АДАМДАР. ЖЫЛДАР. ТАҒДЫРЛАР

0 8

ЕГІН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БІЛГІРІ ЕДІ

Құдиярхан Ақбердиев туралы толғаныс

Қарт Қаратаудың үстіртін Көсегенің Көк Жоны деп атайды екен. Өлкені зерттеушілер Арқалық деп жатады. Белгілі ғалым Мәдияр Елеуовпен әңгімелескенімде, сонау Күйік асуынан бастап Қызылорда облысындағы Қаратау деп аталатын тағы бір тау сілемін Ұлы Жібек жолына жатқызды. Осы таулардың үстімен сонау Қытайдан шыққан керуен еш қиындық көрмей тау жотасын жол етіп Самарқанға, Созақтан аса бере Русь жеріне кететін болған. Айта берсе мұның бәрі тарих. 1974 жылы аудандық «Ленин жолы» газетінде (қазіргі «Талас тынысы») ауыл шаруашылығы бөлімін басқарушы едім. Редакторым — Баймұратов Оразбек аға. Күз айы. Егін орағы басталып, ауданның бүкіл астық комбайндары Көсегенің Көк Жонына шығып, «Қаратау» және «Майтөбе» совхоздарының арпа, бидайын орады екен. Бүткіл ауданның, тіпті облыстың басшылары сол егін науқанында комбайндарменен қоян-қолтық араласып, еңбек көркін қыздырып жататын көрінеді.
Сол жонда қырман басына жете бере «Қаратау» совхозының директоры Ақбердиев Құдиярхан ағамен алғаш жолықтық. Күнге күйген, орта бойлы, шашы бұйралау, қой көздері адамдарға мейірлене қарайтын ағаның қарапайымдылығына тәнтімін. «Бастықпын» деп бәлсінбей: « Қош келдіңдер» деп жатыр. Қасымда газеттің фото тілшісі Райымов Үлгібай. Елпілдеген Үлгібайым фото аппаратын дайындап директорды суретке түсіруге ыңғайланып еді, Құдиярхан аға: « Мені түсірме Үлгібай, күндіз, түні уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген комбайнерлерді түсір» деп көнбей қоймасы бар ма. Сол сөзден кейін-ақ ағаның қарапайымдылығына көзіміз жетті. Егін басында комбайнерлермен кездесіп, дала қосында директорымыз бар түскі әлпет кезінде бірге тамақтандық. Құдиярхан аға бұл жолы да еңбек адамдарынан бөлектенбеді. Қаратаудың жонында аудандық партия комитетінің хатшысы Сәрсенбаев Алдабергенмен жолықтық. Ол кісі де қалың қою шашын артына қайырып, үлкен ала көздері от шашып: « Әй Құдиярхан, мына қырандарыңның қарқыны жақсы. Олардың мазасын алмайық. Одан да бір демалатын жерді дайында» деп тапсырма берді. Құдиярхан хатшының сөзін екі еткен жоқ. Дала қосында тігілген екі үйдің біріне барып жайғастырып: «Алтеке, сіз демала беріңіз. Жаныңызға серік болатын ферма бастықтарын жіберемін» деп өзі тағы да бізбен ілесіп егін жайды аралап кеттік.
Сол күні егін басында аудандық тұқым шаруашылығы сапасын тексеру инспекциясының бастығы Жайнақов Мақтабек аға жолығысып қалды. Ол кісі туа бітті агроном ғой. Ауыл шаруашылығы бөлімін басқаратын болған соң Махаңмен қоян-қолтық араласып, жұмыс істеп, ақыл-кеңес сұраймыз. Мақтабек майда істің адамы емес, нағыз маман, білгір агроном және ешкімнің бет жүзіне қарамай тіке сөйлейтін адам. Сол әдетімен Құдиярханға: «Көріп келемін, бидайдың бітімі жақсы, қырман басына барысымен, қырағылығыңды күшейт. Қолды болып кетпесін» деп тапсырма беріп жатыр. Құдиярхан онымен дауласқан жоқ. «Мақа, сіз айтпасаңыз да қырманда отырған Омаров ешкімге билете қоймас» деп күлді. Омаровын да көрдік. Толықша келген құс мұрын күрді жігіті болып шықты. Оның да мамандығы агроном. Енді ойлап қарасам, сол жылдары ауданда жерге жаны ашитын, егін шаруашылығының мамандары агрономдар көп екен ғой. Бізді ертіп жүрген, Ақбердиев Құдиярхан да агроном. Агроном болғанда жерді сүйетін, астық үшін жаны күйетін нағыз агроном. Өз басым сары алтындай жонның үстін жауып жатқан бидайды көрген адам емеспін. Таң қалдым. Бидай мен арпаның айырмашылығына зер салдым. Бір күннің ішінде егін жайлы көп нәрсеге қанықтым. Қызық, Қаратауда Жасапбергенов, Тұрыпбергенов деген фамилиялар бар болып шықты. Құлаққа ерсі көрінген соң ба, Үлгібай екеуіміз күліп алдық. Сапарымыз жайлы редакцияға оралған соң газеттің ішкі екі бетіне айқайлатып тұрып, мақала бердік. Соны аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Ерсейітов Рахыжан оқыған екен: «Әй, ана Құдиярханды аспанға шығарыпсың» деп редакторымызға ескерту жасапты. Кім біледі, қандай есеп екенін.
