Ел игілігіне бағытталған маңызды жоба

0 27

«Tt» — ақпарат».
Жамбыл облысының Талас, Жуалы және Жамбыл аудандарының елді мекендерін табиғи газбен қамту – көптен күткен қуанышты жаңалық. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жүзеге асқан ауқымды жоба аясында табиғи газды іске қосудың салтанатты рәсімі өтті.
Талас ауданы Майтөбе ауылында өткен салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков жобаның әлеуметтік маңызына, халықтың өмір сүру деңгейін арттырудағы рөліне тоқталып, мемлекеттің ауылдық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға бағыттаған қолдауын атап өтті.
Шара барысында сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тұңғатов, «ҚазақГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы басшысы Бақтияр Көпбосынов, Берікқара ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Сатыбалдиев сөз алып, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылып жатқан газдандыру жобасының әлеуметтік маңызын, тұрғындар игілігі жолындағы істің болашағы үлкен екенін жеткізді. Мұнан соң, алау жағылып, ауыл ақсақалдарының батасымен жоба ресми түрде іске қосылды.
2023–2025 жылдарға арналған бұл жоба аясында облысымызда жалпы саны 9 елді мекен – 944 тұрғын үй табиғи газға қосылып отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындарды қатты отынға тәуелділіктен арылтып, тұрмыстық жағдайды жақсартуға, экологиялық қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, газбен қамтылған ауылдардағы әлеуметтік нысандар – мектеп, балабақша, емхана, мәдениет үйлері де жылумен тұрақты қамтамасыз етілуде.
Аталған жоба ел Президентінің ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларының нақты орындалуының көрінісі. Бұл бастама елдің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдардың өркендеуіне тың серпін береді. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған игі іс ұзақ мерзімді игілік әкеледі.