Заманынан оза туатын ұлы тұлғалар болады. Туғанына 180 жыл өтсе де өзінің данышпандығымен алыптардың қатарынан ойып орын алған ұлы Абайдың орны бөлек. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп ортақ ой тастаған Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін бүкіл әлем оқиды, тамсанады, тәлім алады. Мен де соның бірімін. Абайды оқыған сайын көңіл көкжиегім кеңейіп, рухтанамын.
Данышпан Абай өзінің бірінші қара сөзінде: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік, алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық — әурешілікті көре-көре келдік», — депті.
«…қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын»,-дейді.
Шынтуайтында, жүрегі бар әр қазақ өстіп тереңнен ойлай ма? Қазаққа ең керегі тегінде, намыс. Ар-ұяты мол, иманды адамды намысты деймін. «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең істің бәрі бос» демекші, біріне-бірі жаулық істемей, бөтен жұртқа күлкі болмай, бірін-бірі үндеп, қызғаншылыққа салынбай, адал еңбекпен мал тауып, білім қуып, мен де еш бір ұлттан, халықтан кем емеспін деп намыстанса, алға ұмтылса, білімімен өзге жұртты мойындатса, қазақ баяғыда-ақ асқақтап, жалпақ жұртқа танылар еді деп ойлаймын.
Абай жаманшылыққа үйір болатын нәрсенің қатарына білімсіздікті, надандықты, жұмыссыздықты жатқызады. Тап олай дейін десек, бізден білімді ел жоқ. Әттең, қолда барда алтынның қадірі жоқ дегендей , сол оқудың қадірін біліп жүргендер аз. Көбісі кітап оқымайды. Көз майын тауыспайды. Оған кітап оқы деп айтатын ата-ана да некен-саяқ.
Абай он тоғызыншы қара сөзінде былай дейді: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танидыдағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі де есті болады. Әрбір естелік жеке өзі іске жарамайды.
Әйтпесе:
Кеселді жалқау, қаңғыбас
Әзір тамақ, әзір ас.
Сыртың – пысық, ішің – нас,
Артын ойлап ұялмас, — деген Абай «Жетінші сөзінде» бүй демей ме: «Жас бала анадан туғанда екі мінезбен туады, біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды».
Абайша: «Әуелде Құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі етіп жаратқаны, сол әсерін көрсетіп жаратқаны». Демек, көкірегінде сәулесі, көңілінде сенімі жоқ адам – надан, білімсіз, хайуаннан еш артықшылығы жоқ.
Тегінде, ұл-қызға қазақтың ескі салт-дәстүрін, тілін, дінін, ділін бойына сіңіртпесе, ұлт болып жарытпасы анық. Бірақ, ұлы Абай қырық бірінші қара сөзінде: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деген адамға екі нәрсе керек» дей келе: «әуелі – бек зор үкімет, жарлық қолында бар кісі керек» деп ой түйеді де: «Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылымен не жырлап, не сырлап айтқаныменен еш нәрсеге көндіру мүмкін де емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтімен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген», — деп налиды.
Олай болатыны, қазақ елді бірлікке шақыратын топ басын сыйлаудан қалып, намысынан ажырай бастаған көрінеді. Одан шығатын жол қайсы? «Аты аталып, әруақ шақырылған жерде ағайынға, өкпе араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен» (Абай, «Он тоғызыншы қара сөз).
Арлылық, намыстылық, табандылық, міне, Қазаққа керегі осы екен. Осылардан ажырап бара жатсақ, қайтып ақылды, қайратты, жүректі ұл тәрбиелей аласыз, қазағым!
* * *
Тағы Абайға жүгінейік. Отыз сегізінші қара сөзінде Ұлы ақын адамның мінездері, оның қалыптасуы жайында ой қозғайды. «Жақсы, есті адам махаббаттан туады» дейді. Сірә да, дүниеге жақсы адам келуі үшін ата-анасы да есті, сыйластықта болуы керек дегені шығар. Сүйінбай ақын: «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған, жаманнан жаман туар қарқылдаған» демей ме? Әрине, тәні, дені сау, мінез-құлыққа бай адам болғанға не жетсін, ол да Тәңірінің сыйы. Баланың әрі қарай жақсы болмағы «жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады». Осының бәрі талап, ұғым, махаббаттан шығады.