Қалай болғанда да маған Құдиярханның адамгершілігі, кісілігі, қарапайымдылығы әу бастан ұнады. Менен бір мүшел жас үлкендігіне қарамастан, ағалы-інідей болып сыйласып кеттік. Жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ, адамды алаламайтын қарапайым адамдар ғана жүрегіңде қалады. Міне, Құдиярхан сондай жан еді.
Түнеу күні Тараз қаласында Құдиярхан ағаның жақын жолдастарының бірі, Талас ауданының құрметті азаматы, бұл күндері 90 жасты алқымдаған Жұманқұлов Көшербек ағамен жолығысып, өткен күнді еске алдық. Сөз арасында мен: «Құдиярхан аға туралы естелік айтсаңызшы» деп өтіндім. Көшекең онымен құрдас екенін, бастауыш сыныпты бітірген соң 1951-ші жылы екеуі бірі Қызыләуіттен екіншісі Ойықтан Ақкөл жеті жылдық мектебінде бірге оқығандарын, құрдасының жас күнінен елгезек, көпшіл екендігін еске алып, қамығып қалды. «Елу жасқа жетер жетпес кезінде өмірден озды ғой, азамат» деді.
Ол жылдары Ақкөлде орта мектеп жоқ. Сегізінші сыныпты Қаратау қаласындағы Карл Маркс мектебінде мектеп- интернатында жатып, келер жылы Ақкөлде орта мектеп ашылып, екеуі ауданға қайта оралып, орта мектепті 1954-ші жылы бітірсе керек. «Мектепті 20-ға жуық оқушы бітірдік. Ортамызда 4 қыз. Сол жылы Сатымбеков Мақсұтбек екеуіміз Алматы қаласына барып, институтқа түсіп кеттік те, Құдиярханның жолы болмай ауыл шаруашылығы институының агрономия факультетіне құжат тапсырып, екінші емтиханында сүрініп, ауылға оралды. Кетерінде: «Бәрібір осы оқуға түсемін» деп шегелеп кетті. Келер жылы түсті, бірақ сырттай бөліміне. Оның себебі де жоқ емес еді. Құдиярханның жездесі Дауылбаев аудандық советі атқару комитетінің төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Құдиярханның әпкесінің айтуымен «аяқтандырып» жіберді. Сөйтіп Құдиярхан досымыз бізден бұрын Клара есімді сұлу қызға үйленіп, ауылдан шыға алмай қалды. Досымызға қалжыңдап «Ей, үйленген қалай екен?» деп сұрағанымызда ол: «Мойнына құрық түспеген асау екен, үш күнде әрең дегенде бас білдірдім» деп бізді күлдіргені бар.
Көшекең Құдиярханның құрдастарыменен қалжыңдасқанда, көңілдеріне тимей орнымен әзілін айтатынын еске алды. Жаңа жоғарыда айтқан күрді ұлтының өкілі Омаровпен де қатты араласты. Екеуі қатты қалжыңдасатын. Бірде оған: «Әй біз қайтып, шөптің жоспарын орындаймыз. Көктем шыға бере жоңышқаны сендер жеп тауысасыңдар» деп әдемі қалжыңдағаны бар. Оған Омаров ашуланбайды. Күледі де қояды. «Досым», дейді Көшекең, — қызметке де ерте араласты. Әкесі Ақберді колхоздың басқарма бастығы болған да бала демеген, Құдиярханды қырманға есепші етіп кіргізіп: «Жұмысты таза істе» деп тапсырған. Сірә, әділдік әкесінің тәрбиесімен қалыптасқан-ау деп ойлаймын. Мен институтты бітіріп келген соң Кеңес ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке директордың тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары болып, қызметке кіріскенімде, ол шаруашылықтың бас агрономы лауазымын атқарды. Білуімше, сол жылдары шаруашылық мол өнім алды. Онда досымның еңбегі көп еді.
Содан Ақкөл селолық советі атқару комитетінің хатшысы, біраз уақыт «Кеңес» совхозында партком хатшысы қызметтерін абыроймен атқарғанына куәмін. 1973-ші жылы «Қаратау» совхозының директоры қызметіне кірісті.
