Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Түрлі жаңа технологияларды тез меңгеретін, жаңашылдыққа дайын болатын, жаңалықтар мен тың идеяларға серпін беретін қоғамның ең өзекті бөлігі жастар екендігі даусыз және де қоғамның ең иілгіш және сенгіш тобы деп айтсақ та артық болмас.
Тәуелсіз еліміздің ғұмырында дін саласы көптеген өзгерістерге сеп болып келеді. Жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. Жастардың рухани және діни сауатты болуы – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Көп нәрсе білімсіздіктен туатыны даусыз.
Өкінішке орай, теріс діни ағымның ығына жығылған жастарымыздың саны бір кездері күрт өсті. Жаһандану дәуірінде түрлі рухани қауіп-қатерлердің бар екендігі және жастарды «бұқаралық мәдениеттің» зиянды әсерінен қорғау маңызды рөл атқаруда. Сондықтан келешек және жас ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін дұрыс қалыптастыру, оны түрлі қауіп-қатерлерден қорғау, сананы көтеру – рухани-ағарту саласындағы басты мақсаттардың бірі.
Жастарымыздың жат діни ағым жетегіне кетудің ең алғашқы, басты себебі – діни сауаттылық. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, эмоционалды сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Жат ағым жетегінде жүрген азаматтардың басым көпшілігінің діни сауаты жоқ.
Келесі бір жастарымыздың адасуына себепкер – ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Өкінішке орай, әлеуметтік желілер мен ғаламтор беттерінде тыйым салынған ағымның уағыздары, экстремистік сипаттағы топтардың әлеуметтік желілерде, адамды қызықтыратын түрлі материалдармен бөлісуі, жастардың ақпараттарды дұрыс сүзгіден өткізе алмауы адасуға әкеліп соғуда. Әлеуметтік желілерде ақпараттардың ашық болуы, әр алуан мағлұматтардың көптігі жастарымыздың санасының улануына себепкер болуда.
Тағы да бір әсер ететін фактордың бірі – психологиялық күйзеліс. Жас кезінде алған кейбір психологиялық соққы, болашағының бұлыңғырлануына себепкер болуы әбден мүмкін. Ағым өкілдері арасында азаматтың бұрынғы өмірі маңызды емес екендігін түсіндіріп, сынақ екенін айтып жанын тыныштандыру арқылы сеніміне кіріп, бауырмалдық сезімін ұялатады. Жақын адамы көрсетпеген жан жылулығын, өзгеден табу арқылы өзінің қалай ағым мүшесі болғанын білмей қалған жәйттер кездесіп жатады.
Жоғарыда көрсетілген түрлі факторлардың шешімін тауып, жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беру – аға буынның міндеті. Қоғам арасындағы ең белсенді және әлсіз, сенгіш, өмірді тануға деген қызығушылығы жоғары жастардың тобына сенім білдіріп, қолдау керек. Барлық мәселелерді жастардың жауапкершілігіне артпай, қандай жағдайда да аға буын көмек қолын созуы керек деп ойлаймын. Сонда ғана жастар діннің адалдығына еремін деп, жат пиғылды теріс діни ағымдардың алдауына түсіп қалмайды деп білемін.
Дильназ Бекбосын,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің 3- курс студенті.
Алдыңғы жазба
Келесі жазба