АҚ САУЫТТЫ САҢЫРЫҚ БАТЫР

0 4

ТАРИХНАМАЛЫҚ ЖӘНЕ ДЕРЕКНАМАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ӘДІСТЕРІНІҢ ЖАҢАША АСПЕКТІЛЕРІ

Жамбыл өлкесінің тарихында ақын-абыздар, би-шешендер, батырлар, әулиелер өте көп болғаны белгілі. Солардың ішінде халық жады мен тарихи жазбаларда сақталған қазақтың Саңырық батырының алатын орны ерекше. Сағы сынып, сенімі таусылған қазақ елінің жоңғарларға қарсы соғыста қайта бас көтеріп, жауды жеңіп, ел азаттығын алуға ақ сауытты батырдың ықпал жасағанын тарихнамалық және дерекнамалық материалдар дәлелдейді.
Оған қоса, жаугершілік заманда өзінің ел-жұртына әділдігімен медет болған Саңырық батырдың XVIII ғасырда жоңғарларға қарсы соғыста тойтарыс беріп қана қоймай, Бұланты (1727), Аңырақай (1729), Қаратаудағы (1739) шайқастарында айрықша көзге түсуі — батырдың тарихи тұлғасын айқындайды. Осыған орай, қазіргі таңда қазақ жері мен этносының сақталуына орасан зор еңбегін сіңірген батыр тұлғасын зерттеу өзекті болып табылады.
Тарих ғылымы — күрделі де қиын, салалары көп, ілімі терең ғылымдардың бірі болып саналады. Зымырай сырғыған уақыт тасасында қалған тарихи оқиғалардың шынайы мәнін, ақиқатын ашу, тарихнамасы мен дерекнамасын айқындау аса күрделі мәселе. Орыс этнографы Н.Аристов шежірелердің қазақ халқы арасында тіпті жазба түрінде кездескендігіне, ғасырлар бойы сақталғандығына да назар аударып, таңданған екен. Сондықтан, осы мақаланың жазылуына Байбатыров Тәжібайдың «Тарих игаят Шежіре» (1967) атты қолжазбасы (№1 сурет) Саңырық батырдың тарихи тұлғалық болмысын зерттеуде негізгі дереккөз және алғаш рет қолданылған тың дерекнамалық материал ретінде пайдаланылды.

 

 