— Мен ол уақытта,- дейді. Қаратау қаласының тұрғыны, Талас ауданының құрметті ардагері Жуасбеков Ілиясбек ақсақал,- шаруашылықта ферма бастығы едім. Құдиярхан басшы болып келісімен, мамандарды конторға жинап, ақыл айтқанды доғарып, жұмысты астық жиналатын қойманың маңайынан я болмаса, машина трактор алаңынан бастады. Біз де сол жаққа барып, тапсырма алатынбыз. Ойпырмай, жеті жыл директор қызметін атқарғанда бір адамға қиянат жасамады. Барлық шаруаны асықпай, біздің пікір, ұсынысымызды тыңдап барып тындыратын. Бірде бір оңбаған менің әкемнің атынан Құдекеңді жамандап, аудандық партком комитетіне домалақ арыз жіберген. Мұндай сұмдықты көрмеген біз Құдекеңнің алдында қатты қысылдық. «Жазбадым» деп айту үшін, жазған бәлеқорды табуға біраз уақтымыз кетті. Сөйтсек, домалақ арыздың егесі, тасжолдың бойында отыратын бәлеқор кісі болып шықты. Өзі жалғыз аяқ ұры еді. Әкеміз соны бетіне басқан ғой. Содан өш алу үшін, әлгі бәленің домалақ арыз жазғаны белгілі болды. Ұрыда ұят бола ма? Кісәпірде ар бар ма? Ұялмай, қызармай әкемізден кешірім сұрады.
Құдиярхан сонда бізге: «Сіздердің адал екендіктеріңізге әу бастан сенемін ғой. Сондықтан ренжіген жоқпын», — деді. Сөйтіп, тектілігін көрсетті. Әлгі домалақ арыздың егесіне де кешірім берді. Тек: «Жол бойында жомарт отырады, ее, өткен, кеткенді құр жібермейтін ұры отырады деуші еді. Ұрлығыңды қой» депті оған.
Құдиярхан Ақбердиев «Қаратау» совхозында жеті жыл қызмет атқарып, 1981-ші жылы ауданда жаңадан құрылған «Агрохимия» мекемесін басқаруға ауысты. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ерсейітов Рахыжан: «Құдиярхан, егін шаруашылығын сенен артық білетін ешкім жоқ. Сондықтан осы мекеменің тізгінін саған ұстатып отырмын», — депті. Хатшының сенімін ақтады ол. Сол жылдары аудан бойынша егін алқабының көлемі ұлғайып қана қоймай, гектарына 10-15 центнер астық алу қалыптасты. Құдекеңнің айтуымен жерді негізсіз жырта бермей, жаңа технология бойынша дән себу қолға алынды. Жоспарды орындаймыз деп жайылымдық, шабындық жерлерді ретсіз игеруге де тыйым салынды. Жердің көлеміне қарап емес, тұқым сапасын жақсарта отырып, өнімділігін арттыруға бетбұрыс жасалынды. Осындай әрекетке Құдиярхан ғана емес сол кездегі Мақтабек Жайнақов, шаруашылық агрономдары Бейсеуов Айдапкелов, Назаров, Бабаев сияқты кәнігі агрономдар, жерге жаны ашитын мамандар бірігіп, аудан басшылығының көзін жеткізді. Ауданда егіс алқабының көлемін қысқарта отырып, өнімдікті арттыру арқылы астық жинау қалыптасып келе жатқан. Амал не, КСРО тарап, егін шаруашылығы екінші қатарға ығыстырылып, Талас ауданы егіннен тұрақты өнім ала алмайтын өңірге айналды. Агротехникалық іс – шаралар жүргізілмеген соң егім алқаптары егесіз қалып, сор басты, қарасора қаптады. Тіпті оны айтасыз Көсегенің Көк Жоны да көлденең аттылардың шаужайында кетті. Бірен — сараң шаруа қожалықтары тыртаңдап егін еккенімен, баяғы салтанатынан ажырап қалды. Оны айтасыз, агроном мамандығы керексіз мамандықтың біріне айналып кетті.
Енді ғана жерге иелік, көзқарас өзгеруде. Оған да Құдайға шүкір. Бір кездері жерді еміп өскен таластық агрономдардың еңбектері қазір аңызға айналды. Ал Құдиярхан Ақбердиев болса 1984-ші жылы 50 жасқа қараған шағында бұл дүниеден баз кешті.
Жаратаушы да шебер ғой. Агрономдардың дәуірі өтті ме? Баяғы сазаны тайдай тулап жататын, арыны қатты Талас, Аса өзендерінің де бағын басынан ұшырды. Енді өзеннің жағасында қауын, қарбыз егетін бірен-саран бақшашылар болмаса, судың тақыр жоқтығынан шашақты жүгері мен масақты дақылдардың да төбесі көрінбейді. Кім кінәлі? Кім осы қалге жеткізген?
Биылғы жылы жауын мен судың тапшылығынан жайылымдық тозып, шабындықтың көлемі азайып, ауыл халқы қайрансыз қалды.
Сонда деймін-ау, осы қалыпты Құдиярхан ағалар көрсе: «Жер Ана, соншалықты тозатындай не болды?» деп көкіректері қарс айырыла сұрар ма еді! Ия, олар да аңызға айналды. Тек үмітсіз шайтан деп күн көріп жатқан ауыл халқының болашағынан мол үміт күтіп, қайырылмастың кемесіне мініп, кеткендерден кешірім сұрап, туған жерді аялай берейік, ағайын.

Сәулембай Әбсадықұлы,
Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздігі.