Аударыспақтан жүлдегер атанды

0 21

Аударыспақ-ептілікті қажет ететін спорт түрі. Бәскеге түсуің үшін батылдық пен білек күші, төзімділік қана емес, ат үстінде еркін отыруың міндетті. Көңіл куантатыны сол, ұлттық спортқа қатысушылардың қатары жыл санап артып келеді. Олардың денін жастар құрайды. Солардың бірі-Ермек Қожахмет.
Тұрымқұл ауылында туып, Жаңатұрмыс негізгі мектебінде білім алған Ермектің жасы қазір 19-да. Қазір Қаратаудағы Тау-кен технология колледжінің 4 курсында білім алады.
Жақында жерлесіміз Туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комите­ті ұйымдастырған аударыспақтан 2004-2006 жылы туылған жастар арасын­дағы XVIII Қазақстан Рес­публикасының чемпионатында қола жүлде иегері атанды.
— Аудандық іріктеу жарыстары Қызыләуіт ауылында өтті. Өз салмағыңды ұстап тұру қиын соғады екен. Жамбыл облысы атынан өңір намысын қорғадым. Жаттықтырушымыз Азат Жұмабек Алматы қаласына бастап барды. Ол жерде оқу-жаттығу жиынын өткіздік.
Чемпионатта қарсыластардың оса­лы болған жоқ. Ақтөбе облысының 2, Шымкент қаласының 1 үміткерін жеңіп 3-орынға тұрақтадым. Бұдан да үлкен биіктен көрінуге болар еді. Бірақ, жоғарыда айтқандай салмағым өсіп кеткен жағдайлар болды. Бір-екі келі салмақтың өзі үлкен әсер етеді.
Бұл жарыс маған үлкен сынақ, тәжірибе алаңы болды. Алдағы бәсекелерде тыңғылықты дайықтан өтіп, жеңіс тұрғырынан көрінетіндігіме сенімдімін,-дейді Ермектің өзі.
Қабілет Дәулетбақов,
Ойық ауылдық әкімі аппаратының бас маманы.