Аудандық «Нарша оқулары» өтті

0 9

«Tt»-ақпарат».

«Әр өлеңім-жазған хатым халқыма, халқым мені сол арқылы танысын», — деп жырлаған ақын Нарша Қашағанұлы елге ортақ тұлға бола білді. Оның артында қалған мұрасы есімін жалғаған екінші өміріне айналды. Талабы таудай өрендердің және талантты жастардың қатысуымен өтіп жатқан түрлі деңгейдегі байқаулар мен сөз сайыстары ақынның шығармаларын дәріптеумен қатар, өскелең ұрпақ санасына сіңіруде үлкен септігін тигізіп отыр.
Дәл осындай тағылымға толы шара­ның бірі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдасты­руымен балалар өнер мектебінде өтті. «Жырларымен Нар тұлға» атты тақырыптағы «Нарша оқулары» аудандық байқауына қала мен ауыл мектептерінен 12 оқушы қатысып, қарымы мен қабілетін көрсете білді. Талабы таудай оқушылардың басын қосқан сайыстың ашылу салтанатында сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов ақынның табиғи болмысы мен әдеби мұрасына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ербол Наршаұлы: «Нарша Қашағанұлы көзі тірісінде Талас аудандық тарихи-өлкетану музейін басқарды. Атқарған соңғы қызметі де осы болды. Музейді жаңғыртуға, экспонаттар қорын толықтыруға көп үлесін қосты. Бүгінгі «Нарша оқуларын» қабырғасында ізі қалған музей ұжымының ұйымдастырғанын жөн деп шештік. Уақыт деген-қас-қағым. Кеше ғана ортамызда жүрген сияқты еді. Енді міне оның өмірден озғанына да 12 жылдың жүзі болыпты»,-деп оқушыларды дайындап, шараның ойдағыдай өтуіне үлес қосқан ұстаздар қауымына ризашылығын білдірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов талант иесінің ел арасында тараған әзіл-қалжыңдарынан үзінді келтіріп, қатар жүрген сәттерді еске түсірді.
Жалпы байқауға қатысушылар Наршаның өлеңдерін жатқа айту, Наршаның өмірі мен шығармашы­лығын әңгімелеу және сұрақ-жауап сынды кезеңдер бойынша бақ сынады.
Оқушылар­дың тыңғылықты дайындықтары мен ізденісі, сөйлеу әдебі, сахна­да өзін ұстай білу мәнері көрермен­дермен қатар әділқазылар алқасы­ның да көңілінен шыға білді. Дайындықтары тыңғылықты, талаптары жоғары оқушылардың арасынан үздіктерді анықтау оңайға соқ­қан жоқ. Әсіресе, Нарша Қашағанұлының өмірі мен шығармашылығына арналған сұрақ-жауап кезеңі оған дейін өз мүмкіндігін таныта білген, жүлдеге таласы бар оқушыларға оңай тиген жоқ.
Үздіктерді марапаттау рәсімінде қазылар алқасының төрағасы ауданның Құрметті азаматы, «Талас аудандық Д.Қонаев қоры» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ілес Нұрұлы оқушылардың қадамы мен талабына сәттілік тілеп, Ә.Сағынтаев атындағы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Ғани Сабырдың қабілетін атап өтті. Өнерімен тәнті еткен жас талапқа тілеулестік танытып, «Талас аудандық Д.Қонаев қоры» қоғамдық қоры атынан арнайы сыйлықты табыс етті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Ойық ауылы Д.Қонаев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Арайлым Тұрар иеленсе, 1-орынға Қараой ауылы «бірлестік» орта мектебінің 9-сынып оқушысы Азамат Дуанбек лайық деп танылды. Ал 2-орын Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Бақыт Яхудаеваға бұйырса, үздік үштікті Есейхан ауылы Қаратау орта мектебінің 7 — сынып оқушысы Дамира Шыназбек түйіндеді.
Байқауға қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.