Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен пресс-тур ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысына арналды. Баспасөз турына қатысқан облыстық «Jambyl», «Taraz 24» және «Aq jol» газетінің журналистері жеке кәсіпкерлердің, индустриялды аймақта орналасқан кәсіпорындардың жұмыс барысымен танысып, мәдениет саласы және қалада жүргізіліп жатқан құрылыстарға назар аударды.
БАҚ өкілдері алдымен аудан орталығында орналасқан «Adina» тігін цехында болды. Кәсіп иесі Гүлім Балықбаеваның мамандығы-модельер-конструктор. Ол бұған дейін Астана және Қарағанды қалаларында мамандығы бойынша жұмыс жасаған. Көзбен көріп көңілге тоқығандары мен жинаған тәжірибесі тігін цехын ашуға түрткі болған. 2,5 пайызбен несие рәсімдеп 4,5 млн. теңге кәсібін кеңейткен. Гүлім Балықбаева ұлттық киім үлгілерін тігеді.
Сонымен қатар, футболка, кепка және той көйлектеріне тапсырыс алады. Тігілген киімдердің бағасы да көңілге қонымды. Тіпті Астана, Қарағанды қалаларынан да тапсырыс берушілер бар көрінеді. Қазір кәсіпкер үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл туралы Гүлім Ауданалықызы пресс-тур барысында айтып берді.
Журналистерді «Нұр-Дос» жиһаз өңдеу цехының қолға алған жұмысы қызықтырмай қоймады. Жеке кәсіпкер Досбол Байжановтың сөзінше, олардың жиһаз жасаумен айналысып келе жатқанына 15 жыл уақыт болған. Қазір арнайы дүкен мен жиһаз цехын ашып, кәсіптерін кеңейткен. Өнімдерге негізінен Қаратау қаласы мен ауылдық округтің тұрғындары тапсырыс береді. Мұнда 8 адам жұмыс жасап жатыр. Еңбекақылары тұрақты.
Қаратау-өндіріс орындарымен танылған қала. Кеңес одағы кезеңінде фосфорит рудасын өндіретін тау-кен комбинаты жұмыс жасаса, қазір химия өнеркәсібі өркен жайып, кәсіпорындардың қатары артқан. Кәсіпорындардың көбеюі аудан экономикасына серпін беріп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға сеп болып отыр.
Қазір натрий цианидін және амоний сульфатын өндіретін «Talas investment company» ЖШС екінші кезеңінің құрылысын бастады. Зауыт іске қосылғанда өнім көлемі екі есеге ұлғайып, жылына 30 мың тонна натрий цианидін шығарады деген жоспар бар. Қазір мұнда 700 адам жұмыс жасайды. Кәсіпорынға тартылған инвестиция көлемі 42,9 млрд. теңгені құрайды. Іргелес орналасқан натрий просульфатын өндіретін «Karatau chemicals» ЖШС-нің іске қосылғанына да көп болған жоқ. 60 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 254 мың тонна өнім өндіруге қуатты кәсіпорын қазір тәулігіне 20 тонна өнім шығарып отыр.
Бақ өкілдері аталған кәсіпорындарды аралап, операторлар бақылап отырған мониторлардан химиялық реакция арқылы өнімді шығару процесімен танысты.
Мұнан соң пресс-тур Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында жалғасты. Журналистерге аудандық мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен қолға алынған бастамалар жайлы баяндалды.
Сонымен қатар, қаладағы қайта жаңғыртудан өтіп жатқан көппәтерлі тұрғын үйлер мен көше жолдарының құрылысы және балалар ойын алаңшасының сапасы таныстырылды.