Ел еңсесін еңбегімен көтерген тұлға

0 4

Өмір жолы өнегеге, қызметі құрметке толы азаматтар бар. Олар – туған елінің өсіп-өркендеуіне тер төгіп, бар саналы ғұмырын халыққа адал қызмет етуге арнаған тұлғалар. Солардың қатарында елі үшін ерен еңбек еткен азамат, Талас өңірінің таңдаулы ұлдарының бірі Мақсұт Жалаловты айтар едім.
Мақсұт Жалалов – халқына еңбегімен танылған, аудан, облыс жұртшылығы алдында хал-қадірінше қызмет етіп, ауыл шаруашылық саласында өзіндік із қалдырған азамат болды. 1940 жылдың қаңтар айында Талас ауданына қарасты Үшарал ауылында дүниеге келген ол еңбекке ерте араласты.
Мақсұт ағам 1957 жылы «Үшарал» орта мектебін аяқтап, сол жылы Алматы қаласындағы мал дәрігерлік — зоотехникалық институтына жеңілдікпен оқуға түседі. Мал дәрігері деген мамандық алып, 1962 жылы туған ауылына оралады. Елге келген бойда аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас маман болып жұмыс істейді. Кейін «Кеңес» кеңшарында ұзақ жылдар бас мал дәрігері қызметін атқарып, жергілікті мал шаруашылығының өркендеуіне үлкен үлесін қосады.
Мақсұт ағамның ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі еленіп, ол 1971-1975 жылдары Қазақстан Компартиясы Талас аудандық партия комитетінде нұсқаушы, 1975-1981 жылдары Қызыләуіт кеңшарының партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарады. Ал, 1981-1985 жылдары аудандық мал дәрігерлік емдеу стансасының бас дәрігері болды. Іскерлік пен жауапкершіліктің үлгісіндей азамат 1985-1994 жылдары «Талас» асыл тұқымды мал зауытының директоры, ал 1994-1995 жылдары «Талас» АҚ-ның тұңғыш президенті болып тағайындалып, өмірінің соңына дейін сол қызметте табанды еңбек етті.
Табиғаты қатқыл да қуаң Талас жері Мақсұт Жалаловтың болмысын еңбекке ерте баулып, бекзат бітімін жасады десем, артық айтқандық емес. Өңірдің тыныс-тіршілігіне туабітті жіті қанып өскен ол елде жүріп -ақ шаруашылыққа араласты. Өрелі азамат болып қалыптасты. Іскерлігін өмір танытты. Сол іскерлігі мен біліктілігі арқасында ауданның қай саласында болмасын тың қадамдар жасады. Тапсырылған міндеттерді тыңғылықты орындауға тәрбиеленген ол өзінің биік адамдық қасиетінен бұлжымады.
Дүйім дүниеге танымал болған «Талас» асыл тұқымды қаракөл қой зауытының директоры, президенті қызметтерінде жүріп білімділік, өндірістік тәжірибе, принципшілдік қасиеттері оның жоғары қызметтерге көтерілуіне қозғаушы күш болды. Одақта саусақпен санарлықтай болған асыл тұқымды алып шаруашылықты Соцалистік Еңбек Ері, бірнеше дүркін Қазақстан, КСРО Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, КОКП съездерінің делегаты болған Әбдір Сағынтаевтан соң басқару аса мәртебелі, жауапты әрі күрделі жұмыс еді.
Мақсұттың өзгеше бір қасиеті әр істі асықпай, кеңінен кеңесіп, дұрыс шешім қабылдауға талпынысы еді. Ол қандай да бір жаңа қызметке келгенде кадрларды жаппай ауыстырып, басы артық қозғалыс жасамады. Зауыттың сол кездегі бас зоотехнигі Оразбек Әбдраимовпен және «Талас» ЖШС-нің басшысы Жүніс Ахметовпен бірге шаруашылықтың барлық дерлік тетіктеріндегі басқарушы маман кадрларды орын-орнында сақтай отырып, ілгері басудың жолдарын қарастырды. Шаруашылық міндеттерін білікті кадрлар- Тоқтасын Дүйсенбиев, Сәрсембек Жамансариев, Сүлеймен Мәйкенов, Шекербек Әсемов сынды кісілермен ақылдаса отырып, сындарлы талдау жасап, алда тұрған межелерді жаңа тұрғыдан шешуге, жаңа арнаға бұруға дұрыс жол таба білді. Ауылдың, ел мен жердің қамын күйттеп, халқымен мүдделес болды. Астам сөйлеп, асыра сілтеуге бармайтын. Еңбек жолында ілгері басудың тетіктерін үзбей іздестірумен болды.
Кеңес үкіметі құлап, бүтіндей қоғамдық құрылыс түбегейлі өзгерістерге тап болған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезіндегі қиын сәттер оны қайрай түсті. Елдегі шаруашылық құрылымды, басқару жүйесін өндірістік- экономикалық жаңа қатынасқа көшірудегі қиындықтарға төтеп беріп, шаруашылықты меңгерудің жаңа үрдісіне ұласа білді.
Өтпелі кезеңдегі жаңа өндірістік тәсілдер жүйесі анықталып, шаруашылықтың әлеуеті сенімді серпін ала бастаған тұста туындаған тосқауылдар мен кедергілерді жеңу мүмкіндіктері дер кезінде қарастырылды. Сол кездегі басшылық құраммен бірге Мақсұт Жалаловта кешенді мәселелерді ауыл азаматтарымен тізе қосып шешті, жан-жақты зерттеп, әрекет етті. Тосын қиындықтарға төтеп бере білді.
Таразыласақ атқарылған істер аз болмапты. Ойласам, бұл кезең Мақаңның қайратының қайралған, нағыз кемел кезі болған екен. Әттең… Осындай азамат өмір көшінің орта жолында, жайқуат жағдайда жүріп-ақ арамыздан ерте кетіпті. Ол көзі тірісінде өзі атқарған әрбір істе ел мүддесін бәрінен жоғары қойып, шын мәнінде халықтың сеніміне ие бола білді. Іскерлік, адалдық, ұйымдастырушылық қабілет – оның болмысына тән басты қасиеттердің бірі еді. Көңілге медет тұтарымыз, артында әке жолын қуып, ізін жалғаған ұл- қыздары бар, олардан өсіп-өнген ұрпақ бар.
Әмина қажы Жалалқызы,
журналист.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.