Бағдарламаға ауылдық-елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген мамандар қатыса алады. Бірақ нақты салалар белгіленген.
Олар:
— денсаулық сақтау;
— білім беру;
— әлеуметтік қамсыздандыру;
— мәдениет;
— спорт;
— агроөнеркәсіптік кешен мамандары;
— ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері;
Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жыл сайын өз елді мекеніне қажетті мамандардың тізбесін жасап отырады. Осы тізім бойынша жұмысқа келген адамдарға жеңілдетілген кредиттер мен жәрдемақы беріледі.
Бұған дейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында берілетін кредиттердің ең жоғары сомасы 1500 АЕК (5,5 миллион теңге) болса, биылдан бастап оның мөлшері 2000 АЕК-ке (7 миллион 384 мың теңгеге) дейін өсті.
Кредиттің шарттары:
мөлшерлеме 0,01%-ға тең (ЖТСМ – жылдық 0,01%-дан басталады);
мерзімі – 15 жыл.
Негізгі талапқа сәйкес, кредит алған адам ауылдық жерде өз мамандығы бойынша кем дегенде 3 жыл жұмыс істеуі керек.
Құжатты қалай тапсырады:
2023 жыл 1 сәуірден бастап Отбасы банкі «Дипломмен ауылға» жобасының сенімді агенті болып бекітілді. Сондай-ақ бағдарлама толығымен цифрлық форматқа ауыстырылды. Осыған байланысты барлық өтінім otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданады.
«Дипломмен ауылға» жобасына қатысуға өтінім беру үшін алдымен otbasybank.kz порталында тіркелу керек. Одан кейін электронды-цифрлық қолтаңбамен өтінімге қол қою қажет.
Е.Жұмағұлов,
Талас ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы.
Алдыңғы жазба
Келесі жазба