Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сана. Ал жастар болса қоғамның негізгі қозғаушы күші. Жастардың дінге деген көзқарасы, түсінігі тәрбиеден басталады. Дінге деген көзқарас әр кезеңде әр қоғамда сан алуан болып келген. Ал діни ұстанымдар негізінде қалыптасқан сенім жастардың қоршаған ортамен, басқа адамдармен санасы мен дүниетанымы бойынша қалыптасады.
Барлық тарихи кезеңдерде жастар қоғамның ең ұтқыр, оқуға, жаңалық енгізуге және реформаларға бейім бөлігі ретінде сипатталғанын бәріміз білеміз. Қазіргі таңда тек білімді, ой-санасы терең, ақыл-ойы дамыған және кәсіби дайындалған жастар ғана сапалық, серпінді және инновациялық дамудың маңызды шарты мен кепілі болатынын, еліміздің болашағын қамтамасыз ете алатынын ешкімге дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.
Қазір барлық адамзаттың ғаламтор желісін қолдануы заңдылық. Әсіресе, жастар үлкен буын өкілдеріне қарағанда ғаламтордың мүмкіндіктерін жетік меңгерген. Сондықтан, олардың осындай амалдар арқылы өзіне тартатын деструктивті ағымдардың әсеріне ұшырау қауіпі жоғары.
Діни экстремизм мен терроризмнің кеңінен таралуы осы жағдайдан пайда болып жатады. Олар өмірде әлеуметтік тұрғыда қандай жағдайға ұмтылу керектігін, сол бағдарламаланған мақсаттарды қандай тиімді жолмен іске асыру қажеттілігін, неге қуанып неден қашу керектігін шешеді. Тәжірибесіз жас діни ойындар мен соғыстардың «ойыншысы мен орындаушысына» қалай айналып кеткенін өзі де түсінбей, сезінбей қалады.
Экстремизм мен терроризм идеологтары дінді пайдаланып, діни риториканың ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың белгілі бір топтарының ой-санасына теріс ықпал ете білді. Көп жағдайда әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленетін, идеологиялық ықпалға тез түсетін қоғамның ерекше тобы саналатын жастар теріс пиғылды діни насихаттық қызмет үшін ыңғайлы нысанаға айналды. Жас ерекшеліктеріне қарай ізденгіш және білуге құмар болып келетін жастар қылмыс әлемінің, соның ішінде шетелдік және халықаралық субъектілердің тарапынан айлакерлікпен жасалған идеологиялық тұзаққа жиі түсетін болды.
Бүгінгі жас ұрпақ жастық шақ пен алтын уақытты дұрыс бағалап, білім алуға, кәсіптің белгілі бір саласын игеруге барынша күш жұмсауы қажет. Жастар заманауи техникалық байланыс құралдарының барлық түрін игеріп шығу тиіс. Діни тұрғыдан алғанда әркімнің өз халқының дәстүрлерін біліп, сақтап, құрметтегені абзал.
Соңғы жылдары жастардың рухани дәстүрлерге, әсіресе дінге қызығушылығын байқауға болады. Түрлі жат ағымдарға ерген жастарымыз оқу мекемелерін тастап, салт-дәстүрімізге, ұлттық мейрамдарымызға қарсы шығып, үлкендерге құрмет көрсетуді дұрыс емес, харам дейтіндер де шығып жатыр. Осындай бір ағымдардың теріс пиғылды уағыздарының салдарынан отбасынан кетіп, түрлі психологиялық басымдылыққа тәуелді болып өз-өздеріне қол салып, әр түрлі жағымсыз жағдайларға тап болып жатқандарын байқап жүрміз.
Дәстүрлі емес діни ағымдардың көбеюi, біріншіден адамдардың діни сауатының жоқтығынан және сауатының аздығынан шығады. Көп жағдайда, қиыншылықтa жүрген, бiлімi aз адамдарды дәстүрлі емес діни ағымдарға тартуға тырысады.
Жүргізілген зерттеу жұмыстарының барысында, жастардың діни сауаттылығының төмен деңгейде екенін аңғаруға болады. Ата аналардың басым бөлігі өз балаларының тәрбиесімен айналыспай бей-жай қарап, барлық жүкті мектепке, оқу орнына итере салады. Қорыта келгенде, елдің жарқын болашағы үшін жастардың діни тұрғыдан дұрыс бағытта өсіп жетілуі өте маңызды. Қазіргі таңда, жастарымыздың жат ағымның жолына кетуінің басты себептерінің бірі, отбасыдан алынатын тәрбиенің жетімсіздігі болып табылады.
Отбасынан аламаған қажеттіліктерін басқа жерден іздеген жастардың тағдыры келеңсіз жағдайларға соқтыртып жатады. Бала отбасынының айнасы. Отбасы қоғамның алғашқы ұясы болғандықтан, оны нығайту керек, тәрбиелік мәнін арттырып, қоғамның басты және ерекше назарында болуы керек. Отбасының басты миссиясы баланы өмірге әкелу ғана емес, балаға мәдени, әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу. Сондықтан aта ананың тәрбиесiн oрнын еш нәрсе тoлтыра aлмaйды.
Айнұр СҰЛТАШЕВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.
Алдыңғы жазба
Келесі жазба