шыңғыс баласы Шоқанға ырымдап Сегіз серінің (Мұхамедқанапия) атын қойған. Осындай үлгі ырымдарды кейінгі ұрпаққа айта жүру үлкендерге міндет.
Сабақ барысында тыйым сөздерге де тоқталды. Тыйым сөз — нағыз тәрбие.
Сабақтағы өзекті екінші сұрақ: Ырым әдепке негіз бола ала ма? деген сұрақ болды.
Бұл сұраққа мектебіміздің әжелерінің бірі жауап берді. Сұрақты мұғалім былайша толықтырды.
Қазақ баланы педагогика-психология деген ғылым жоқ заманда «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деп, қарапайым қағидалармен тәрбиелеген.
«Ұят болады» деп әдепке үйретсе, «жаман болады» деп жақсы нәрсеге ырымдап, «обал болады» деп тыйым жасап отырған. Әдептiң негiзi жақсы болмаққа ниеттене бет бұрып, жамандықтан, ерсi әрекеттен тыйылудан тұрады» деді.
Сабақ «Бәйтерек» аталар клубының жұмысына жалғасты. Аталар клубының жетекшісі Кенжекүл Мырзабаева сабақты «Жеті атасын білген ер–жеті жұрттың қамын жер» тақырыбымен бастады. Сабақ «Шежірені, әулет тарихын білудің, оны ұрпаққа мирас етудің мәнін талқылауды» мақсат етті.
Жеті ата тұрғысында Қанатбек Серікбаев ата өз ойындағы білгенімен ашық жарқын бөлісті. Асқан Өмірбаев ата да немерелерінің тек туралы ұғымдарына тәрбиелік мәні бар туыстық, жақындықты естеріне салып отыратындығын жеткізді.
«Бәйтерек» аталар клубының жетекшісі Кенжекүл Қоңырбайқызы «Жалпы, қазақта жеті атаны білу — жеті адамның атын білу ғана емес, солардан тараған ағайын-туысыңды білу. Үлкендеріне құрмет көрсетіп, кішілеріне қамқорлық жасау. Сондықтан да біздің ата-бабаларымыз өз балаларына жеті атасының аты-жөнін, атамекенін, өз руынан шыққан елге сыйлы, белгілі адамдардың атын айтып, өмірін үлгі-өнеге етіп отырған. Ал бұған немқұрайлы, салғырт қарағандарды «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп іске алғысыз етеді» деп сөзін түйіндеді. Ата-әжелеріміздің құрметіне 4 «А» сынып оқушылары Инабат Бақыт пен Раяна Несіпбай ұлттық би билеп, өнерлерін көрсетті. Осы сыныптың оқушысы Кәусар Қожаханқызы Асылбек Еңсеповтің «Детство» шығармасын дом­бырамен орындады. Іс- шара соңында мектеп директорының тәрбие ісі жө­ніндегі орынбасары Баян Махамедова «Ата-аналарды педагогикалық қолдау ор­талығының» «Сенім арту – жетістік кепілі» тақырыбына қысқаша шолу жасады. Сон­дай-ақ баланың еңбекқор болып өсуіне басты жау–жалқаулық екені туралы сөз сабақтады. Абай атамыздың 38 — қарасөзінде айтылған құнды пікірлерді мысалға келтіріп, адам баласы өзін-өзі білмейінше табысты жетістікке жете алмау себептеріне тоқталды.
Сабақ соңында данышпан мен көше кезіп жүрген адамның «Бәрі де өз қолыңда» әңгімесімен түйіндеді.
Іс-шара соңында ата-әжелеріміз са­бақтан алған әсерлерімен бөлісіп, алғыс­тарын айтып тарқасты.