ӘБДІМАШ МӘМЕШОВ ЖАЙЛЫ ТОЛҒАНЫС
Тараз қаласында тұратын замандасым Әлішер Мәмешұлы телефон шалды. Ол жақында ғана Талас ауданының Құрметті азаматы атағын алған. құттықтадым. Әлішер аңқылдақ мінезімен: «Сәулембай, бұл Талас өңірінде сен танымайтын тұлға жоқ. Талай басшылармен бірге қызмет еттің. Соның бірі менің ағам Әбдімаш Мәмешов. Ол кісі қазір Астанада тұрады. Жолыққан сайын, телефон шалғанда Таласты, оның ішінде Қаратау қаласының амандығын сұрастырып жатады. Өзің білесің денсаулығы да аса мақтарлықтай емес. Қанша дегенмен де адам баласы өзінің еңбегінің бағаланғанын, елінің есіне алып жататынын қалайды екен. Аз уақыт болса да аудан біріккенде Әбекеңмен қызметтес болдың. Сол кез туралы тебіренсең қайтеді?», — деді. Досымның тілегін жерге тастай алмадым. Өткен жылы Балтабай Бекежанов ағаның 80 жылдығын тойлағанбыз. Арнайы кітап шығарғанбыз. Кітапқа Әбдімаш аға да әдемі, есті естелік жазып берген. Жиынға Астанадан үлгергені болар, біз тарап бара жатқанда кештеу келді. Емен-жарқын амандастық. «Сені Астанада тұрады деп естідім. Ауылға қашан келдің?» деп жатыр. Мен де ол кісінің астаналық екенін есіне салып, жиынға келген жоқпыз ба деп күлдім.
Осы әңгімеден кейін Әбекеңді ең алғаш қайдан, қашан кездестіргенімді есіме түсірдім. 1992 жылы Талас ауданының әкімі Ералы Дадабаев ел жасамайтын ерлік жасап, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың 80 жылдығын сол кездегі ауданның орталығы Ақкөл ауылында, одан кейін Ойық елді мекенінде дүркіретіп өткізді. Ол тойға естіген дүйім-жұрт түгел келді. Әрине, сақтық жасап облыс басшылары қараларын көрсетпеді. Облыстан сол кездегі кәсіподақтар комитетінің төрағасы Амангелді Жайлауұлы Омаровтың ғана келгені есімде. Міне, Әбдімашты сол тойда көрген екенмін. Ералы ағамыз екпіндеп сөйлейтін әдетімен: «Қаратау қаласының жас әкімі Әбдімаш тойға не әкелдің?» деп жұрт алдында қалжыңдағаны есімде қалыпты. Әбекең өзіне тән мінезімен жымиды да қойды. Енді, ойлап қарасам атағы дүркіреп тұрған қаланың әкімі Әбдімаш Мәмешов сол жылы 36 жаста екен. Әшейінде мән бермейміз ғой. Мақаланы жазарда оның өмірбаянына үңілдім.
Әбдімаш Мәмешов 1946 жылдың 25 тамызында Жамбыл облысы, Талас ауданы, Қызыл-Әуіт ауылдық округінде дүниеге келген.
1952 жылы «Ильич» атындағы орта мектебіне 1 сыныпқа барып, 1963 жылы Қаратау қаласында орта мектепті бітірді. Мектептен кейін Шымкент қаласындағы Қазақ химико-технологиялық институтына түсіп, құрылысшы-инженер мамандығын алды. Институттың бағыттауы бойынша Жамбыл қаласына келіп, «Казстальконструкция» тресінің мамандандырылған құрылыс басқармасында 1969-1971 жылдар аралығында қауіпсіздік техникасы бойынша инженер, шебер болып жұмыс істеді.
1971-1977 жылдар аралығында «Жамбыл колхоз аралық құрылыс» тресінің құрылыс механизациясы басқармасында прораб, бас инженер қызметтерін атқарды.
1977-1982 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетіне арнайы салынған ғимараттың инженер-бақылаушысы, 1982-1984 жылдары Алматы жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы, 1984-1989 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, құрылыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі, инспектор қызметтерін атқарған.
