Өткен аптада аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» орталығында кітапхананың оқырманға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен «Алғыс жүректен шығады» атты тақырыпта кездесу кеші өтті. Кешке аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінің кітапханашысы Алла Шнеер, аудандық архивтің қызметкері Виктория Магай, ауыл тұрғындары Ольга Монс, Ирина Хасанова, «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Әсел Қуаныш, «Мәңгілік Ел» білім беру орталығының ұстаздары мен саз мектебінің өнерпаз оқушылары қатысты.
Кездесу кешін орталық кітапхананың оқырманға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Фарида Төлегенова ашып, байыпты жүргізді.
Кездесу кешінде сөз алған ауданымыздың Құрметті азаматы Жұманазар Көдеков: «Бұл күн тағдыр тоғыстырған еліміздің көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу, қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау, репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейірімділік пен ақкөңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды дәстүрлер күні. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббаттының жарқын мерекесі»,- деді.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Ғалия Шубаева: «Қазақстан халқы биыл тоғызыншы жыл қатарынан алғыс айту күнін атап өтуде. Тағдырдың тәлкегінен елімізге қоныс аударған этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, ауыртпалық атаулыны бірге көтерді. Бұл күн қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш-қайғыны бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын күні. Осы күнде адамдар бір-біріне, ата-аналарына, балаларына алғыс айтып, бірлесіп өткізген уақыттарын еске алып, уақытын отбасымен және достарымен бірге өткізеді. Алғыс айту күнінде адамдар бір-бірімен достық, туыстық, жағымды қарым-қатынас орнатуға бір қадам жасайды, жанжалдасып қалғандар татуласып, бір-бірінен кешірім сұрап, айналасындағыларға алғыс айтулары керек,- деді.
Кездесуде сөз алған өзге ұлт өкілдері Алла Шнеер, Ольга Монс, Виктория Магай, Ирина Хасанова Қазақстанның көп ұлтты ел болып қалыптасуына өзге ұлт өкілдерінің қазақ топырағына жер аударылып келуі мен бейбіт халықтың екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан жеріне көшірілуі себеп болғандығын, Қазақстан жеріне 4 миллионға жуық орыстан бөлек украин, шешендер мен ингуштар, 34 мыңнан астам поляк, 100 мыңнан астам кәрістер күштеп көшірілгенін айтты.
Ал «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Әсел Қуаныш: «Алғыс айту күні «АМАNАТ» партиясы және Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл кезінде түрлі тарихи себептерге байланысты қазақ жеріне табан тіреген ұлттар мен еліміздің өткенді еске алып, бүгінімізге ризашылығымызды білдіретін күн»,- деді.
Кездесу кешінде балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Меруерт Сұлтанова «Алғыс» әнін нақышына келтіріп орындады. Сондай-ақ саз мектебінің ұстаздары Ержан Омаров пен Кенже Тәжібаеваның шәкірттері күмбірлете күй тартып, қатысушылардың көңілдерін бір серпілтіп тастады.
Кештің соңында кітапхана басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Ғалия Шубаева кеш қонақтарына өнер көрсеткен шәкірттерге мерекелік құттықтау хат пен сыйлықтар тапсырды.
Алдыңғы жазба
Келесі жазба