Осы күні нашар бала қайдан шығады деп таңырқаймыз. Білсек, бәріне кінәлі өзіміз екен.
* * *
Іріген ауыздан шіріген сөз шығады. Былапыт сөйлейтіндер көбейді.
Француз халқында балағат сөз жоқ. Тегінде шетінен ақсүйек пе дерсің. Боқтықтан орыстар алдына жан салмайды. Әдемі, таза сөзді бөтен сөзбен былғамай сөйлеу тектілікпен келеді.
Қазақтың тектілігінен ажырап қалғандығы өкінішті… Абай:
Күлмеңдеп келер көздері,
Қалжыңбас келер өздері.
Кекектеп, секек етем деп,
Шошқа туар сөздері, — деп шынайы бет-бейнесін, мінез-құлқын берген қазақтың санасын рухани жаңғырту мүмкін бе?!
Осы мінезден қазақ арылды ма? Қоғамға дендеп енген жаман қылықтар мен әдеттер неге азаймай отыр? Зорлық-зомбылық, бұзақылық, зинақорлық, әдепсіздік қоғамның дертіне айналғаны қалай? Абай айтқан тәрбие мен білім алған қазақтың ұлттық құндылығынан ажырауының себебі неде? Осы сұрақтар қалың жұртты мазалайды, ағайын! Бірақ, сол қалың жұрт әлгі жегілерді жеңе алмай отыр. Өте өкінішті!
* * *
Тағы да Абай:
Заман ақыр жастары,
Қосылмас еш бастары.
Біріне-бірі қастықта,
Қойнына тыққан тастары, — деп жазыпты.
У-шуы көп, базары қайнаған қаласы аз, қаптаған шенді қызметі жоқ Ұлы далада өмір сүріп, біріне-бірі қастық қылған заманнан бері бір жарым ғасыр өтті.
Не өзгерді? Еңбек етіп, мал жинағаны аз. Бостықпен күн өткізіп, еңбек ет десең, асаптай жатып аузын арандай ашып, істемегеніне алдын ала ақысын сұрап, бір сәтте байып кеткісі келіп тұратын дала қазағы мен тілімен боқ дүние жинап, қу, бос әулекі қиялымен күн өткізіп, бала-шаға, әке-шешесінің нәпәқасымен арағын ішіп, аузы сасық, ойы пасық қазақтың, Абай айтқан қазақтан несі артық?!
* * *
Шәкәрім Құдайбердіұлы Абайдан кейінгі ғұлама. Ойшыл. Сол кісі күллі қазақ баласына сауал тастапты:
1. Алланың адамды жаратқандағы мақсаты не?
2. Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?
3. Адамға өлген соң, мейлі, не жөнімен болсын, рахат-бейнет (сауап- азап) бар ма?
4. Ең жақсы адам не қылған кісі?
5. Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара ма?
Әрбір жұмыр бастыны, есті кісіні ойлантатын-ақ сауалдар. Өткенде орталық баспасөз беттерінде («Егемен Қазақстан») еліміздің біраз ақылмандары осы сұрақтарға хал-қадерінше жауап беріпті. Оқыдық. Мен де ақылым жеткенше жауап беруге тырысайын:
1. Алла адам баласын жаратқанында он сегіз мың ғаламға менің атымнан иелік етсін деп жаратты. Егер адам баласы жаратылмаса, Жаратқанды кім танымақ? Онда Жаратушы да болмас еді ғой.
2. Адамға тіршілік ішіп-жеу үшін емес, адамдық қалпын сақтап қалу үшін керек. Адамды адам еткен еңбек екенін ұмытпау керек. Адам адамшылдығынан азып біткенде тіршілік те тоқтайды, ақырзаман басталады.
3. Адамға өлген соң рахат-азап тіршіліктегі адамның қасиетін қаншалықты алып жүруіне байланысты. О дүниеде Жаратушының сұрауы анық. Кісі ақысын жемеген, есті, жақсы адам көрінде жайлы жатады, себебі, оны ел есінен шығармайды, мақтап, мадақтап, отырады. Сондықтан, қазақ «жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық», — деген. Жаманға артындағы жұрты «көріңде өкіргір» деп қарғыс тілер. Оның үшін ғана емес, ұрпағы үшін оның азаптан қай жағы кем?