1989-1992 жылдары Шу қалалық атқару комитетінің төрағасы, 1992-1997 жылдары Қаратау қаласының әкімі, 1997-1998 жылдары Талас ауданының әкімі қызметтерін атқарды.
1998-2000 жылдары «Мейірім» қайырымдылық қорының атқарушы директоры.
2000-2007 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облыстық басқармасының басшысы – тәртіптік кеңестің төрағасы, 2007-2011 жылдары Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша басқарма басшысы – тәртіптік кеңестің төрағасы қызметтерін атқарды.
«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Талас ауданының құрметті азаматы атақтарымен марапатталды.
Әбдімаш Мәмешов, өзінің саналы ғұмырын мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік қызметтің қалыптасуына өз үлесін қосқан азамат.
Енді бұған не қосуға болады? Естелік болған соң есімдегілерді жазайын. 1997 жылы Талас ауданы таратылып әкімшілік орталығы Ақкөл ауылынан Қаратау қаласына ауыстырылды. Ол туралы мемлекет басшысының Жарлығы 5-сәуір күні шықты. Апырай, енді жағдайымыз не болады деп көңілімізде күдік туды. Талас ауданының әкімі Балтабай Бекежанов еді. Бұл кісі өте іскер, бауырмашыл, кісілігі мол жан болатын. 5-сәуірге дейін сол кездегі облыс басшысы Амалбек Тшанов апта сайын өтетін селекторлық кеңесте біздің Балтакеңді мақтап, саған Сарысу ауданын қосып берейін бе деп қалжыңдайтын. Бұл саясатты қойсаңызшы. Мақтап-мадақтауымыз өткіншіге айналып Балтекең бір күннің ішінде нашар басшының қатарынан шыға келді. Ол әрине барлығымыздың қабырғамызға батты. «Ауызы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін», — деген сөз әлі де күшінде ғой. Әліптің артын бақтық. Сонымен не керек, 11 мамыр күні Қаратау қаласында Талас ауданы активінің жиналысы өтті. Сол жиында біріктірілген Талас ауданының әкімі болып Әбдімаш Мәмешов тағайындалды. Бірінші орынбасарлығына Балтабай Бекежанов тағайындалды. Аппарат басшысы болып Тыныс Сейдуанов бекітілді. Шыны керек осы екі азамат мені Әбдімашқа мақтап, бұрынғы бас редакторлық қызметімде қалуыма бірден — бір себепкер болғанын айтуға тиістімін.
Міне, сөйтіп Әбекеңмен қызметтес болып шыға келдік. Қанша дегенмен ауылда өскен Жаңабай сопының әулетінен шыққан Мәмеш сияқты ұстаздың тәрбиесін көрген Әбдімаш қызметін әруақтарға сыйынудан бастағанын өз басым дұрыс көрдім. Сонау Қаратаудың күнгейіндегі бала Бөгеннің бойындағы иісі қазақтың мақтанышы, ұлы жүз тайпасының ұстыны Бәйдібек бабаның зиратына тәу етуге баруға Әбдімаш бастап Балтабай, Тыныс және Көктал акционерлік қоғамының президенті Керімбек Оязбеков, және осы жолдардың авторы бес адам Көсегеннің көк жонынан көктей өтіп, жолай Бес ананың зираттарына тәу етіп Бәйдібек бабаның кесенесіне де жеттік. Сол жерде құран бағыштап, Жаратқаннан жақсылығын тіледік. Қазақтың дәстүрінде бұл баға жетпес салт деп санаймын.