№1 сурет

Қазақ-жоңғар соғысында айбынды ерліктерімен ел есінде қалған Тайлақ батыр мен Саңырық батыр жөнінде қандай тарихи деректер бар? Бұл ретте М.Қойгелдиев бізге маңызды екі дереккөздерін атап айтады. Олардың бірі — қазақ жеріне XVIII және XIX ғасырларда арнайы тапсырмамен келген орыс әскери адамдарының артында қалдырған жазба мұралары да, ал екіншісі — ел арасында сақталып, бізге жеткен жылнамалар мен шежірелердің пайымдары. Бұл аталған екі дереккөздері біріне бірі өте жақын, тіптен олардың негізі бір десе де болады. Өйткені орыс офицерлерінің жазба жұмыстарына түскен фактілік материалдар, әрине, қазақ арасынан алынғаны даусыз.
XVIII ғасырдағы қазақ тарихы бойынша ірі зерттеуші М. Вяткин «Очерки по истории Казахской ССР» (1941) атты еңбегінде орыс дереккөздеріне сүйене отырып біздің тақырыбымызға байланысты мынадай аса бір маңызды дерек келтіреді: «…В такой чрезвычайно тяжелой международной обстановке старая аристократия, чингизиды, оказались совершенно неспособной оказать отпор завоевателям — джунгарам. Борьбу за независимость возглавили представители «черной кости». В Младшей Орде это был старшина Тайчек, в Старшей — старшина Сайрык. В Средней Орде в это время выдвигался старшина Бокенбай. В условиях паники, упадка духа и общей растерянности Бокенбай горячими призывами сумел организовать массы на отпор врагу. Объединенное ополчение всех трех Орд нанесло между 1727 и 1729 гг. поражение джунгарам. Независимость Средней и Младшей Орд на этот раз была сохранена, но не была устранена опасность нового нападения джунгарских войск».
Сөз ретіне қарай айта кетелік, профессор М.Вяткиннің бұл дәйегі «Ақтабан шұбырынды» кезеңіне арналған түрлі көркем туындыларға желі болып тартылды. М.Вяткин көрсетуіндегі Кіші жүз старшыны Тайчектің — Тайлақ батыр, ал Ұлы жүз старшыны Сайрыктың — Саңырық батыр екендігі ешқандай да күмән тудырмайды.
ХХ ғасырдың алғашқы жылдарына дейін халық жадында сақталып келген Ә.Диваев деректерінен үзінді келтірейік: «В те времена (т.е. в XVIII в.) большинство киргиз, как говорится в предании, находились под владычеством калмыков, а меньшая половина обитала еще ниже, между киргизами Кши-Юза (Малой Орды), которые делились на отделения: Адай, Буричь и Асмань-Бузгыль, представителем коих был некий Тайлак батыр. Затем часть киргизов рода Учакты жили ниже, в Перовском уезде, в горах Улу-тау и Киши-тау. Между киргизами Учакты из отделения Таш-джурек (каменное сердце) был богатырь по имени Санырык, который приходится, со стороны матери, племянником означенному выше Тайлак-Батыру.
Санырык был еще в цветущем возрасте (ему было всего лишь 35 лет от роду), когда он получил приглашение от дяди своего Тайлака принять участие в Великом совете, на котором потом было решено избавится от калмыкского ига, путем изгнания их. Совет состоялся. Тайлак батыр и Санырык окружили себя храбрыми и достойными людьми и пошли со своими киргизами против калмыков. Война длилась около трех лет. Наконец, калмыки бежали из Буланты, понеся полный погром, при чем самый блистательный бой одержан киргизами на местности Кара-Сиир. Местность эта и по сие время называется «Калмак-Крылган», т.е. «Гибель Калмыков».
