Ақынның шығармашылығына арналды

0 34

Жуырда аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен жерлес ақын, Жамбыл облысының 85 жылдығына орай өткізілген республикалық «Махаббат мүшәйрасы» жыр додасының бас жүлде иегері Данияр Әлімқұлдың жаңа кітабының тұсаукесер
кеші өтті.
Жас ақынның «Екеумізді са­ғындық» атты сиясы кеппе­ген жаңа жыр жинағы мен шығар­машылығын насихат­тау мақсатында өткен кеште аудан әкімінің орын­басары Айтолқын Әбдібекова, аудандық Билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы, аудандық арда­герлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, ардагер ұстаз Ілес Нұрұлы сөз алып, өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген Данияр Әлімқұлды жаңа туындысының жарық көруімен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.
Кеш барысында Данияр Әлімқұлдың туған топырағы Майтөбе ауылынан, Қасқабұлақ ауылынан келген жас оқыр­мандар ақынның өлеңдерін оқып, шығармашылық жолына қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын жолдап, пікірлесті. Жыр кешіне арнайы келген ақынның ата- анасы, ұстаздары мектеп жасында жазған алғашқы балаң жырлары мен балалық шағының естеліктерімен бөлісті.
Әсем әуен, арынды жырмен өрілген әдеби – сазды кеш соңында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Мұхтаров Данияр Әлімқұлды жаңа жыр жинағының жарық көруімен құттықтады, кешке атсалысқан жас оқырмандарды марапаттап, сый-сияпаттарды табыстады.

Гүлназия Серікбаева,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2 –курс студенті.