Сонымен, қызметіміз басталып кетті. Шынын айту керек, Әбдімаш Мәмешов өте қиын қыстау кезеңде басшылық тізгінін ұстады. Амалбек Тшановтың қала мен аудан қосылса өнеркәсіпті-аграрлы ауданға айналады деген ниеті жүзеге аспай қалды. Өндіріс орындары жабылып, ауыл шаруашылығы жекешелендіріліп, ауданымыздың ту-талақайы шықты. Қанша жерден білгір басшы болсаң да бұл сұмдықты тоқтату бір-ақ адамның қолынан келмейтін еді. Ол жоғары жақта ғой. Сөйтіп, ауданымыздың тағдыры қыл үстінде тұрды. Фабрика-зауыттарымызды Ресейдің, АҚШ-тың, Израилдың, Үндінің инвесторлары келіп жекешелендіреміз деп қожайындық жасап, ақырында бар нәрсемізден ажырап қалдық. Бірде ауданның қал-жағдайын жақсартамыз деп облыс басшысы Амалбек Тшанов және біздің Әбекең бар, сол кездегі үкімет басшысы Әкежан Қажыгелдин Қаратауға келетін болды деп бөркімізді аспанға аттық. Онымыз құр әурешілік болып шықты. Оның орнына сол кездегі өнеркәсіп және сауда министрі Өмірзақ Шүкеев, жекешелендіру жөніндегі комитет төрағасы Сарыбай Қалмырзаев және үлкен бір халықаралық корпорацияның вице-президенті Арипов деген әзірбайжан келді. Әлгі Ариповомыз қазақшаны қазақтан артық білмесе кем білмейді. Сонымен не керек, Амалбек Тшанов бар, Әбдімаш Мәмешов бар, комбинаттың бастығы бар «Молодежный» кенішінің алаңында ақыл-кеңес құрып, аудан-облыс басшылары комбинатты сақтап қалуға болады деп уәждерін алға тартты. Ол жерде мәселені жекешелендіру комитетінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаев шешті. Ол кісі қазір заман басқа, заң басқа фабрика-зауытты шетел инвесторларына бермей көзіміз ашылмайды деп бірбеттеніп тұрып алды. Оны Шүкеев қолдады. Сөйтіп, күткен үмітіміз ақталмады. Көп уақыт өтпей жатып қарқ қыламыз деп кеткен корпорация қарасын батырды. Шүкеев премьер-министрдің орынбасарлығына, Сарыбай Қалмырзаев Жамбыл облысының әкімдігіне тағайындалды. Міне, өмір осылай құбылып жатты.
Жекешелендіруге түскен ауылшаруашылығында жай-күйі болмай, мемлекет тарапынан берілетін көмектің жоқтығынан олар да тарап тынды. Қолында күші жоқ, техникасынан ажыраған совхоздарымыз шаруа қожалықтарына бөлініп берекесі кетті.
Әбдімаш қанша тырбанса да ауданның экономикасын қалыпқа сала алмады. Өмір өз дегенін істеді. Ақыры Әбекең өз еркімен қызметін ауыстырды. Мен білетін ақиқат осы.
Содан кейін Әбекең тіпті жұмыссыз да қалды. Қор басқарды. Ақырында бағы қайтадан жанып Жамбыл облысындағы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы қызметіне тағайындалды. Әлгі қызметте жүргенде мені де орынымнан алды. Балтабай Бекежановтың кабинетінде отырғанбыз. Екеуі сөйлесіп қалды. Мен тыңдап отырмын. «Сәулембайды орнынан алыпты. Маған оны қанша адамдар жамандады. Бірақ, қиянат жасамадым. Дұрыс істедім бе деймін. Ендеше оның маған өкпесі жоқ» дегенін естіп, бір масаттанып қалдым. Содан кейін де сәлеміміз түзу. Екі-үш мәрте кабинетіне барып бір шаруаларымды шешіп алғанымды несіне жасырайын. Әбекең «жоқ» демеді. Қолынан келгенше көмектесті.
Соңғы жылдары қызмет бабымен Тараз қаласынан Қостанай облысына ауысты деп естідім. Сол жақтан абыроймен зейнетке шығып, Астана қаласына тұрақтапты. Әрине туған өңірі Тараз және Қаратауды еш есінен шығармайды деп Әлішер айтып-ақ жүр. Оның үстіне замандастары Әбдімаш Мәмешовты Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағына лайықты азаматтың бірі деп атап та жүр. Несі бар, облысқа емес республикаға еңбегі сіңген азамат қой ол.
Міне, осынау салмақты, сабырлы мінезге бай азаматымыз Әбдімаш Мәмешов әлі де болса мемлекетке қызмет етіп жүр десек те болады. Ортамызда ойнап-күліп жүре беріңіз. Әбдімаш аға!
Сәулембай Әбсадықұлы,
ҚР-ның ақпарат саласының үздігі.
Суретте: (солдан оңға қарай Ә.Мәмешов, Т.Сейдуанов және Д.Қонаев пен Қ.Шейілбеков).