Алдағы уақытта, зерттеу тарихнамасының аясы кеңейіп, отандық және шетелдік зерттеулермен, дереккөздермен, сілтемелермен толықтырылатын болады, себебі Саңырықты бүкіл қазақ елінің, алты алаштың батыры деңгейіне көтеру мәселесі, осы тақырыпты тереңіреп зерделеп, зерттеуді қажет етіп отырғанын айқындайды.
Кіреуке, кіреуке сауыт – пiшiмi қысқа жеңді жейде түрiнде жасалып, дөңгелек металл шығыршықтардан өрiлген торлы сауыт. Қазақ тiлiнде кіреуке сөзi «селдiр», «торлы» деген мағынаны бiлдiредi.
Кіреуке сауыт көшпелі халықтарда І-ші мыңжылдықтың басынан, ғұн-сармат заманынан қолданыла бастаған. Түркі заманында кіреуке сауыт көшпелілер жауынгерлерінің қорғаныс жарағының негізгі түріне айналды. Орта ғасырда көшпелі халықтарда кіреуке сауыт өрімін жасау технологиясы жетілдірілуімен бұл сауыттың көптеген үлгілері пайда болды. Тамаша техникалық және қорғаныс қасиетiне байланысты кіреуке – шығыс жауынгерлерінің ең көп қолданған сауыт түрi. Қазақ жауынгерлері кіреукені қорғаныс жарағы ретінде ХІХ ғасырға дейін қолданып келді, бұл кезеңде от қаруының кең қолданысқа енуімен кіреуке сауыт қолданыстан шықты.
Кіреуке сауыттың қорғаныс қасиетiн қалыптастыратын негiзгi конструктивтiк элементi – шығыршық темiр сымнан соғылып жасалып, бiр-бiрiмен тоқылып өрiлдi. Кіреуке шығыршықтарының iшкi диаметрi дәстүрлі халықтық әскери терминологияда «көз» деп аталды да, шығыршық көздерiнiң көлемi кіреуке сауыттың түрiн анықтайтын негiзгі типологиялық белгі болды. Қазақтар шығыршық көздерiнiң көлемiне сәйкес «торғай көз», «шөже көз» және «бадана көз» деп аталатын үш түрiн айырады.
Денеге киіліп қолданылатындықтан қазақ тілінде кейде сауыттың синонимі ретінде «тон» сөзі қолданылып, темір сауытты «темір тон», ал кіреуке сауытты «кіреуке тон» деп те атайды. Сауыттардың ішінде тұтастай металдан жасалған сауыттар тобы, басқа халықтардағы сияқты, қазақтарда да «ақ сауыт» атауымен аталады (орысша: «белый доспех», немiсше: «blanke waffe»). Органикалық материалдардан (сүйек, мүйiз, терiден) жасалған қатты сауыттарға бұл атау қолданылмайды. Сондықтан, кіреуке сауытты кейде «ақ сауыт» немесе «ақ кiреуке» деп те атайды. Халықтық әскери терминологиядағы кіреуке сауыттың бұл бiрнеше дәстүрлi атаулары қазақтардың қорғаныс жарағын жiктеудiң дәстүрлi жүйесi құрылымындағы осы сауыт түрiнiң орынын және бұл құрылымның түрлi таксономиялық деңгейлерiмен қатынасын көрсетедi. Жасалу технологиясының күрделілігі, жасалу әдісінің қиындығы, сауыттың қолданыста ыңғайлылығы, әдемілігі бұл сауытты жауынгерлік жарақтың қымбат түріне айналдырды.
Әдетте, кіреуке сауытты атақты батырлар, хан-сұлтандар киген. Қымбат бағалы жауынгерлік киім болғандықтан кіреуке сауыт жоғары дәрежелі әскери қызметке тағайындалған адамға лауазым белгілері ретінде берілетін, әскерилерге әскери қызметі үшін әскери сый-марапатқа берілетін әскери заттардың бірі болды. Қазақ тарихындағы ерлігімен аты шыққан батырлардың әулетінде олардан қалған кіреуке сауыттар бүгін де киелі зат ретінде ұрпақтарында сақталуда.

