Аққұмдағы спорт аламаны

0 2

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Ізгілік-жақсылық атаулының өзегі бар қуаныштың түйіні. Адам бойындағы кісілікті бір арнаға тоғыстырған мұндай қасиетке үлгі көрсетіп жетпесе, ақыл айтып жету қиын.
Атаның тағылымын алған, тәрбие көрген азаматтар ауыл-аймақтарда аз емес. Қолдан келген көмегін туған жерге көрсетіп, ауылдың ажарын келтіруге үлес қосып жүрген де солар. Көмегін елге арнаған, алғыс арқалаған жандар Аққұм ауылында да бар.
Соның бірі-«Абзал» шаруа қожалығы. Қожалықтың аты аудан жұртшылығына жақсы мәлім. Шаруашылық айдаған малымен немесе айналдырған кәсібімен емес, айналасына тигізген шапағатты ісімен, ауылға ортақ игі шараларымен танымал. Ізгі істердің ұйытқысы шаруа қожалық төрағасы — Тимур Әшірбеков. Ауыл тұрғындары оны қашанда қайырымды істердің қасында жүретін, елге бүйрегін бұрған азамат ретінде жақын тартады, құрмет тұтады.
Шаруа қожалықтың бастамасымен ұлттық спорт ойындарынан жарыс 2011 жылдан өткізіліп келеді. Шара спортқа икемі бар ауыл жастарының ғана емес, бүгінде еліміздің әр өңірінен келген спортшылардың басын қосқан айтулы бәсекеге айналды. Рас, жарыс төрт-бес аралықта үзіліп қалды. Оған қороновирус індетіне байланысты елімізде енгізілген пандемия себеп болды. Тұрғындар арасында бұқаралық спортты насихаттау, жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыру және өмірден өткен ата-бабалардың рухына тағзым ету мақсатында қолға алынған жарыс биыл қайта жалғасын тапты.
Спорт десе елең ететін ауылдағы ағайындар дәстүрлі шараны сағынып қалса керек, бұл жолғы бәсекеге қатысушылардың да, оны тамашалауға келушілердің де қарасы қалың болды. Жарыс аламан және құнан бәйге, қошқар көтеру, гір тасын көтеру, жаяу жарыс, арқан тарту сынды спорт түрлері бойынша өтті.
Биылғы тартысқа арысы Түркістан облысы және Шымкент қаласынан бастап, Меркі, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Жуалы, Сарысу, Қордай аудандарымен қатар, Талас ауданының ауылдық округтерінен 150-ге тарта спортшы қатысты.
Бәсеке басталмас бұрын жылдағы дәстүрмен көпшілік жайылған дастарханнан дәм татып, өмірден өткен азаматтардың әруағына Құран бағыштады.
Жалпы спорт түрлері жеңімпаз­дарды анықтау оңайға соққан жоқ. Өз ауылының намысын қорғаған спортшылар жеңіске жету үшін аянып қалмады.
Дәстүрлі бәсеке қорытындысы бойынша 1000 метрлік жаяу жарыстан Т.Рысқұлов ауданы Құмарық ауылынан келген Мұхамедәлі Баймұқан жеңімпаз атанса, арқан тартудан С.Шәкіров ауылы командасымен ақтық сында жолдары түйіскен аққұм­дықтардың бәсі басым болды.
Ал, қошқар көтеруден жарысқа түскендерге қойылған талап та жоғары болды. Қатысушының 2 минут ішінде көтерген сандары ғана есепке алынды. Күштілер сайысында Аққұм ауылының намысын қорғаған Мұхтар Әубәкірге тең келер қарсылас табылған жоқ. Гір тасын көтеруде жасы жетпіске келген Серік Үкібастың қайраты мен ширақ қимылы көпшілікті таңдандырмай қоймады. Алайда, бұл сында сәл ғана басымдықпен Өрнек ауылынан келген Айдос Апайтөс мықтылығын танытты.
Көптің күткен ат бәйгесі жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Бақылау да, тәртіп те қатаң сақталды. Сенім артқан тұлпарларына тақым қысқан жанкүйерлер аламанның көрігін қыздырды. Алдымен өткен құнан бәйгесіне 32 ат қатысты. 12 шақырымға созылған жарыс мәресін Қордай ауданынан келген Серік Жаманқұловтың «Тасқын» атты тұлпары мәре сызығын бірінші болып кесті. Аламан бәйгеге 49 ат іріктелді. Шын жүйріктер 25 шақырым қашықтықта анықталды. Дүбір­лі аламанда тағы да Қордай ауданының мерейі үстем бол­ды. Бұл жолы қордайлық Ұлан Әлиевтің «Бақторы» атты сәйгү­лігін тізгіндеген 9 жасар шабандоз Ернар Әмір жеңімпаз атанды.
Бәйгеде мәре сызығын жетінші кескен тұлпарларға дейін және өзге де спорт түрлері бойынша тұғырдан көрінген спортшыларға арнайы сыйлықтар табыс етілді.