4. Ең жақсы адам – Алланың сүйген құлы, адамдық кейпін бұзбай, халыққа адал еңбек еткен кісі.
5. Адамның бір-біріне деген махаббаты, мейірі азайған сайын, дүние – адамшылықтың, кісіліктің өлшеміне айналған сайын, заманақыр жақындай түседі.
Сондықтан, Алла тағала Құран Кәрімді түсіріп адамдардың бір-біріне мейірімді, кешірімді, қанағатшыл болуын талап еткен.
Бүгіндегі қоғам сол мейірімділіктен ажырап, азғындаған аш бөріге ұқсап тұр.
Мүмкін артық, мүмкін кем, менің пайымым осы.
Сол Шәкәрім:
Бұл күнде дұрыс иман жоқ.
Шатақ дін нәпсі тиған жоқ.
Ақылы саудың ойы ма,
Алдамшы діндер сыйған жоқ,- деп пайымдаған. Сан түрлі дінге ойланбай кіріп жатқан қандастарымызды көріп, қазағымның бет-бейнесін көргендеймін.
Дүниені не жеңбек? Жанымызды не нұрландырмақ? Нәпсіні не тыймақ? Әрине, ақыл, қайрат, жүрек. Абайша айтсақ, осы үшеуін тең ұстайтын нарсе – ғылым-білім. Оған берік дінді, ақ иманды қоссақ та болар.
«Құдайшылдан емес, Құдайдан қорықпағаннан қорқу керек» — деп бір данышпан дұрыс айтқан. Шын Құдайшыл жұртын алдамайды, еңбегін жемейді, бөлмейді, мен ғана пысықпын демейді, иманды келеді.
Абайша айтқанда әкеңнің баласы болмай, адамның бауыры болғанда ғана – адамсың. Мен де осы көп қазақтың бірімін.Әлгі жаман қасиеттерге «виновттың» (Абайша) бірі де менмін.
Бірақ, Абай хәкім: «Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адаммінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп ашумен тіктепті. Сірә да, данышпаннан артық біз не айта аламыз?!
* * *
Мен осы «Абайды оқы, тәлім ал» деп осыдан 6 жыл бұрын жазып едім. Ал ұлы Абай өзінің қара сөздерін 140 жыл бұрын жазып кетті. Содан бері қазақтың мінез-құлқы, таным-түсінігі, санасы, өмір сүру салты өзгерді ме? Соны ойға салып сараласам, өзгере қойған ештеңе жоқ тәрізді. Сол баяғы: «Өтірік, өсек, мақтаншақ, Еріншек бекер мал шашпақтың» ол жақ, бұл жағында тұрмыз. Тойшылмыз, ойшыл емеспіз. Адал еңбектен қашатындар көбейді. Бір күндікпен өмір сүріп, «Құдай өзі жарылқайды» деп жүріп жатқан жайымыз бар. Оны айтасыз, бұл қазақ отбасын сақтауды мансұқ етіп, кейбір деректерге қарағанда ажырасу жөнінен дүниежүзінде алғашқылардың қатарына қосылыппыз. Бұл ұлттық-трагедия деп санаймын. Осыдан 40 жыл бұрын Әбілдаев Бақтияр деген ағам жанында бір ғалымы бар кабинетіме келіп: «Сәке, енді 100 жылдан кейін отбасы деген болмайды, дүниені әйел билейді» дегенде сенбеп едім. Бүгінгі күні сұрқын көріп, болашағымнан шошып отырмын. Абай текке «Аһ» ұрмаған екен. Не деген данышпан адам десеңізші. Бірақ қазақ «үмітсіз шайтан», — дейді. Шайтандығымызды мойындасақ, онда құрдымға кеткеніміз, адамшылықты, кісілікті, арды, ұятты, намысты ойласақ, бәлкім, заманымыз түзелер.
Сәулембай
ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
ақпарат саласының үздігі, Талас аудандық Билер
кеңесінің төрағасы.