№2 сурет

Осыған орай, Саңырық батырдың бүгінгі күні жетінші ұрпағына дейін жеткен кіреуке сауытының бөлігі (№2 сурет) және қыл арқан байланған Көкбөрінің бас терісі (№3 сурет) әулетіміздің киесі болып табылады. Бұл сакральді тарихи жәдігерлер батырдың төртінші ұрпағы Байбатыр (1867-1936) бабамыздан бесінші ұрпағы Тәжібай (1915-1993) атамызға әулетіміздің киесі ретінде аманат болып қалған ерекше материалдық ескерткіш.

№3 сурет

Сауыт бөлігінің ұзындығы 32 см, ені 21 см, салмағы 530 гр., шығыршық көздерiнiң диаметрі 1 см. Кіреуке сауыт үлкен жалпақ соғылған шығыршықтардан тоқылып жасалған, сондықтан, кіреукенің бұл түрі өте берiк болатын «бадана көз» типіне жатады.
Көкбөрі бас терісінің ұзындығы 9,5 см, ені 5,5 см. Қалыңша бес талдан тұратын ширатып өрілген сары түсті қыл арқанның ұзындығы 15,4 см. Қыл арқанның бір шеті бөрі терісінің кеңсірігіне, екінші жағы жақ тұсынан байланған. Бұл дегеніміз — шығу тегі мен киесін Көкбөрі тотемімен байланыстырған, Ұлы Даламызды сыртқы жаудан қорғап, ұрпағына аманат етіп қалдырған бабалар рухының айбыны мен қасиетін айқындайды.
Көкбөрі – түркі мифологиясындағы киелі ұғымдардың бірі. Көкбөріге қатысты әңгімелер ежелгі үйсін, түркі және моңғол аңыздарында кездеседі.
Көкбөрі туралы аңыздардың бірі қытай тіліндегі жылнамаларда сақталып қалған. Солардың біреуінде тұтас бір халықтың жаугершілік заманда қырылғандығы, батпақ ішінде аяқ-қолы шабылып, жараланған он жасар бала ғана тірі қалғандығы айтылады. Ол балаға бір қаншық қасқыр жолығып, емізіп, қанын тоқтатып, жарасын жалап жазып алады. Бала есейгенше сол қасқырмен бірге тұрған деседі. Кейін жаулар бала жігітті тауып алып өлтіргенде буаз қасқыр Гаочан тауының терістігіндегі бір үңгірге барып жасырыныпты. Қаншық қасқыр осы үңгірде 10 бала босанады. Он ұл есейіп, үйленіп, көбейіп үлкен елге айналады. Он ұлдың ең күштісінің Ашина есімі олардың жалпы атауына айналыпты. Кейіннен халық үңгірге сыймайтын болған кезде Ашинаның ұрпағы Асянь-шад деген елбасы халықты үңгірден шығарып, олар түрік деген атпен Алтайды қоныс еткен көрінеді.
Сонымен бірге, қасқырдың тотемдік рөлінің түркі халықтарының танымындағы орны ерекше. Түркі қағанаты кезінде түркі сарбаздарының байрақтарына Көкбөрі бейнеленетін болған. Белгілі қазақ ақыны Сүйінбайдың «Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозады қай-қайдағым…» деп жырлайтыны да сондықтан. Қазақ халқы қазіргі күнге дейін ержүрек, батыл жігіттерді Көкбөріге теңеп, көркем шығармалар мен жылнамаларда бөріні батылдық пен батырлықтың, айбындылық пен қайсарлықтың, әділдік пен тапқырлықтың символы ретінде бейнелейді.
Осы тарихи жәдігерлердің алғаш рет ғылыми кеңістікке жарияланып, батырды зерттеу тарихнамасы мен дерекнамасында оның рөлі мен тарихи тұлғалық болмысын айқындаудағы өзектілігі мен маңыздылығы – ақ сауытты Саңырық батыр қазақ-жоңғар соғысында мергендер жасағын басқарған әскери қолбасшы болғанын толығымен дәлелдеп отыр. Оған қоса, ХХІ ғасырдың І-ші ширегіндегі батыр мұрасы мен тарихын зерттеудегі заманауи ғылыми жаңалығы деп ауыз толтырып тұжырым жасауға әбден болады.
Алдағы уақытта балдағы күмістелген, нақышты өрнегі бар, жүзінде араб әріптерімен «Жеңіске суырылған» деген жазуы бар батырдың қылышын және тағы да басқа XVIII-ХІХ ғасырлардағы материалдық ескерткіштер мен жәдігерлерді анықтау, зерделеу мақсатында Жамбыл облысының Талас, Сарысу аудандарында археологиялық қазба жұмыстарын ұйымдастыру, батыр бабамыз туралы тарихнамалық және дерекнамалық қорды одан әрі толықтырып, тереңірек зерттеу жұмыстарын жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік медиада ғылыми мақалалар жариялау, орта білім беру ұйымдарының оқушылары мен жоғары оқу орындарының білімгерлеріне арналған ғылыми жобалар байқауларын өткізу жоспарланып отыр.
Саңырық батырдың мұрасын зерттеп, тарихи тұлғалық болмысы мен айбынды ерлігін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында аға буын өкілдерінің, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, тарихшылар мен жылнамашылардың, ақындар мен жазушылардың, зерттеушілер мен журналистердің және тағы да басқа ел азаматтарының там-тұмдап жинаған мәліметтері мен ыждаһатты ерен еңбектері ұшан теңіз. Атап айтқанда, Е.Құлжабаев, Ж.Дәдебаев, Ә.Садықбекұлы, Б.Әбілдаұлы, Қ.Қаражанов, М.Төлепберген, М.Байбеков, Ж.Шағатаев, Қ.Еңсенов, Қ.Жораев, С.Байдәулетов, С.Қорабай, Ә.Төлеуова және тағы да басқа тұлғалардың ғылыми мақалалары мен жазған еңбектері Ұлы Даланың ақ сауытты Саңырық батырын зерттеуге пәрмен беріп, орасан зор тарихнамалық, дерекнамалық және интеллектуалдық үлес қосты.
Күні бүгінге дейін жинақталған ғылыми тұжырымдар мен дәйектерді қорытындылай келе, қазақ-жоңғар соғысында айбынды ерлігі мен даңқы бүкіл Қазақ Еліне танылған Саңырық Тоқтыбайұлы (1691-1740) Жалпы орта білім беретін мемлекеттік стандартымен бектіліген оқу бағдарламасына енгізіліп, орта білім беретін мектептердің бейіналды сыныптарында жеке тақырып болып оқытылуы керек деген ұсынысымызды Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне жеткіземіз және білім саласындағы өкілетті орган өзінің құзыретіне (қаперіне) алады деген сенімдеміз.

Бигелді Тажибаев,
тарихшы-өлкетанушы.