АРУЛАР – АСЫЛ ЖАНДАР

0 23

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде «Арулар – асыл жандар» атты мерекелік салтанатты жиын өтті. Мәдениет үйінің қызметкерлері Ерлан Айтқабыл мен Қажымұрат Әбдіқадыров салтанатты кешті байыпты жүргізді.
Салтанатты жиынның алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Әлихан Балқыбековке берілді.
— Халқымыз қыз баланы айрықша ар­дақтап, оларды инабаттылыққа және иман жүзділікке тәрбиелеген. Сондай-ақ, әйел затына аса қамқорлықпен қараудың халықтық қағидаларын қалыптастырған. Өйткені, олар сұлулықтың, мейірімділіктің, ақылдылықтың нұрын дарыта білген. Ата-баба дәстүрін көзінің қарашығындай сақтаған нәзік жандардың ізгілікті істері қай кезде болмасын қоғам дамуының қарқынына үлкен үлес қосуда.
Қымбатты, ардақты аналар, қаракөз қарындастар! Бүгінгідей әсемдік пен сұлулық мерекесі күні сіздерге және жанұяларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін! Мейірімге толы жүректеріңіз бақытқа, қуаныш пен шаттыққа кенеле берсін, — деп ақжарма тілегін жеткізді.
Құттықтаудан соң бірқатар қыз-келіншектерді облыс әкімінің, аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, «Ауданға сіңірген еңбегі үшін», «Айтбай Назарбековке — 100 жыл» төсбелгілерімен марапаттады.
Келесі кезекте аудандық мәс­лихаттың төрағасы Нұртас Саурықов атаулы мерекемен құттық­тап, ауда­нымыздың бірқатар азамат­шаларына Мойынқұм ауда­нынының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстады.
Салтанатты жиын мерекелік концерттік іс-шарамен жалғасын тапты. Айша Мумеева жетекшілік ететін Мойынқұм ауылынан құралған «Ақ әжелер» ансамблінің орындауындағы «Ана туралы жыр», Ақжан Мамбеталиевтің «Мамау» әні, Нұрым мен Нұрайдың «Анажаным» әнінен кейін сахналық қойылым қойылды. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Мойынқұм» ха­лық театрының режиссеры Ерлан Айтқабылдың «Ана – бәйтерегі өмірдің» атты мюзиклында ән де, көңіл көтерер оқиғалар тізбегі де болды.
Қойылымнан кейін Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының му­зыка пәнінің мұғалімі Еркебұлан Дүзелбай жетекшілік ететін, аталған мектептің оқушыларынан құралған хор «Ана» әнімен мерекелік іс-шараның шымылдығын жапты.