Балықшылар «Жартас» көлінде

0 4

Балық қорын молайтуға мүдделі

Қала іргесіндегі «Жартас» көлі өзінің әсемдігімен кез келген адамды баурап алатыны белгілі.
Қаратаулықтар мен қала қонақтарының мұнда атбасын бұрмайтындары сирек. Біраздары күннің аптап ыстығында суға шомылып салқындаса, балықшылар қауымы қолдарына қармақтарын алып, балық аулап дем алғанды ұнатады. Қысқасы, көлдің жағасы көпшіліктен бір босамайды.
Қаратау қаласы балықшыларының ұйымшылдығы мен ауызбіршілігі қазіргі таңда көпшілікке жақсы таныс. Олар балық аулаумен ғана шектеліп қалмай, ондағы балық қорын молайтуды және су айдынының сұлулығына да нұқсан келмеуіне мүдделі. Олардың барлық ниеті, көзқарастары осы бағытқа жұмылған.
Өткен аптада ғана қала балықшылары ұйымдасып, көлге алғашқы балықтарды жіберу шарасын жүзеге асырды. Бұл шара түн мезгіліне жүргізілсе де жанашыр жандардың қарасы көп болды. Жүздерінен қуаныштары айқын аңғарылады. Бұл түсінікті де еді, өйткені олар ортақ мақсат жолында жұмылып отыр.
Балықшылар ортадан 500 мың теңге көлемінде қаражат жинап, «Алтын бұлақ» балық шаруашылығынан 300 граммнан 1 келіге дейінгі аралықта 174 келі сазан, карп балықтарын сатып әкеліп «Жартасқа» жіберді. Олардың алды уылдырық шашуға қабілетті.
-Бұл біздің алғашқы қадамымыз,-дейді балықшылар қауымы,-күзге салым көлімізге тағы да балық жіберуді көздеп отырмыз. Мұндай шараны жыл сайын жүргізетін боламыз,-дейді олар бірауыздан.
Және балықшылар қауымы 1 келіге дейін қармаққа түскен балықты қайта суға жіберу жөнінде келісімге келген. Бұл көлдегі балық қорының одан әрі молайуына септігін тигізері сөзсіз.
Балықшылар қауымын алаңдатып отырған тағы бір мәселе- «Жартас» жағажайының тазалығы. Аптасына бір мәрте осы аймақта сенбілік өткізуге келіскен. Десе де демалушылар тарапынан да осындай жанашырлық болса дейді. Әртүрлі қоқыстарды әржерге бей-берекет тастамай, өздерінен кейін жинастырып алып кетіп отырса деген тілектері де төбе көрсетті.
Өйткені, көл ортақ, оған қатысты тазалықтың сақталуы да ортақ мақсатқа айналуы керек.
Сөйтіп, балықшылар «Жартас» көлінің нағыз жанашырларына айналып отыр.

Ұлана Омарова,
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің студенті.