Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Қаратау қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімде тіркелген 85 әскери міндетті Айша бибі полигонында он күндік тактикалық оқу-жаттығуын өтті. Әскери міндеттілердің жиыны Жамбыл облыстық қорғаныс істері басқармасының тікелей бақылауымен ұйымдастырылды. Жалпы елімізде аумақтық әскерлер 2017 жылдың 13 маусымында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес құрылған болатын. 2018 жылы сәуір айында әкімдік жанындағы аумақтық қорғаныс құрамалары Қарулы күштер аумақтық әскерлерінің әскери бөлімдері болып қайта жасақталды. Аумақтық әскерлер бейбіт уақытта қысқартылған штат бойынша жұмыс жасайды. Қажеттілік туындағанда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету, табиғи техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жоюға жұмылдырылады.
Аумақтық әскер құрудың тиімділігін әлем елдерінде болып жатқан геосаяси жағдайлардың өзі дәлелдеп отыр. Оған Украина жерінде болып жатқан әскери қақтығыстарда аумақтық қорғаныс жауынгерлерінің әрекеті мысал бола алады. Осыған қарап-ақ армияның мобилділігін арттыру үшін аумақтық қорғаныс әскерлерін жасақтаудың маңыздылығын бағамдауға болады.
Айша бибі полигонында өткен онкүндік оқу-жаттығу жиынында әскери міндеттілер тактикалық, атыс, дене шынықтыру және саптық даярлық пәндерін өтті. Әскери топографиялық, жарақат алған кезде көрсетілетін алғашқы медициналық көмекті меңгерді. Сонымен қатар, рота, взвод, бөлімше командирлері, сержанттар мен сарбаздар өз міндеттерін білу бойынша практикалық сабақтар алды, штаттық қаруды меңгеруде өз білімдерін жетілдірді.
Сонымен қатар, оқу-жаттығу жиыны барысында 10 әскери міндетті Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының және Жамбыл облыстық аумақтық бригада командирлерінің қатысуымен әскери ант қабылдады.
Әскери жиынға қатысушылар үшін әр күн өз ерекшелігімен, қызықты сәттерімен есте қалды. Сенбі, жексенбі күндері Талас ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің Бұқаралық спорт ойындарын өткізу орталығы әскери міндеттілер арасында арқан тарту, қол күресі, кермеге тартылу және гір тасын көтеру сынды спорт түрлері бойынша жарыстар өткізсе, Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының әртістері әскери міндетін өтеп жатқан жауынгерлерге концерттік бағдарламаларын ұсынып, көтеріңкі көңіл сыйлады. Сондай-ақ, Оңтүстік өңірлік әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Нұрлан Ибраев ату алаңына келіп, өтіп жатқан сабақ барысымен танысты, әскери міндеттілерді әңгімеге тартып, пікірлерін тыңдады. Одан бөлек жиынға қатысушылардың жатын орындарын аралап, берілетін тамақтың құрамына назар аударды.
Ал оқу-жаттығу жиынының жабылу салтанатына аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков арнайы қатысып, әскери міндеттілерге жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, салтанатты рәсімде облыс әкімінің қорғаныс істері жөніндегі көмекшісі Қарулы күштер полковнигі Әлжан Хамзин, облыстық аумақтық қорғаныс бригада командирі, подполковник Данияр Муратбеков және өзге де әскери шенділер жиынның маңыздылығына тоқталып, әскери міндеттілерге алғысын білдірді. Бұл күні жиынға қатысушыларға облыс әкімінің, облыстық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімнің, оңтүстік өңірлік қолбасшылығының, аудан әкімінің және облыстық аумақтық қорғаныс бригадасының Алғыс хаттары табыс етілді.