Бостандықтың қарбызына сұраныс көп

0 29

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».

Елімізді өзге өңірлер Бостандық ауылын басқа емес, тіл үйірер тәтті қарбызы арқылы біледі. Расымен, құнарлы топыраққа егіліп, Таластың суымен өнген қарбызға таңдау танытатындар көп-ақ. Алайда, кейінгі жылдары өзен суының тартылуы бақша дақылдарын сеуіп, нәсібін жерден айырған шаруаларға оңай тимей отыр. Қолдағы кәсіптің берекесі табиғат жағдайы мен ағын суға қарағандықтан шаруалардың кейбірі иелігіндегі бақша жерлерін шамалап пайдалануға көшкен. Алайда, істің көзін тауып, су үнемдеу технологиясын қолға алушылар да жоқ емес. Тәжірибемен дәлелденген, мұндай тиімді тәсілді әсіресе Бостандық ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтары жақсы игерген. Солардың бірі-«Рәтбек» шаруа қожалығы.
Шаруа қожалығы биыл ғана құрылғанына қарамастан, төрағасы Ербол Мейірбеков иеліктегі аумаққа бақша дақылдарын отырғызып, табысты адал еңбектен айыруға тәуекел танытқан. Жерге дән егіп, күтіп-баптау айтуға оңай болғанымен, атқаруға ауыр жұмыс. Машақаты көп, қиындығы жетіп артылады. Мұны жер танып өскен шаруалар жақсы түсінеді.
Биылғы маусымға «Рәтбек» шаруа қожа­лығы 32 гектар аумаққа бақша дақылдарын отырғызған. Оның 10 гектары картоп, 2 гек­тары қызанақ, 20 гектарын қарбыз құрайды.
Алқап басында қазір қарбалас жұмыс. Өйткені ерте көктемде еккен қарбыз пісіп, сабағынан жұлынып, саудаға шығарылып жатыр. Соған сәйкес Бостандықтың құнар­лы топырағынан өнген өнімге сұраныс білдірушілер де көбейді Олардың арасында Тараз қаласынан тапсырыс берушілер мен Шымкенттен жетіп Алматыға қарбыз артып жатқан кәсіпкерлер де бар.
Бақшаның басынан алынған өнімнің нарық құнынан төмен болатындығы белгілі. Көтер­ме бағамен саудаланып жатқан қарбыздың бағасы алушылардың да қызығушылығын тудырып отыр.
Қазір қалада іргелес Өрнек (Крупская) ауылының қарбыздары саудаға шығарылып жатыр. Алайда, тұтынушылардың арасынан Бостандықтың өнімін сұрайтындар көп.
— Бала кезімізде сауда қазіргідей қанат жаймаған. Таңдағанымызға қолымыз жете бермейді. Сырттан емес, осы өзіміздің Бостандықтың қарбызын жеп өстік. Түрсек тарс етіп, жарылуға дайын тұратын қарбыздар қандай еді? Басқа емес, өзім жаз түссе болды Бостандықтың қарбызын сұрастырамын. Тіпті болмағанда көлік жалдап тікелей бақшашылардан алуға тырысамын.
Байқаймын қаламызға Бостандықтан қарбыз аз жеткізіледі. Көбірек саудаланса, сұраныссыз қалмайды білемін. Өзіміздің өнімді пайдаланғанға не жетсін,-дейді қала тұрғыны Аманбек Тұрғынбеков.