«Әскерге шақыруды кейінге қалдыру» және «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» мемлекеттік көрсетілетін қызметтер

0 14

Жыл сайын Қазақстанда 18-27 жас аралығындағы барлық жас жігіттер шақырылады. Әске­ри қызмет және Қазақстан Респуб­ликасын қорғау әр азаматтың парызы мен міндеті болып табыла­ды. Алайда бозбаланың әскерден уақытша және тұрақты негізде босатыла алатын бірқатар жағдайлар бар («Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң). Мерзімін кейінге қалдыру – бұл белгілі бір жағдайлар бойынша әскери қызметке шақыру мерзімін уақытша ауыстыру.
Әскери қызметтен босату мерзімі 18-27 ер адамдар үшін 12 ай мерзімге белгіленген. Әскерге шақыру жылына 2 рет жүзеге асырылады: сәуірден маусымға дейін және қазаннан желтоқсанға дейін. Бейбіт уақытында әскери шақырудан мынадай азаматтар босатылуы мүмкін:
1. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар. Қазіргі уақытта соған сәйкес азаматтар әскерде қызмет етуге жарамсыз деп танылуы көзделген аурулар тізімі көзделген. Медициналық куәландыру нәти­желері бойынша дәрігер маман мынадай белгілер бойынша азамат­тардың жарамдылық санат­тары туралы қорытындыны шығарады:
— «А» – әскери қызметке жарамды;
— «Б» – әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды;
— «В» – кейіннен медициналық куәландырумен тексеруге (емдеуге) мұқтаж;
— «Г» – әскери қызметке уақытша жарамсыз;
— «Д» – әскери қызметке бейбіт уақытта жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды;
— «Е» – әскери есептен шығарумен әскери қызметке жарамсыз.
2. Жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
3. Туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген;
4. Басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
5. «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;
— ғылыми дәрежесi бар азаматтар;
— тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.
Әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыру
Жоғарыда айтылып өткендей, әскерге шақыруды кейінге қалдыру – осы Заңда көзделген негіздер бойынша азаматтарды әскери қызметке шақыру мерзімін ауыстыру. Мерзімін кейінге қалдыру мынадай жағдайлар бойынша ұсынылады:
— отбасы жағдайлары бойынша;
— білім алуды жалғастыру үшін;
— денсаулық жағдайы бойынша;
— басқа да себептер бойынша.
Отбасы жағдайлары бойынша әскерге шақырудан кейінге қалдыру мынадай азаматтарға ұсынылады:
— басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, Қазақстан Республикасының аумағында онымен бiрге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе басқа да адамдар болмаған кезде заң бойынша аталған отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарға беріледі.
Басқа адамның көмегiне және күтіміне мұқтаж отбасы мүшелерi:
— әкесi, анасы, зайыбы, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнеткер жасына толған немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын атасы мен әжесi, егер олар оның асырауында болса;
— ата-анасы болмаған жағдайда, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-сіңлілері;
— әскерге шақырылушыдан басқа бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын немесе он сегiз жасқа толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды жұбайынсыз (зайыбынсыз) тәрбиелеп отырған анасы (әкесi);
— өзінің асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын бiр және одан да көп жалғызiлiктi туыстары (әкесi, анасы, аға-інілерi, апа-қарындастары) бар және оларды жұбайынсыз (зайыбынсыз) асырап отырған анасы (әкесi);
— бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адам болып табылатын, екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа он сегiз жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi;
— отбасы мүшелерінің бірінің мүгедектігі бар және әскерге шақырылушы отбасында жалғыз ер бала болып табылады;
Өзiнiң асырауында:
— анасыз тәрбиелеп отырған баласы (балалары);
— ата-анасының қайтыс болуына немесе олардың ата-ана құқығынан айырылуына немесе сот бас бостандығынан айыруға соттауына байланысты кемiнде екi жыл тәрбиесiнде және асырауында болған адамдар бар азаматтарға;
— некеде тұрған және бiр және одан да көп баласы бар азаматтарға мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру беріледі.
Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
білім беру ұйымдарында жалпы орта білiм алып жүрген азаматтарға –
— оқу кезеңіне;
— тиiстi білім беру ұйымдарында күндiзгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі білім алып жүрген азаматтарға оқитыны туралы растайтын құжаттарды ұсынған ретте – бiр жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын аяқтағанға дейiн;
— жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсiби білім алып жүрген азаматтарға – оқу кезеңіне беріледі.
Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру қашықтан оқытуды қолдана отырып білім алатын азаматтарға берілмейді.
Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға әскерге шақыру комиссиясының шешiмiмен бiр жылға дейінгi мерзiмге беріледi.
Басқа себептер бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
1. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, мамандандырылған, арнайы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында, сондай-ақ әдістемелік кабинеттерде кәсіптік қызметті жүзеге асыратын педагогтерге, барлық жұмыс кезеңіне;
2. тиiстi бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық (селолық) жерлерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге – денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;
3. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына;
4. өздеріне қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiліп жатқан немесе соттар қылмыстық iстерiн қарап жатқан адамдарға – тиiсiнше анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкiмi күшіне енгенге дейiн;
5. тиісті білімі бар азаматтық әуе кемелерінің үшу экипаждарына, азаматтық авиация инженерлеріне, механиктеріне және техниктеріне азаматтық авиация ұйымдарында барлық жұмыс істеу кезеңіне беріледі.
6. кемелер экипаждарының тиісті білімі бар мүшелеріне су көлігі ұйымдарында жұмыс істеген бүкіл кезеңге;
7. құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан адамдарға беріледі.
Бұл жағдайда мерзімін кейінге қалдыру жұмыстың барлық кезеңіне беріледі, ал қылмыстық іс жағдайында – сот шешімі бойынша тергеу аяқталғанға дейін ұсынылады.
Мәулен Кенес,
Талас ауданы әкімі аппаратының
құжаттама және мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын бақылау бөлімшесінің бас маманы.